Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жылдам әрі тиімді алудың жолы

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жылдам әрі тиімді алудың жолы

Елбасымыздың биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында ерекше назарды мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыруға аудару қажеттілігін атап өткен болатын.

Ал, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы міндеттерін, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында мемлекеттік органдардың (ведомствоға бағынышты ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың) процестерін, оның ішінде халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды бағыттарының бірі болып анықталған.

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі Заңы 1-бабының 14) тармақшасына сәйкес, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган болып табылады.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде халықтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ету белгілерінің бірі болып әкімшілік кедергілерді азайту, халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету тиімділігін арттыру және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету екендігі баршамызға мәлім.

Қазіргі қоғамда мемлекеттік қызметтің қоғам өмірінде үлкен орын алады. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының деңгейі еліміздің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты, көптеген шет мемлекеттер мемлекеттік қызмет көрсету сапасының жоғары болуына және осы саланың дамуына үлкен мән береді.

Қазіргі уақытта заманауи ақпараттық-технологиялардың мүмкіндігі зор. Мамандардың айтуынша, оның ең сапалысы – цифрлы технология. Қай салада болмасын, бұл технология жұмысты жеңілдетуге бірден-бір ықпал етіп отыр.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының 2017 жылғы 11 қыркүйектегі хаттамалық тапсырмасына сәйкес, 2018 жылғы 25 қаңтардан бастап қызмет алушылардың Халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруын қажет етпейтін, «электрондық үкімет» веб-порталында қызмет алушының СМС келісімі бойынша үшінші тұлғаның анықтамалар алу сервисі іске қосылды.

Осыған байланысты, аталған сервистің қолжетімділігі мен тиімді тұстарын қоғам арасында мейлінше кеңінен танымал ету, сервисті жаппай қолдану және электронды мемлекеттік қызметтердің тиімділігін халық арасында, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер арасында кеңінен насихаттау мақсатында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Мысалы, ағымдағы жылғы тамыз айының басында Департаментпен үшінші тұлғаның анықтамалар алу сервисін жаппай қолдану үшін облыстағы барлық жергілікті және орталық атқарушы органдарының ведомствоға бағынышты ұйымдардың (білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары және т.б.) қызметшілерінің жеке телефон (ұялы байланыс) нөмірлерін мобильді азаматтар базасына, сондай-ақ электронды цифрлық қолтаңба арқылы «электрондық үкімет» веб-порталына тіркелуін (жеке кабинет ашуын) қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер, қызмет көрсетуге жауапты тұлғалар және қызмет алушылардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында Департаментпен Сервисті қолдану бойынша арнайы брошюра жасақталып, мемлекеттік органдарға қосымша ұсынылды. Мұндай түсіндірме іс-шаралары барлық жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен өткізілді және алдағы уақытта өз жалғасын табады.

Қоғам мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қарай отырып, мемлекеттік қызметке деген өз бағасын береді. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қаншалықты жақсартуға, оны арттыруға бағытталған шаралар қабылдаса, соншалықты мемлекеттік қызметтің беделі бұдан әрі дами түсетіндігін іштей сезінуі тиіс.

 Ерлеген Мендалиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0