Маңғыстаулық ақсақалдар сыбайлас жемқорлықпен күресте өздерінің үлесін қоспақ

Маңғыстаулық ақсақалдар сыбайлас жемқорлықпен күресте өздерінің үлесін қоспақ

Қарақия ауданы ақсақалдар алқасы сыбайлас жемқорлықты мейлінше төмендетуге ықпал етуге әзір. Бұл туралы ардагерлер үйінде өткен кездесуде айтылды. Жағымды жаңалықты ауданға атбасын тіреген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова және Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Қайролла Ережепов үлкен қуанышпен қабыл алды. Басқосуда сыбайлас жемқорлықты болдырмау тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бұл баршаға ортақ проблема екендігі айтылды.

“Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші”, баршаңызды бір кісідей атсалысуға шақырамын. Қазақ үлкенді құрметтеген халық. Сондықтан да жас ұрпақ сіздер айтқан кеңеске құлақ салары анық. Біреу білместікпен, енді біреу біле тұра осындай жағдайға барып жатады. Ал мұның соңы миллиондаған айыппұл немесе темір торға қамауға апарып жатыр. Осылайша өздерінің болашағына өздері балта шабатындар көбеймесе, азаймай отырғандығы көңілімізге қаяу түсіріп отыр. Қазір аға буынның ақылы қажет-ақ. Сыбайлас жемқорлықтың соңы неге апаратындығы туралы әңгімелер түрлі басқосуларда жиі айтылып тұрса, ақылға келетіндер көбейе түсері сөзсіз”, – деді департамент басшысы Нұргүл Жанназарова.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аяпберген Бишеновтың бастамасын аудандық аналар кеңесінің төрайымы Айғаным Төлесбаева қолдайтынын жеткізді. Қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген олар шетте қалғысы жоқ, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жастардың жең ұшынан жалғасудан бетін аулақ болуға жұмыстанбақ.

«Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» демекші, департамент басшысы Нұргүл Алмасқызы және жаңадан тағайындалған аудан әкімі Қыдырберді Бековке Қарақия аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізіп қана қоймай, ақ батасын берді.

Сондай-ақ, аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының жүзеге асырылуы, мемлекеттік қызмет саласындағы өзгертулер мен толықтырулар, мемлекеттік қызметшілердің әдеп және мінез-құлық нормаларын сақтау мәселелері айтылды. Шараға аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшысы, “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы, бөлім басшылары, мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік көрсететін квазимемлекеттік органдарының басшылары қатысты.

Аудан әкімі Қыдырберді Бековтың айтуынша, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жетілдіру, қызметтер көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыру, құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқарту, қағазбастылықты азайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша түрлі шаралар жүргізілуде.

Қарақия ауданына жасаған жұмыс сапары аясында департамент басшысы Нұргүл Жанназарова және Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Қайролла Ережепов халықты жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталығында болып, Құрық және Жетібай ауылдарына барып азаматтарды жеке сұрақтармен қабылдады. Аудан тұрғындарының дені жұмыссыздық, жастар практикасы, денсаулық, білім саласы және мемлекеттік қызметке жұмысқа тұру жөнінде сұрақтарға жауап іздеді. Барлық өтініштер бойынша тұшымды жауаптар берілді.

Қарақия ауданынан бастау алған бұл шара алдағы уақытта облыстың басқа да аудандарында жалғасын таппақ.

  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0