Абай және XXI ғасырдағы қазақ әлемін Президент жаңаша жеткізді

Абай және XXI ғасырдағы қазақ әлемін Президент жаңаша жеткізді

Хәкім Абай туралы тағылымды дүние айтқан Президент интеллектуалдық коммуникацияға қазірден ден қоюымыз керек деген ой тастады. Маған осы тұсы ерекше ұнады. Енді қараңыз, қазір әлеуметтік желінің күшейіп, интернеттің арыны дес бермей тұрған уақыт. Адамзаттық құндылықтар, ұлттық тәрбие, рухани сабақтастық деген дүниелер ысырылып, жағаға шығып қалды. Бұл, әлемдік үрдіс. Бірақ, әр елдің одан сақтану мүмкіндіктері әр түрлі емес пе?! Қазақтығымызды жоғалтпасақ, ұлттық иммунитетімізді сақтасақ бұл кедергіден де өтерміз деген салмақты ой жатты. Алайда, бізге сіңген, мүмкін, жұққан (кірме) дерттен дендеп кеткен түрі – осы жалған  популизмнен құтылу, мұның кесірі жаман. Мұқым елді шатастырып, ақиқат пен жалғанның орнын ауыстырып, адам санасын адастырады деген ойын Абай атамыздың пікірімен ұштастырды.

Рас, бұл дерт сонда Абай дәуірінде бар екенін бұрын білсек те елемеген екенбіз. Қазіргісі, түрленген, психологиялық жаңарған түрі екен ғой деген ой мені де мазалады. Міне, сананы өзгерту деген осындай мотивациялық ойлардан басталады. Екінші бір тұсы, қазіргі ғылымның мүмкіндігі, ізденісте жүретін адамның тереңдігі, кемелдігі, парасат-пайымының өсетіндігі туралы айтқаны жүрекке жылы тиді. Мүмкін, өзім ғылым жолында жүргеннен кейін шығар.

Президенттің сөзінен үзінді келтіре кетейін: “Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет.

Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында.” Соңғы сөйлемге мән берсек, дәл бүгінгі болмысымыз жазылған. Бояуы бір, тек, уақыты басқа. Қазір де солай емес пе?! Әлеуметтік желіге кіріп алып, желпініп, күпініп, таяз ойымызбен елді адастырып, сананы шатастырып, “Батыр” атанғысы келетіндер осы арамызда өте көп. Көңілге келмесін, ақиқат осы. Егер, өтірік пен өсекті жойып, нақты іске кіріспесек, адами әлеміміз жұпыны қалады?! Ондай жерде мардымды іс, береке қалмайды. Кейде, Шығыс халқында ежелден сақталған құндылықтар неге жойылып барады?, деген сұрақтар мені мазалайды. Расында солай, еріншектік, жалқаулық бізге жат дүние еді. Қазіргі замандастарым жеңіл, өтті-кетті дүниелерге үйір болып барады. Тым ұят, кейде шетелдік әріптестеріммен кезіге қалсам, қысылып қаламын. Өнер неге тым арзандап кетті. Уақыт талабы десек те, арзан қол дүниелер тез өтеді. Сұраныс жоғары. Бүгінгі Абай қайда жүр? Интеллектуалды ұлт болып ұйыссақ деген жоспар қайда қалды? Осы сұрақтар мені мазалаған. Бірақ, Президенттің пікірінен мінбердегі Тұлғаның жанашырлық сезімін байқадым. Бір жасап қалдым.Енді, сөз қумай, сыңаржақ пікірден ада болып, іске кіріссек! Менің тілегім осы. Расында, ақын елді өнерді игеруге шақырды. Ұлттың өресі биік, тамыры терең болуы үшін қажырлы еңбек, биік талғам керек деген ойын қалдырды.          Әл – Фараби атамыз былай дейді. “Қайырымды қала тұрғындары сондай ықыласты, бір-біріне құрметі зор, адами пайдасы тиетін қауым санатына жатады. Әсіресе, билік өкілдері тұрғындарға қарайласып, мұқтаждық туғызған мәселелерін тез арада шешіп береді”

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы осы тізбекті әрі қарай былай өрбітеді. «Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Осылайша, Абай атамыздың әділетті қоғам орнату идеясының Әл-Фараби құндылықтарымен сабақтасатын тұстарын әдемі жеткізеді. Президент әрі қарай, билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабылдаған кезде азаматтардың ұсыныстары мен тілектерін ескеруі керек -дейді.  Бұл жерде ата-баба аманатына адалдық керек деген месседж байқалады. Былайша айтсақ, ой тастап отыр. Абай атамыз “Келелі кеңес” жоғалғанын жазбасында қалдырса, қазіргі Ұлттық кеңеске артылатын жүкті қара нардай, қайыспай көтеру керек , дейді Президент.Ұқсастық бар ма? Бар! Мәтіндік деп ойламаңыз. Саяси идеясы, тартқан тамыры, қайнар бастауы бір екеніне көз жеткіздік. Алайда, Ұлттық кеңестің қаншалықты тарихи ақиқатқа негізделгенін уақыт көрсетеді. Хәкім Абай туралы тағы бір принипті мәселе, бұл – толық адам болу. Адам болып өмірге келген соң, надан болмау. Сол адами жүкті дұрыс көтеру, жауапкершілікті тең ұстау принципі. Мемлекет басшысы да осыған жақсы талдау жасады. Бүкіл бизнес орта, мемлекеттік қызмет, қоғамдық институттар т.с.с құрылымдар осындай іргелі принциптерге негізделген жұмыс жасауы керек дегенді баса айтты. Қысқасы, Президент Абайды айта отырып, елді рухани біріктіріп, алға сүйрейтін құндылықтарға тоқталды. Қоғам соларды бағдаршам ретінде қабылдау керек деген ой тастады.

Пікірімді түйіндей келе айтатын болсам, Абай рухани тұтастық пен адамдық ұстанымдарды ұлттық мінезге салған Тұлға ретінде тарихта қалғанын Президент әдемі жеткізді. Абай тақырыбы нәзік, өте сезімтал тақырып. Ол науқаншылдық пен бір сәттік ләззатпен шектелмейді. Оның ауқымы кең, бұл жаңа кеңістіктерге жол ашатын рухани есік деген ойым осы жолы да нақтыланды. Ендігі кезек Президент айтқан Абай шығармаларын жаңғыртып, рухани айналымға енгізу.

А. Ертілеуова, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің магистранты 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0