Сонымен Джо Байденнің президенттік қызметі аяқталды. Десек те, дәуір деуге келмейді ғой деймін.
46-президенттің кезінде АҚШ-тың саясаты мен экономикасында қандай өзгерістер болды? Аз-маз тізіп шықсақ…
Ол президент болып тұрғанда…
- + АҚШ ЖІӨ-і 2020ж. салыстырғанда, шамамен 35%-ға артып, 2024ж. $29 триллионның үстіне шықты. Егер, ХВҚ-ның алдын ала жасаған есебіне сәйкес алсақ. Дамыған ел үшін бұл жоғары көрсеткіш. Осылайша, Қытай экономикасын әжептәуір артта қалды. Әйтпесе, әне-міне АҚШ-ты басып озады (2030ж. қарай) делінген болжамдар артқан еді. Ендігі Қытай 2040ж. дейін АҚШ-тан озуы екіталай… Әрине, кілт бұратын оқиғалар тумаса…
- + 2024ж. бойынша алғанда, ЖІӨ-ді жан басына шаққандағы көрсеткіші, $86,6 мыңға жетуі мүмкін. Басқаны былай қойғанда, бұл дегеніңіз кей дамыған ірі елдер үшін де жақында жететін арман емес: Германия, Ұлыбритания, Франция, Жапония.
- + Жұмыссыздық деңгейі өткен айда 4,1%-ға дейін түсті. Ашылған жұмыс орындары көбейді. Бар болғаны бір айда (желтоқсан, 2024ж.), ауылшаруашылығына жатпайтын саланың өзінде, жұмыс орны 256 мыңға артқан.
- + НАТО құрамы кеңейді. Сонау заманнан бері бейтарап келе жатқан Финляндия мен Швеция мүшелікке өтті. Ресей Украинаға толықтай соғыс ашу себебін, НАТО-ға мүше болуға ұмтылуымен де сабақтастырғаны белгілі. Енді НАТО-мен шекарасы бұрынғыдан кемі екі есе ұзарды.
- + АҚШ доллары – ең сенімді валюта ретінде қала берді. Ресей мен Қытай бірігіп шайқалтқысы келсе де, халықаралық қордағы, әлемдік саудадағы үлесі күрт кемімеді.
- +– 2021-2024жж. 8 миллион (10 млн деген де ақпарат бар) мигрант АҚШ-қа енген. Оларға 46-президент теріс қарамады. Керісінше, барынша қолдауға тырысқаны байқалады. Бірақ, бұл саясаттың мемлекетке теріс жағы да барын ескерген жөн…
- +– Жиырма жылға созылған АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери операциясын аяқтады. Осы уақыт ішінде 2,4 мыңнан аса әскерін жоғалтты. Кей ақпарат көзіне сүйенсек, $1 триллионға жуық ақша жұмсалған.
Бұл Ресейден бастап, аяғы Қытайға дейін күлген оқиға саналды. Сонша жыл не үшін соғысты, мақсатына жетті ме? Геосаяси тұрғыда Қытай мен Ресейдің ауасын кеңіткендей оқиға. Дегенмен Ауған елінен кетуінің ақталатын тұсы да бар. Егер, қала бергенде, Украинаға ашық соғыс ашқан Ресейді, белгілі бір деңгейде тежеуге, қазіргідей күш бөле алмас па еді, кім білсін… АҚШ билігі алдын ала білген секілді…
- +– Украина соғысы тоталитарлы режимнің негізгі демеушілері – Ресейді, Қытайды, Иранды, ең аяғы ашжалаңаш отырған, бірақ, ұратын таяғы бар Солтүстік Кореяны бейресми ашық одаққа айналдырды деуге болады. Тіпті ең ірі демократиялы елміз дейтін Үндістан да Ресейді айналшықтап қалды. Демократиялы әлемнен дәмесі бар Бразилия да Ресейдің агрессиялық соғысына көз жұмып қарап келеді.
АҚШ билігі Еуроодақ елдерін де бір ту астында біріктіруге шамасы жетпеді.
Десек те, тарихта алғаш рет АҚШ өзінде істелген зымырандармен Ресей территориясын атқылау үшін Украинаға рұқсат берді. Ұшақтарын, танктерін, дрондарын т.б. қамтамасыз етті. Әлем бойынша, Украинаға ең үлкен әскери көмек берген елге айналды. Егер, АҚШ бастаған өркениетті әлем сонша көмек бермегенде, Украина осы уақытқа дейін құлайтын еді.
Өкінішке қарай, қазіргідей әскери көмекті, басындаақ үйіптөгіп бергенде, Ресей осы кезде бармағын шайнап қалатын. Батыстың осынша ойланыптолғануында АҚШ қолтаңбасы жатыр.
- – АҚШ қарызы өскен үстіне өсті. Джо Байден кезінде шамамен $9 триллионға артты! Ол да ауыздықтай алмады.
Құрманғали Қалмахан
Фото интернеттен алынды
ПІКІРЛЕР
Иә дұрыс айтасыз, егер АҚШ осыған дейінгі уақытта дәл соңғы кездегідей қару-жарақтарды үйіптөгіп бергенінде, сонда бұл Ресей билігі үшін қатты соққы болар еді, кім біледі, мүмкін соғыста ұзаққа созылмас па еді…