Қытай елінде өткен ғасырдың 80 жылдарынан бастап атқарылған «жоспарлап туу», яғни «Бір отбасы – бір бала» саясатының (кейін заңмен бекітілген) нәтижесі қазіргі таңда басқаша өзгерістерге алып келді. Анығырақ айтсақ, бұл елде қазір бойдақ жігіттердің саны 20 миллионнан асып бара жатыр екен. Елде орын алып жатқан «қыз тапшылығын» шешудің жолдарын қарастырған Қытай елі, бұл бостықтың орнын «шетелдік келіндермен» толықтыруды көздеп отыр.
Қытайлық сайттар бұл бағытта жанталаса жұмыс атқарып жатса, Тайланд, Бирма, Лаос секілді елдерден «келін саудалаумен» айналысатын неке, таныстыру агенттіктері де пайдаға белшеден батып жатқан жәйі бар. Соңғы жылдары коммерциялық бағытта жұмыс істейтін Қытай сайттары орыс қыздарын жарнамалауды әдетке айналдырып алыпты. «Әлемдегі еркегі аз, әйелі көп елдер» рейтингін жасап, жәй-жапсарын құлаш-құлаш мақалалармен түсіндіріп отыру, сөйтіп «еркек атаулыға зар болып оң жақта қартайып бара жатқан» шетелдің сұлуларын тамсана жазатын сайттар, Ресей қыздарын басты назардан түсірген жоқ. Өткен жылдарға дейін мұндай рейтингтердің арасында Қазақстан да жүретін. Ондай жазбалардың реті былай болып келетін еді (жақшада еркек пен әйелдің өзара сандық қатынасы көрсетілген, біріншісі, ер):
- Латвия (0.85:1);
- Эстония (0.86:1);
- Украина (0.86:1);
- Белоруссия (0.88:1);
- Литва (0.88:1);
- Ресей (0.88:1);
- Венгрия( 0.91:1);
- Монако (0.91:1);
- Молдавия (0.91:1);
- Қазақстан (0.92:1)
Осылайша өз азаматтарына «әлдененені» ымдап жүретін сайттар енді сөз әуенін басқаға бұра бастады. Қытайда кеңінен танымал «Бүгінгі басты тақырып» порталы (коммерциялық бағыттағы смартфон нұсқалы) Ресей қыздарын «тұрақты айдар» етіп алған сайттардың бірі. Аталмыш сайт жақында «қыздары Қытайлық жігіттерге тұрмысқа шығуды армандап отырған елдердің рейтингін» жариялады. Тізімдіктің басында Ресей елі тұр. Ондық төмендегідей тізілген:
- Ресей;
- Пәкістан;
- Камбоджа;
- КХДР;
- Лаос;
- Украина;
- Непал;
- Жапония;
- Иран;
- Монғолия
Мұндай жазбаларға еті үйренген қытайлардың кейде сенімсіздік танытып та жататыны бар. Дегенмен соңғы уақытқа дейін «қыздары асып-төгіліп жатқан, әрі сұлу, қалың малды керек етпейтін, отбасына қамқоршы болатын, физикалық жақтан толымды….» деген жазбалармен ғана шектелетін сайттар енді, басқаша сайрай бастапты. Енді олар: «Қытайдың экономикалық қуатының күн санап өсуіне байланысты, халықаралық беделі әлемді мойындатып, әскери қуаты жер-жаһанды жасқандырып тұр» деп бастайды. Сосын келіп, «еркегі тапшы, көбі алқашқа айналған» мұндай елдердің сұлулары Қытай жігіттеріне назар салуда, себебі «біздің жігіттер ақшалы келеді» деп нықтай келіп, жоғарыдағы тізімді оқырмандарға ұсынған. Мұнан өзге де жазбалары қаптап тұр. Баспасөзге қатал әрі сергек қарайтын Қытай билігі, бұл жазбалардың арасындағы өзге елдің мемлекеттік тұтастығы мен ұлттық намысына тиетін, керек десеңіз, мемлекетаралық қайшылық тудыруы мүмкін сөйлемдерге дейін назар аудармай отыр. Мүмкін, бұл да болса жаңаша бір түрдегі «Қытай қаупі» шығар…
Құрманғали Нұрғали
ПІКІРЛЕР
Өстіп айта берсе, Құлақтарына құя берсе сөзсіз нәтижеге жететін болады. Қазір Қытай елі қыз тапшылығын қатты сезініп отыр. Қыздардың қалың малы күн санап өсіп барады. Яғни кедей жігіттер өмір бойына бойдақ өтуі мүмкін.