Жастарды қолдау — ел болашағына деген қамқорлық

Жастарды қолдау — ел болашағына деген қамқорлық

Еліміздің тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев алғашқы күннен-ақ Қазақстанда білікті мамандар даярлау мен білім саласын әлемдік стандарттарға сай реформалау мәселесіне баса назар аударды. Тәуелсіздікті баянды етуде білімнің маңыздылығын жете түсінген Елбасы осы салаға барынша қолдау көрсетті. Мемлекеттің қалыптасып дамуында ғылым мен білімнің шындығында да баға жетпес үлкен рухани қару екендігін, тек рухани қару ғана емес, сонымен қатар аса зор өндіргіш күш екенін білуіміз тиіс. Білімнің қуатына тең келетін басқа идеялық — рухани күш, қуат көзі жоқ екені белгілі. Өйткені, білім — тек ғылымның іргетасы ғана емес, сонымен бірге іргесі берік мемлекет болудың күре тамыры, ел дамуының алтын қаруы. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толастамайды.

Елбасымыз өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында назар аударған тағы бір маңызды мәселе — ол педагогтардың сапасы мен біліктілігін арттыру. «Қазақстан — 2030» Стратегиясында Елбасы: «Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты», — деп айрықша атап айтса, биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты», — деп білім беру саласын дамытудың қаншалықты маңызды екендігіне жұртшылықтың назарын аударды.

Білім саласының қызметкерлерінің бүгінгі таңда жауапкершілігі мен маңызы күшейіп отыр. Өйткені, сапалы білім беру елімізді индустрияландырудың және инновациялық даму жолына түсірудің басты алғышарты болып табылады. Білімсіз қоғамда прогресс, жаңа өрлеу мүмкін емес. Н.Назарбаевтың сөзімен айтқанда, қазіргі уақыт адамзат биігін білекпен емес, біліммен бағындырудың заманы. Бүгінгі жас ұрпақ мұны анық сезініп, білім бұлағынан молынан сусындауға зейін қоюда. Жастар өз күш-жігерлерін, білімдерін тәуелсіз елінің гүлденуіне жұмсамақ.

Білімнің негізінде болашаққа деген шынайы сенім мен үкілі үміт, өз халқына деген ізет-құрмет пен қадір-қасиет жатқанын Елбасы жақсы түсінді. Ол тәрбие мен оқу-білімді егіз дүние ретінде қарастырып, тәрбие арқылы берілетін білімнің болашағы әрқашан баянды болатынын назарынан ешқашан тыс қалдырмады. Өркениет көшіне бет бұрған қыруар істің алатын арқауы болып есептелетін ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші білім десек, қателеспейміз. Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарындағы тәрбиенің негізгі мақсаты — жастардың бойында азаматтық пен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін дәріптеуге, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге, Конституцияға және қоғамға қарама-қайшы келетін әрекеттерге төзбеушілікке тәрбиелеу. Тәрбие қазіргі өзгермелі, сан салалы, көпмәдениетті, көпэтникалық үлкен өмірге енуге дайын қабілетті, тұлғаның дамуына бағытталған және рухани құндылықтарының негізінде құрылады. Тәрбие жұмысы — ол арнайы ұйымдастырылған қалыптастырушы үрдіс және ізгіліктілікті қабылдайтын, әлеуметтік құндылықтар мен азаматтық мінез-құлық үлгілері бола отырып, тек ғылыми негізделген тәрбие жүйесінің аясында ғана өзін іс жүзінде көрсетіп, өзін-өзі қалыптастырған тұлға үлгісіне жағдай жасайды. Қазіргі уақыт талабы жаңаша дүниелік көзқарас тұрғысынан жаңаша ойлап, шешім қабылдай алатын, креативті ойлау қабілеті дамыған тұлғаны, өз елі мен жерінің, туған тілінің жанашырын дайындауды міндеттеп отыр. Бұл міндет жаңа уақыт талаптарына төтеп бере алатын, кәсіби білікті, бәсекеге барынша қабілетті, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісінің өзектілігін алға тартады.

Елбасы 2018 жылғы Жолдауында: «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс.Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс.Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек»-деп атап өткен болатын.

Бұл орайда өңіріміздегі білім ордасы-Ш.Есенов атындағы КМТИУ де Елбасы алға қойып отырған мақсаттар шеңберінен тыс қалмақ емес. Еңселі білім ордасында бүгінгі таңда бес мыңнан астам жастар білім алуда. Білім алушылардың 80 %  жергілікті және еліміздің түпкір-түпкірінен келген жастар болса, 20% -н шетелдік азаматтар құрайды.

