Әлеуметтік жағдайы арқылы қай елдің болмасын бет-бейнесін көруге болады. Сондай-ақ, еліндегі жүргізілетін саясаттың қандай екенін де білдіртеді.
Конституциямызда Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны жазылған. Демек, бұл бағыттағы жемісті саясат Ата заңмен де тығыз байланысты. Дегенмен әлемдегі дамыған алдыңғы отыздыққа ену мақсатын қойған Қазақстанымыз үшін әлі көп іс атқарылуы керек екені де анық.
Жұмыспен қамтудың жол картасы және әлеуметтік жаңару
Осыдан 20-25 жылдай уақыт бұрын әлеуметтік хал-ахуал қиын еді. Ұлттық валютамыз айналымға енгеннен кейін үш айға жетпей, он еседей құнсызданды, ал, жылдық есепте тіптен сұмдық болды. Гиперинфляция экономикаға аз соққы болмаған еді. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік жағдайын да нашарлата түсті. Күнкөріс қамымен мұғалімдер мен дәрігерлердің басқа да қызметкерлердің базар жағалап, табысы жақсылау салаға жаппай дерлік ауысып жатқан кезі де сол тоқсаныншы жылдар еді…
Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау – халықтың жаңа қоғамдық саяси-экономикалық жүйеге бейімделуі оңай болған жоқ(олай болуы біршама түсінікті еді). Қарапайым халықтың да. Биліктің де. Мәселен, үкімет екі қолыңды бос қойдым, ал, қалағаныңды жаса дегендей сыңай білдірсе, халық та бас-көзсіз түрлі салаларға ұмтылып жатты. Еңбек нарығы, экономикалық заңдылықтар өкінішке қарай сақтала бермеді. Сондықтан да кей салада дисбаланс жүрді, яғни тепе-теңдік бұзылды. Оған бір дәйек, экономика, құқықтану, заңгер т.б. мамандықтарда жоғары жалақы болғасын көп адамдар соны оқуға тырысты. Ал, мұндай мамандарға еңбек нарығында жылына онмыңдаған сұраныс жоқ. Бұл мұғалімдік болмаса, дәрігерлік емес еді. Жөн-жосықсыз, жүйесіз ұмтылыс кері нәтижесін берді. Мысалы, еңбек нарығы толды: заңгер, экономика мамандарына. Қалғаны қайда барды? Жұмыссыздардың қатарына, болмаса, басқа…
Дегенмен бұл қиын әлеуметтік-экономикалық үрдіс бірнеше жылға созыла келіп тежелді. Шамамен 2000-жылдардың басы. Мұнай, басқа да шикізат бағалары қымбаттап, экономикада ілгерілеу басталды. Әлеуметтік жағдай да көтерілді.
Бірақ, барынша тұрақты әлеуметтік даму қалыптаса қоймап еді. Қай тұсымыз әлсіз екенін, әдетте, АҚШ-тан басталды делінетін әлемдік экономикалық дағдарыс байқатты. Дағдарыс 2007-2008жж. шамасында жүрген бері, біздің елімізде бұл 2009-жылы әжептәуір айқын көрінді. Девальвация; тауар, қызмет көрсету саласының қымбаттауы; тұрғын үй, жер телімдері нарығы құлдырауы, кей банктердің әлсіреуі; өндіріс орындарының қысқаруы, жұмыссыздар санының артуы т.б. біріне-бірі жалғасқан әлеуметтік-экономикалық қиындықтар басталды да кетті.
Қазақстан бұл дағдарысқа жартылай дерлік дайын болғандай. Жартылай деп отырған себебім, мұнай бағасы шарықтаған тұста құрып алған ұлттық қорымыз экономиканы тым тұралатып алмай, керісінше, дағдарыстан жаңа серпінмен шығуға үлкен қаржылық мүмкіндік берді. «Экономика атасы» саналатын Адам Смитттің: адамның қалауы, ешқашан әрекетке жатпайды деп келетін сөзі бар. Біздің елдің де сол дағдарыстан былай шықсақ болады деген қалауымызды іске асыруға қаржылық мүмкіндік – сол ұлттық қорда жатыр еді. Бұл жерде әңгіме жол картасы бағдарламасына қатысты.
