Қойшығара Салғараұлы ғалым, жазушы: «Негізінде бүкіл адамзат баласы тарихының бастауы, түп-тамыры түріктерден тараған»

Қойшығара Салғараұлы ғалым, жазушы: «Негізінде бүкіл адамзат баласы тарихының бастауы, түп-тамыры түріктерден тараған»

Қазақтың тарихын жазуда отарлық саясаттың ықпалы зор болғаны белгілі. Оған бір дәлел, Ермахан Бекмаханов секілді ғалымдарды шеттетуі, ұлтымыздың тұғырлы тұлғаларын, абзал азаматтарын біржақты қаралауы, қуғындауы т.б. Оның салқыны әлі кеткен жоқ…

 Белгілі ғалым, жазушы Қойшығара аға Салғараұлымен болған сұхбатта да ұлттық тарих және басқа да тақырыптар кеңінен, тереңінен қозғалды.         

– Қойшыеке, алғашқы сұрақты адамзаттың жаратылысын әр ғалым әрқалай  болжайды. Сіздің бұл ретте қандай жаңалығыңыз бар?

– Адамсыз жерде тарих жоқ. Тарихты жасаған да, оны ғылымның бір саласына айналдырып, хаттап қағаз бетіне түсіретін де — адам. Бірақ, солай  бола тұрып, адамзат баласы мына жарық дүниеге жаратылған күнінен бастап өз тарихын хаттап, қағазға түсіре алмағаны бесенеден белгілі. Кейінірек адамзат баласы өсіп­өніп, Жер шарының әр қиырына тарыдай шашырап, бір-­бірінен бөлектеніп, сан алуан халықтарға жіктеліп, таным-­түсінік жағынан болсын, тілдік қарым-қатынас тұрғысынан болсын, өмір сүру  салтынан болсын, бір­бірінен алшақтап кеткен сан түрлі жұртқа айналған  еді.

Олар өз тарихын бүкіл адамзат баласының бәріне ортақ негізгі түп бастауынан таратып, сабақтастыра жалғастырып кете алмады. Беріден  қайыруға мәжбүр болды.

Өйткені, бүгінгі әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан халықтардың қай-­қайсысы болсын өздерінің түп-төркінінің қайдан шығып, қазіргі мекен етіп отырған жерлерге қашан, қалай келгендерін таратып айтып, талдап  бере алмайтын жағдайға жетіп отыр. Бұл басқаша айтқанда, олардың әрқайсысының да әуелден адамзат баласының ортақ түптабысу тарихынан тамыр тартып, желісін үзбей бүгінге жалғасқан тұтас, толық тарихының  болмағандығын көрсетеді. Басқаны былай қойып, зерттеуші ғалымдарымыз  адамзат баласы Жер шарының қай нүктесінде пайда болғанын анықтай алмай отыр. Тіпті, бір өңірде ме әлде әр өңірде ме деп пікір таластыруының да себебі сол.

Қазіргі таңда генетика ғылымының соңғы жетістіктерінің бірі — ДНҚ зерттеу тәсілі арқылы адам баласының түп тегі анықтала бастады. Олар қайдан шықты деген талас-­тартыс аяқталып, адам баласының әр өңірден емес, Африка құрлығынан тарағаны туралы тұжырым мойындалды. Осыған байланысты халықтардың шыққан жері мен тегі жаңаша пайымдалып  жатыр. Солардың қатарында америкалық үндістер де бар. Олардың  Алтайдан шыққан түрік текті жұрт екені анықталды. Тағы бір қызық жағдай, өмір бойы славян халқымыз деп келген орыстардың өзінің арғы тегі финдер болып шықты. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды.

Өздерінше өркениеттің ең басында біз болғанбыз деп келген орыстарға енді фин халқының арғы тегіне үңілу керек болып тұр. Орыстардың тарихы, Рюрюктер кезіндегі Ресей, одан кейін Романовтар тұсындағы тарихы туралы Александр I-ші Карамзинге әдейі мақтап жазасың деп бұйырған. Карамзин тастай қылып жазып келгенде, оның өзін өлтіріп жіберіп, 3 жылдан соң барып жариялайды. «Древная Русь до 1710 года» деген жаңылыспасам. Петр I-ші болса, орыс жылнамаларын Кенигсберг қаласына жинап қайтадан жаздыртып шыққан. Жалпы, адамзат баласының тарихын жазуда хронологиялық жақтан қателігі бар екенін алғаш Ньютон байқаған. Ал қазір компьютер арқылы есептегенде, он ғасыр қателесіп жүргенімізді айтып отыр.

– Қазіргі мектеп пен жоғарғы оқу орнындағы тарих саласындағы айырмашылық неде?