Бүгінгі таңда еңселі білім ордасы жоғары білім саласындағы орын алып жатырған оңтайлы реформаларды білім үрдісінде енгізуші алдыңғы қатарлы отандық жоғары оқу орындары қатарында иық тірестіріп келеді. Елбасы жолдауында көрсетілген  басымдықтар мемлекеттің алдына қойып отырған мақсаттарына негіз болып отыр. Олардың қатарынан жоғары білім беру жүйесін жетілдіру мен жастарға қолдау көрсету мәселелері орын алып отыр.

Жастарды қолдау, олардың әлеуметтік тұрғыда қамқорлық сезіне алу мүмкіндіктеріне Есенов университетінде барынша жағдай жасалған дей аламыз. Жоғарғы оқу орнындағы оқу үрдісі әлеуметтік, тәрбиелік бағыттағы іс-шаралармен сабақтастықта біте қайнасқан. Өйткені тәрбие мен білім ажырамас, бір-бірін толықтырушы тұтастықта қаралатын ұғым. Осы орайда университеттің білім алушыларына бірнешелеген бағыттар бойынша әлеуметтік қолдаулар көрсетілуде.

Әлеуметтік қолдаулар жастар саясаты стратегиясында көрсетілген бағыттармен үндестікте жүзеге асуда. Университет студенттерінің дамуына әсер ететін факторлардың бірі –  жақсы инфрақұрылым. Қазіргі таңда, университет білім алушылары 450 орындық және 500 орындық барлық мүмкіндіктері қарастырылған жатақханалармен қамтамасыз етілген. Университет кампусы заманауи стандартта салынғанмен оны әрі қарай дамыту жұмыстары жандандырылуда. Жастар жылында әрқайсысы 500 орындық 2 студенттік жатақхана, спорт кешендері, Жастар сарайын салу, университет ғимараттарында студенттердің демалыс орындарын жасақтап, безендіру қолға алынуда.

Соңғы заманауи құралдармен қамтылған, спорт түрлері бойынша жабдықталған бірнеше жаттығу залдары бар «Ақтау-Сұңқар» спорт кешенінде білім алушылар үшін 12 түрлі спорт секциялары тегін жұмыс жасайды. Жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап өз мүмкіндіктерін жетілдіруге бағытталған 5 түрлі шығармашылық үйірмелері ұйымдастырылған.

Білім ордасының креативтілік, ықыластылық, ашықтық қағидаларын ұстанатын жалынды жастарының бір ортаға біріккен «Union» өзін-өзі басқару ұйымы құрылып қазіргі таңда біршама игі шараларға мұрындық болуда. Университет деңгейінде «2019 жыл «Жастар жылы» жастар саясаты саласында атқарылатын іс-шаралардың Жол картасы жасақталып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жалынды жастарға арналған дәстүрлі «Yessenov fest» студенттік көктем фестивалі аясында біршама істер атқарылып келеді. Осы «Yessenov fest» студенттік көктем-2018 фестивалі шеңберінде өткізілген республикалық дебат турнирінің жеңімпаздарына әлеуметтік қолдаулар көрсетілуде: 1-орын иегері болған 2 студент оқу ақысының 100%, 2-орын иегері болған 2 студент 75%, 3-орын иегері болған 2 студент 50% жеңілдікпен білім алу мүмкіндігін алды. Сонымен қатар унивеситетте білім алушыларды әлеуметтік қолдау мақсатында «Білім алушылардың әлеуметтік Қоржыны» қарастырылған. Аталған құжат бойынша көптеген бағыттарды қамтитын жеңілдіктер қарастырылған, оған ие болу үшін қойылатын талап біреу ғана-оқуда зейінділік танытып, үздіктер қатарында болу.

Негізгі мақсаттардың бірі – талантты жастарды университетке тарту. Бұл бағытта университетке түсушілерге кең көлемде жеңілдіктер қарастырылды. Алғаш рет білімді жастардың Есенов университетінде шоғырлануына мүмкіндік беретін Есенов Олимпиадасы ұйымдастырылып, олимпиада аясында 18 жүлделі орын белгіленді: 6 адамға – 100 пайыз грант, 6 адамға – 75 пайыз, 6 адамға 50 пайыз жеңілдіктер беріледі. «Менің таңдауым-Есенов» лозунгы аясында 126  жастар бүгінгі таңда оқу ақысына қарастырылған жеңілдіктер арқылы білім алуда.

Ел ертеңi — бiлiмдi жастар. Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi. Ендеше жастар еңбек жолына түскенде ғана қоғамын өрге бастыра алады. Отаншыл халық жастары болмаған елдiң болашағы қараңғы. Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты — жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. Олай болса, бүгінгі жастарымызға көрсетілген қамқорлық ол еліміздің ертеңгі болашағына жасаған қамқорлығымыз болмақ.

Р.К. Абилшеева, Ш. Есенов атындағы КМТИУ «Құқықтану» кафедрасы меңгерушісі, доцент

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0