Қазақты баршаға танытқан ұстаз Жахаң…

Қазақты баршаға танытқан ұстаз Жахаң…

Қазақтың арғы-бергі тарихын сараласақ, халықтың сан тарау жолдарды басынан өткергендігі жөнінде мол мағлұматтар ала аламыз. Осы жолда ұлттық құн­ды­лық­тарымызды ұлықтап, қазақ деген ха­лықты сақтап қалу тек сырттан төніп келген жауға найзаның ұшымен, білектің күшімен ойсырата соққы берген, ал тыныштықта білімі мен білігімен жауап берген, жауына бас имес қайтпас қайсар қасиеті, ұлтжандылығы өте жоғары болған, текті азаматтардың ғана қолынан келгені сөзсіз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осындай ауыр жүкті сезіне білген терең ойлы азаматтардың бірі, сөз киесі қонған ақын, халқымыздың өр рухын асқақтақтан «Қазақтану» ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, ұлылықтың үлгісіндей болған ғалымдарымыздың бірі- Молдабеков Жахан Жанболұлы.

Жахан Жанболұлы қазақ мәдениетіне түгел шолу жасап, қазақтану ғылымының қат-қабат кезеңдерін, терең оймен толғайтын ғұлама ғалым, үлкен парасат иесі екені мәлім.

Сонымен қатар «Қазақтану» ілімінің негізін қалаушылардың бірі, қазақтану және жаңару философиясы мәселелерінің әдістемелік негіздерін салушы, ұлттық тәрбиенің тәлімдік өнегелері және қазақ ақын-жырауларының, би-шешендерінің дүниетанымы мен философиясы төңірегінде көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген, қазақтану мәселесі мен пəнін көптен бері нəтижелі зерттеп, студенттер мен магистранттарға арнайы курс ашқан ұлағатты ұстаз. Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының Академигі.

Тарихта қазақтар қандай болған және бүгін қандай күйде? Қазақ ғалымын ойландырған, ортақ ұлт ісіне жетелей түскен осы мәселе. Бұл мәселе бүгінгі біздің заманымызда да қайталанып отыр. Кең ойлап, терең толғанатын  ұстаздың көзі тірісінде осы сауалдарға жауапты «Қазақтану», «Қазақтану өрісі», «Қазақ халқының философиясы», «Би-шешендердің дүниетанымы жəне философиясы», «Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы», «Шешендік» атты ғылыми-зерттеу еңбектерінде берді.

Жахан Жанболұлының «Қазақтану» идеясы бүгін пайда болған жоқ.     Ғалымның жиырма жылдан астам уақыт жүргізген терең зерттеулерінің,  қазақ ұлтының пайда болуынан бастап, оның тұлғалану жолын, мүддесінің қалыптасуын, ұлттың рухани қазынасының, болмысының ерекшелігін, табиғатын зерттеуден туындап отырған және осы жолда қалыптасқан тәжірибелер мен білімдердің жиынтығы деп қарастырғанымыз жөн.

Ғасырлар қойнауында жатқан қазақтың мәдениетін, тарихын түгендеп, дәстүрін дәуірлеткен ағамыздың құрметіне Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының ұйымдастыруымен профессор, философия ғылымдарының докторы  Молдабеков Жахан Жанболұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтану және рухани жаңғыру» атты  еске алу дөңгелек үстелі өтті.

Іс-шараны «Философия және саясаттану» факультеті деканының орынбасары Мейірбаев Бекжан Берікбайұлы алғысөзбен ашып беріп, басқосуға қатысқан танымал ғалымдар Жахан Жанболұлының өмір жолынан сыр шертіп, баяндама барысында «Қазақтану» ілімінің өзектілігіне, өміршеңдігіне тоқталып, құнды пікірлер білдірді.

Модератор, профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлы іс-шараны ұйымдастырудағы көздеген мақсаты туралы айтты. Жобаның басты мақсаты-«Жахан Жанболұлының қазақ мәдениетіне, тарихына, философиясына, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын зерттеуге қосқан үлесі мен идеяларын жүзеге асыратын орталық ашу. Бұл орталық арқылы Қазақтану ғылымының рухани және әдістемелік негізін қалыптастырып,  оны жүйелі түрде  ұлттық құнды­лық­тарымыз негізінде наси­хаттау».

Өз кезегінде «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының меңгерушісі, профессор Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы да Ж.Ж. Молдабеков атындағы «Қазақтану» орталығының ашылуы «біз қайдан шықтық, қайда бара­мыз деген ұлт үшін аса ма­ңызды сұраққа жауап іздейді. Бұл өз кезегінде қазақ мәде­ниетінің, тарихының, филосо­фиясының біріктіруші күші – қазақ халқының құндылықтары жөнінде түсінік беру үшін жасалуда» деп пікірін білдірді.

Келген қонақтарға ұстаздың шығармашылығына арналған көрме жасалып, ғалымның өнегелі өміріне шолу жасалған  бейнекөрсетілім мен ғылыми негіздегі презентациялар ұсынылды.

Ұлағатты ұстаздың есімін болашаққа сам­ғататын өшпес құнды мұралары мен игі істері қалды. Осы тұрғыда Ж.Ж. Молдабеков атындағы «Қазақтану» орталығы-Жахан Жанболұлының идеяларын насихаттап, қазақтану ұғымымен сусындаған, өзіне сенімді, ғылымға адалдығымен қауымды өзіне қарата алатын, ақылмен қадам жасайтын, жас интеллектуалды тұлғаларды дайындайтын орталық болатынына сенім білдіреміз.

Себебі, Жахан Жанболұлының қазақтанулық идеялары өмірдің қандай күрделі қыр­лары мен тарихтың қатаң талабы болсын, қандай жағдайда болсын адам рухын шыңдай түсері анық. Бұны Жахан Жанболұлының тұлғалылығының басты қасиеті және қазақ болмысының түп-тамырының, осы түп-тамырдағы ұлттық рух қуатының зерделеушісі деп білеміз.

Т.Х.Ғабитов, профессор, Ж.О. Әбікенов, PhD докторант

 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0