Жол картасы бағдарламасы 2009-2010ж.ж. әлемдік қаржылық дағдарыстан әлеуметтік жағдайды салыстырмалы түрде әлсіретіп алмай шығуға өзіндік сеп болды. Дағдарысты ұмыта бастаған ел белгілі бір деңгейде серпілді. Экономикада циклдік немесе өрлеу мен құлдырау бірге жүретінін білмегені біліп, білгені біле түсті. Сондықтан қосымша екінші мамандыққа ұмтылу, керек нәрсемен айналысу, құнын жоя қоймайтын қызметке бейімделу т.б. көпті ойлантты. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің дерегі де мұны дәлелдей түседі. Мысалы, Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы аясында 2011-2015 жылдар ішінде 123 000 адам кәсіби оқуға жіберілген. 2011-жылдың 1-қаңтары мен 31-желтоқсаны аралығында шағын кредит алғандар саны 1 411 болса, биылдың 01 қаңтар-21 қараша аралығының өзінде 8 231-ге жеткен! Сондықтан да еліміз – халық, билік бұл дағдарысқа (алдыңғы тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиындықпен салыстырғанда) прагматикалық басымдық бере қарағандай: рыноктық экономика, яғни өрлеу мен құлдырау болуы заңды, ендеше, оған қай кезде де дайын болу керек дегендей…
Демек, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасының дүниеге келуі де заңды. Мүмкін, уақытылы… Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Оның 2013-2015 жылдарды қамтыған бірінші кезеңі былтыр аяқталған болатын. Енді екінші кезең: 2016-2020 жылдар аралығын қамтиды. Статистика халықтың бұл бағдарламаға ықыласпен қарап отырғанын, белсене кірісіп жүргенін көрсетіп отыр. Мәселен, 2013-жылдың 1-қаңтары мен 31-желтоқсаны аралығында бағдарламаға қатысушылар саны 106 397 адам болса, 2015-жылдың сондай уақыты ішінде қатысушылар саны 136 009 болған екен. Демек, алдыңғымен салыстырғанда, шамамен 27%-ға артқан. Тіпті 01.01.2016-21.11.2016 уақыты аралығында қатысушылар саны 177 344 адам болыпты! Бұл 2013-жылмен салыстырғанда 70 мыңдай адамға артық дегенді білдіреді. Әлі жыл аяқталған жоқ. Соның өзінде осындай көрсеткіш. Енді халықтың сол сенімін төмендетіп алмай, жемісті аяқталса дейміз…
Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы аясында 2011-2015 жылдар аралығында 615 000 адам жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде 452 000-ына тұрақты, 163 000-ына уақытша түрдегі жұмыс табылған. Жеке кәсіптерін ашып, өмір көкжиегін кеңіткендер де аз емес.
Экономиканы, еңбек нарығын демеп отыратын осындай бағдарламалар әлемдік тәжірибеде бар. Әрине, бұл, жұмыссыздықты түпкілікті жояды дегенді білдірмейді. Бірақ, осы арқылы циклдік (мұндай жұмыссыздық түрі экономика дағдарысқа ұшырап, тиісінше, өндіріс, қызмет көрсету салалары құлдырағанда пайда болады) деп аталатын жұмыссыздық түрлерінің ішіндегі ауырына төтеп беруге де, әрі қарай экономиканың жаңа қарқында алға жылжуына да мүмкіндік бар.
