Қызылорда облысы прокуратурасымен аймақтағы бизнес-ахуалды жақсарту мен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Осы орайда мобильдік топтардың жұмысы күшейтіліп, оларға шағым беру тәртіптері және сенім телефондары туралы мәліметтер прокуратураның, кәсіпкерлер палатасының ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде жаңартылып, облыс және аудан орталықтарында билбордтар орнатылды.
Нәтижесінде мобильдік топтарға кәсіпкерлерден өткен 2020 жылы барлығы 13 арыз-хабарлама түссе, 2021 жылдың 5 айында 30 арыз-хабарлама (сигнал) түсіп, өңірдегі бизнестің прокуратураға сенім деңгейі артуда.
Ағымдағы бизнесті қорғау бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 17 прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 117 кәсіпкердің құқығы қорғалды. 16 тұлға тәртіптік, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылса, 2 заңсыз тексерудің және кәсіпкерлерге қатысты 9 әкімшілік өндірістің күші жойылды (жалпы сомасы 360 485 теңге айыппұлдан босатылды).
Мысалы, «QazBuilndings» ЖШС-нің директоры Н.Денеевтің арызын қарау кезінде Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беруден екі рет негізсіз (заңмен көзделмеген талап қойған) бас тартылғаны анықталып, Басқарма басшысына қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 29 наурыз 2021 жылғы қаулысымен басқарма басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 61 257 теңге айыппұл салынды.
Кәсіпкерлерден түскен арыздардың басым бөлігі кедергілерді азайтып, еркін жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бұл жағы да ескерусіз қалмады. Облыстық прокуратураның наразылығына сәйкес облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына өзгерістер енгізіліп, көптеген кәсіпкерлік субъектілерге белгіленген жұмыс уақыты бойынша шектеулер алынып, жекелеген бизнес субъектілерінің жұмыс уақыты ұзартылды.
Карантин талаптарының сақталуы бойынша санитариялық- эпидемиологиялық бақылау органымен бір кәсіпкерге екі рет заңсыз тексеру жүргізілгені анықталып (тексеру тағайындау туралы актілерде көрсетілген кәсіпкердің орнына басқа кәсіпкерге қатысты тексерулер жүргізіліп, соңғының қызметкері әкімшілік жауапқа тартылған), тексеру тағайындау, тексеру нәтижесі туралы актілердің және ұйғарымдардың күші жойылды.
Мемлекеттік кірістер органының 2 кәсіпкерге қатысты 5 және агроөнеркәсіп кешеніндегі уәкілетті органның 3 кәсіпкерге қатысты заңсыз толтырған 3 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларының күші жойылды.
Мемлекеттің тапсырыс бойынша білім беру қызметін көрсеткен 75 жеке балабақшаның 192,9 млн. теңге бюджет берешегінің төленуі қамтамасыз етілді.
Енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің қаралу нәтижесімен өткізілген мемлекеттік сатып алу бойынша 35 кәсіпкердің жалпы сомасы 33 млн. теңге банктік кепілдемелері кері қайтарылды.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ШЖҚ «Қазалы ауданаралық ауруханасы» КМК-ы тарапынан дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сатып алу шарттары бойынша фармацевтикалық компаниялар алдында қалыптасқан 87,4 млн. теңге қарыздың төленуі қамтамасыз етілді.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша Президентіміздің жүктеген тапсырмасын мүлтіксіз орындау үшін бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса береді.
Қызылорда облысының прокуратурасы
Фото: интернет
ПІКІРЛЕР