– Кейінгі уақытта шыққан тың деректер мен табылған қолжазбаларды бұлтартпас айғақтарды сараптап келіп, түріктердің тарихы, оның ішінде  қазақ тарихы қайта жазылуы қажет деп ойлаймын. Мектеп бағдарламасында отарлаушы Ресейдің көзқарасымен бұрмаланып жазылғанынан басқа да әртүрлі қателер өріп жүр. Мұндай оқулықтар өскелең ұрпақтың бойында қалыптасатын ұлттық рух пен сүйіспеншілік қасиеттен жұрдай қылары сөзсіз. Білім және ғылым министрлігі осындай кемшіліктердің  болмауын қамтамасыз етсе деймін. Өйткені, тарих – ата­бабаларымыздың өмірбаяны, басынан кешкен оқиғалары мен іс­-әрекеттерінің шежіресі ғой. Бала өз ата­-бабасының қалай өмір сүргенін білмесе, ерлік істеріне рухтанбаса, ондай ұрпақтан ештеңе шықпайды. Тарихты санаға  қалыптастыратын, ұрпаққа сіңіретін оқулық болғандықтан аса мән беруге  тиіспіз.

Жуырда біздің университетке Оңтүстік Кореядан екі профессор қонаққа келді. Сонда біреуі орысша әзер сөйлесе де байқап отырып:

Қазақстанда  еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін орысша сөйлеседі әрі жазады екенсіздер, өйткені, сіздердің мектеп пен жоғарғы оқу орнындарында тарих пәнін дұрыс оқытпайды. Сондықтан қазақтар қазақша сөйлегенге намыстанады, менсінбей мұрнын шүйіреді. Мысалы, біздің екі Кореяны Жапония 1920-1950 жылдары жаулап алып білгенін істеді, сондықтан  қасымда жапон ұлтының өкілі отырса, әлі күні менің ішімді ыза­-кек  кернейді. Себебі, бізде тарихты өте жақсы үйретеді. Ал сіздерді Ресей 300 жыл отарлап қана қоймай, тіліңмен қоса дініңді қорлаған орыстың тілінде сөйлейтінін өздері білмейді дегенде кірерге тесік таппадым.

– Қойшеке, онда біздегі тарихқа саясат етене араласып отырғанға ұқсайды…

– Қазақ тарихында бұрмаланған қателер шаш­-етектен. Осыдан­-ақ, нақ өз  тарихымызды зерделеп, оны жарыққа қайта шығарып, ұлттық санамызға төл тарихымызды сіңіретін кез жеткен тұста, қазақтың өткеніне ұлттық танымдық көзқараспен қарайтын тарихшыларымыздың жоқ болып отырғандығын көруге болады. Барлығы кешегі коммунистік партияның самал желі санасын улағандар. Сондықтан төл болмысымызды танытар шынайы тарих әлі күнге жазылған жоқ деп толық айта аламын. Осыған байланысты тарих оқулықтарының сапасы да тым төмен. Бастау тарихымыз әлі зерттеліп жазылған жоқ. Мұны тарқата айтсақ ұзақ әңгіме. Негізінде бүкіл адамзат баласының тарихының бастауы, түп-тамыры түріктерден тараған. Оған археологиялық айғақтар, көне заманнан жеткен жазбалар (пиктографиялық, символдық, идеографиялық, фонетикалық), халықтың өз  тілінде сақталып қалған тарихтық деректер басты дәлел деп, бұлардың әрқайсысына жеке­-жеке тоқталып, жіліктеп айтып беруге болады. Қазіргі  тарихшылар еуропалық таным­түсінікпен жазылған тарихқа Тәуелсіздіктің шапанын кигізіп, бүгінгі күн кәдесіне жаратып жүр. Ал шындығына келгенде біздің тарихымызды түбегейлі қайтадан жазу керек деп санаймын.

– Осы қазақтың тарихын жаза алатын жастар жағы қауқарсыз ба?

– Қазіргі жастар өте зерек, алғыр, сезімтал әрі қабілетті. Бір емес бірнеше тілде сөйлей де, жаза да алатындар. Бірақ, олар сол қабілеттерін ғылым  саласына, оның ішінде тарихқа арнауға құлық танытпайды. Олай болатыны, тарихшы болып, кітап жазып, одан күнкөрісіне жететін ақша, пайда табамын деп кесіп айту күмәнді, әрине. Сондықтан олар елшілікке, табысты компанияларға я болмаса ақшасы көп басқа салаға кетуді артық көреді. Өз тарихшыларымызды қалыптастыру үшін мемлекет қам жасап, оларды  қаржыландыру қажет. Мысалы, Үндістанның астанасы – Делиге көне санскрит жазбаларын, Афины мен Римге көне грек-латын жазбаларын оқи алатын жастарды жіберсек, нағыз мамандарға ие болар едік. Сонда әлемнің  қай түкпірінен болсын табылған көне дереккөздерін өзіміз оқып, өзіміз зерттей аламыз.

Өз басым, қазіргі ресми тарих ғылыми із-түзсіз жоғалған деп таныған халықтардың дені бүгінгі түріктектес халықтардың арғы ата­-бабалары деп білемін. Кипр аралының Энкоми деген жерінен табылған, тілші ғалымдар жоғалып кеткен халықтікі деп тауып, «этеокипр» деген ат берген, б.э д. XV ғасырда жазылған жазудың таза түрік тілінде сөйлеуі осының дәлелі. Осындай мәселелерді ауқымды, кең көлемде, әсіресе, мемлекеттік  деңгейде қарастыру аса маңызды болып тұр.

 Сұхбатты жүргізген: Ж.Шәмші

06.04.2014 жыл

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0