Отыздыққа енгіміз келсе, орта тап та көбеюі керек…
Әлемдегі ең дамыған отыздықтың ондығына Финляндия да кіреді. Бұл ел де циклдік экономикалық дағдарыстың талайын көрген. Содан да болар, бірнеше мамандықпен жүру, қоғамдық қажеттілікке бейімделу, рыноктық сұраныс пен ұсынысты тереңірек зерттеу т.б. әбден түсінгені байқалады. Демек, дағдарысқа қарсы сәтті әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізудің арқасында қазір алдыңғы орындардың бірінде. Әлеуметтік жағдайдың жақсы болғандығы сонша, фин елінде табиғи ауру ғана қалғандай. Мысалы, финляндиялық дәрігер: бізде қарттық ауру ғана көп депті, яғни, табиғи «ауру» қалыпты. Адам қауқары жетпейтін. Адам еңбегін барынша әділ бағалауда да, жұмысқа ынтаны арттыру әдістерінде де алар тұсымыз бар деп ойлаймын.
Екінші бір ел – АҚШ. Жол картасын сәтті жүргізгендердің бірі десек, артық бола қоймас. Осыдан бірнеше жыл бұрын АҚШ азаматынан сіздерде қандай автокөлік ескіге жатады деп сұрағанмын. Сонда ол: 2-3 жыл болса – ескі саналады деді. Біздің елде шыққанына сондай жыл болған автокөлікті жаңа деп атайтыны белгілі. Тіпті алғашқы иесінен тікелей сатып алу бұйырса, ол да бір жеке қуаныш.
«The Daily Signal» (АҚШ) басылымы Америка Құрама Штаттартындағы кедейлікке қатысты ақпарат таратыпты. Сондағы мәліметке қарағанда, АҚШ кедейлерінің 75%-дайында бір автокөлік немесе фургон, ал, 31%-ында екі не одан да көп автомашина бар екен! Үштен бір бөлігінде кең экранды ЖК-теледидары болған. 43%-ында интернет қосылған көрінеді. Арамыздағы алшақтық тек мұнымен бітпейді…
Біз отыздыққа енген – бірі іргелі де қуатты дамыған, екіншісі шағын, бірақ, әлеуметтік жағынан алда тұрған елдермен кішкене салыстырдық. Егер, жоғарыдағы мемлекеттердің әлеуметтік әлеуетімен салыстырсақ, біздің елде бұл бағытта әлі де көп жұмыстар атқарылуы керек. Әдетте, орта тапқа үй-жайы, автокөлігі, орта табысы бар адамдар жатқызылады. Осы өлшеммен қарағанда, біздің ел халқының көпшілігі автокөлікке қолы жете алатындай деңгейде. Оған шүкірлік етеміз. Әлбетте, егер, жаңа-ескі автокөлік деп бөлмей, жалпы алсақ. Бірақ, тұрғын үйді ипотека жолымен, әсіресе, нақты өз ақшасымен сатып алу жағы әлі де төмендеу. Содан да болар, кей деректе еліміздегі орта таптың көлемі шамамен 20% делінген. Kapital.kz. басылымының (03.06.2015ж.) ақпаратына қарағанда, тіпті қазақстандықтардың 34%-ы ақшасының тек тамақ пен киімге жететінін мәлім етіпті. Ел халқының бар болғаны 1%-ы ғана ешқандай қаржылық қиындықты сезінбейді екен!
Әрине, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен әлеуметтік жағдай бойынша алдамыз. Бірақ, біздің жеткіміз келіп отырған елдер дамыған алдыңғы отыздық қой! Дегенмен, біздегі «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы да әлеуметтік жаңаруға бастайды деп сенейік. Әлеуметтік жаңару, даму – орта таптың санының артуына негіз жасайды. Орта тап артқан сайын қоғамдық тұрақтылық та беки түспек немесе ел тыныштығына мүдделі көзі ашық азаматтар артады деген сөз… Бұл еліміздің барынша тұрақты саясиэкономикалық дамуына жол ашады. Бәлкім, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» дәуір сол болар. Лайым, еліміздің келешегі кең, жарқын болсын!
Құрманғали Нұрғалиев журналист, экономика магистрі
ПІКІРЛЕР