Астана мен Алматыда «Бүгінгі француз киносы» кинофестивалі өтеді

Астана мен Алматыда «Бүгінгі француз киносы» кинофестивалі өтеді

22 және 25 сәуір аралығында Қазақстанда көрермен назарына француз кинематографының ең үздік туындыларын ұсынатын сегізінші «БҮГІНГІ ФРАНЦУЗ КИНОСЫ» кинофестивалі өтеді.

Биыл Фестиваль алғаш рет бірден екі қалада – Астана мен Алматыда өтеді. Бағдарламаға кірген фильмдер алуан түрлі жанрларды қамтиды: шытырман оқиғалар, биопик, Пьер Ришар мен Кристиан Клавье ойнайтын комедия, Катрин Денев ойнайтын мелодрама және «Кабачоктың өмірі» анимациясы («Оскар» сыйлығының номинанты). Сонымен қатар қазақстандық көрермен әдеттегідей «Қысқа метр» бағдарламасын тамашалайды. Биыл аталмыш бағдарлама аясында 15 туынды ұсынылады.

Фестивальдің ашылуы (Алматы) мен жабылуы (Астана), сондай-ақ оның негізгі көрсетілімдері Фестивальдің басты алаңы болып табылатын «Арман» киноорталығында өтеді. Фестивальді UniFrance компаниясы және Францияның Қазақстандағы елшілігі және «Alliance française» қоғамдық ұйымы сияқты серіктестері ұйымдастырады.

Алдағы Фестиваль бағдарламасы келесідей фильмдерді қамтиды:

МАХАББАТ ПЕН ҚҰМАРЛЫҚ. ДАЛИДА (биографиялық). Режиссер: Лиза Азуэлос. Рөлдерде: Свева Альвити, Риккардо Скамарчио, Жан-Поль Рув. Мазмұны: 1933 жылы Каирде дүниеге келгеннен бастап, 1987 жылы қаза тапқанға дейінгі Далиданың сырға толы бейнесі. Өз дәуірінен оза туған, өнері өшпейтін, өнер әлемінде ойып тұрып орын алған заманауи әйелдің болмысы.

СІБІР ОРМАНДАРЫНДА (шытырман оқиғалы). Режиссер: Сафи Неббу. Рөлдерде: Рафаэль Персонназ, Евгений Сидихин. Мазмұны: Әрдайым еркіндікті аңсайтын Тедди қаланың қарбалас өмірінен алыстап, Байкал жағалауындағы мұздан қаланған үйшікті мекендеуге бел буады. Бір күні түнде қарлы боранда адасып кетеді. Оны жапан далада Алексей есімді жігіт құтқарып қалады. Сөйткен Алексейі – сот төрелігінен қашып, сібір ормандарын паналап жүрген жан екен.

МЕН ЕРКЕК БОЛҒАНЫМДА (комедия). Режиссер: Одрэ Дана. Рөлдерде: Одрэ Дана, Кристиан Клавье, Эрик Эльмоснино. Мазмұны: Кез келген әйел бір күнге еркек болсам ғой деп ойлаған болар? Ал Жаннаның мұндай ойы жүзеге асты! Қызықты әрі күлкілі оқиғаларға тап болады, байбалам салады, терең ойға кетеді. Кейіпкеріміз осы бір ыңғайсыз жағдайдан шығуға тырысады.

КАБАЧОКТЫҢ ӨМІРІ (анимация). Режиссер: Клод Баррас. Мазмұны: Кабачок –сондай жақсы бала, алайда анасының өлімінен кейін жалғызсырап қалады. Ол өзін балалар үйінде қандай кездесулер күтіп тұрғанынан бейхабар. Алайда оны қоршаған достары мен жүрегінде маздаған махаббат сезімі бар. Бақыттан да үмітті.

МИСТЕР ШТЕЙН ЖЕЛІДЕ (комедия). Режиссер: Стефан Роблен. Рөлдерде: Пьер Ришар, Янис Леспер, Фанни Валетт, Стефани Крейанкур. Мазмұны: Жұбайы дүниеден озып кеткен Пьер зейнетке шығып, енді қараушы етіп қызы жалдаған Алекстің көмегімен бұрын беймәлім болып келген ғаламтордың қызығын көріп, тауысар емес. Танысу сайттарының бірінде сөйлесіп жүрген әйел оны кездесуге шақырады. Алайда аккаунт үшін пайдаланылған сурет оған емес, Алекске тиесілі еді…

МЕН ЖӘНЕ СЕН (мелодрама). Режиссер: Мартен Прово. Рөлдерде: Катрин Денев, Катрин Фро, Оливье Гурме. Мазмұны: Клер – адалдық пен турашылдықтың үлгісі. Ол акушер-дәрігер болып жұмыс жасайды және оның өмірінің мәні – адамдарға қызмет ету. Перзентхананың жабылуы мүмкін екенін естіген Клерден маза қашады. Алайда марқұм әкесінің бұрынғы көңілдесі, кеудемсоқ, менмен әйел – Беатрис пайда болып, оның өмірінің шырқын түбегейлі бұзады.

“Бүгінгі француз киносы” кинофестивалінің баспасөз-қызметі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0