12-қараша. Turaninform. Түркия төрінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммиті өтіп жатыр. Ендігі атауы да өзгерді. Бұдан былай “Түрік Мемлекеттері Ұйымы” деп аталады.
Саммитке Қазақстан президенті де қатысуда. Ол көптеген тақырыпты қозғай келе, Түркияның сонау өткен ғасырдағы қазақтардың басына күн туғанда жасаған тарихи көмегіне алғыс айтты.
– Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасынөз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр.Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат.
Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын. Бауырлас елдеріміздің достығы мәңгілік болсын!
Назарларыңызға рақмет!, – деді ҚР президенті Қ. Тоқаев.
Түркия президенті Р. Ердоған былай деді: “Жаңа атымыз және құрылымымыз Түрік Мемлекеттері Ұйымымен бұдан былай тіпті жылдам, терең тамыр тартып, өсіп-өніп, болашаққа беталамыз”.
Фото интернеттен алынды
ПІКІРЛЕР