Сыр бойы – талай аңыздар мен тарихи оқиғаларға бай өңір. Шашақты найза көтеріп, кеудесін жауға тосып, елін, жерін қорғаған хас батырлар мен толқынды жырлар, тақпақтап келетін назымдарды шығарған ақындар шоғыры өте көп. Бүгінгі сөз еткелі отырған көрнекті қайраткер Темірбек Қараұлы Жүргенов те осы өңірде туған.
Жалағаш өңірінде екі сыныптық түземдік-мектебінің түлектерінің бірі «Іздібай өзегі» бойында жалаңаяқ жүгіріп ойнаған жас бала, кейін Қазақстан мен Орта Азияға аты мәлім болған қазақ елінің өркендеп дамуына елеулі үлес қосқан, қазақ халқының мақтанышы, Сыр түлегі – Темірбек Жүргенов болатын.
Ұлт үшін туылған тұлғалар болады. Ол байлыққа, билікке, атақ пен даңққа ұмтылып, пендешілікке өмірін зая етпейді. Оның бар мақсаты – ұлтын ұлы биіктерге көтеру, ел есімін мәңгілік ету. Мұндай тұлғалар өте сирек туылады. Алайда тарихтың ақтаңдақтарында, ел басына күн туған сәттерде осындай тұлғалар суырылып алға шығып, маңына ел мүддесін өз мүддесінен биік қоятын ұлтшыл азаматтарды топтастырып, туған ұлты тарих сахнасында мәңгі қалуы үшін қажетті бағдар құрып, қандастарын жаңа белеске бастайды.
Темірбек – осындай тұлға. Ұлы тұлға Қараұлы Темірбек Жүргеновтің туылғанына 125 жыл толуы қарсаңында, шығармашылық мұрасын жан-жақты дәріптеу, аға ұрпақ алдындағы өскелең ұрпақтың парызын ұғындыру мақсатында «Туған елін жанын беріп сүйеді ер, «Елім» деген ерге басын иеді ел!» тақырыбында №80мектеп-гимназиясына ұлт тәуелсіздігі күресінің рухани көсемінің есімін беру, ұрпақ бойында тарихи сананың қалыптасуына өзіндік ықпалын тигізетін мұражайдың ашылу салтанаты облыстық деңгейде аталып өтті.
Т.Жүргеновтің тарихи тұлғасы мен қайраткерлік қарымын танытып, тағылымға толы өнегелі ғұмырын кейінгі ұрпаққа кеңінен таныту межесін жоғары деңгейге көтерген шара «Асыл өнердің алып нары – Темірбек!» тақырыбындағы 80 жылдан асқан тарихы бар, қасиетті қара шаңыраққа мемлекет, қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов есімін беруге арналған салтанатты жиынымен басталды. Салтанатты жиынға Төретам кенті әкімі Елеусінов Ғалымжан Тәжмағанбетұлы,
Қармақшы ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Нәукебаева Шырын Мейрамбекқызы, Қармақшы аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Қосанова мен ата – аналар комитетінің төрағасы Аралбаев Смағұл, әр кірпіші тарихқа тұнған киелі шаңырақтың ажырамас бөлігіне айналған ұстаздардың ұстазы бола білген мектебіміздің бұрынғы басшылары
Төлемісов Пазылбек Наурызалыұлы мен Алиева Райхан Шаухарқызы да қадірлі қонақ ретінде қатысып, өздерінің жүрек жарды ыстық ықыластарын мектеп ұжымымен бөлісті.
Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне көп үлес қосқан Т. Жүргеновтің есімін мектебімізге беру салтанатының маңызды бөлігі болып табылатын лента қию рәсімі мектеп-гимназия директоры Калмаханов Берден Игенбаевичке, Темірбек Қараұлы Жүргеновтің туысы Жұмағұлов Әмит Иманғалиұлына және Қармақшы ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Нәукебаева Шырын Мейрамбекқызына сеніп тапсырылды. Жан біткеннің жүрегін тебірентер сәтте мектеп түлегі, Байқоңыр қалалық «Жастар» ресурстық орталығының маманы Төлегенов Досхан Талғатұлы мектеп ұжымына арнаған алғысын жыр шумақтарымен түйіндеп, шара қонақтарын әсем әнімен тербеді.
Т.Жүргенов – реформатор. Оның бір ғасырдан бұрын таратқан ілімі, реформаторлық идеялары тек қазақ халқы үшін ғана емес, халықаралық ғылыми кеңістікте, әсіресе түркі әлеміндегі гуманитарлық ғылымдарда күні бүгінге дейін мәнін жоғалтқан жоқ. Осы еңбектері туралы жәдігерлер жинақталған «Темірбек Жүргенов-қазақ руханиятының жарық жұлдызы!» атты мұражаймен таныстыру мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жүнісова Мақпал Мергенбайқызының еншісіне тиіп, мұражайды тамашалаған қонақтар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Темірбек Жүргенов жаңалыққа бой ұрып, ескілікті қолдағандарға аяусыз соққы беріп отырды. «Бізге іс керек, білем деушілер тіл білімін өркендетудің орнына кесірін тигізеді, бұл білгендік емес!»-деген кесекті тұлғаның кескінді сөзі мектебіміздің жоғары санатты ұстазы, педагог –зерттеуші Жұмабаеа Индира Бердіғұлқызының ұйымдастыруымен «Ұлт мақтанышы – Темірбек Жүргенов!» тақырыбындағы ғылыми –танымдық конференциясында ауқымды түрде көрініс тауып, ірі ғалымдар тарапынан нақты мысалдармен дәлелденіп жатты десек, артық айтқандық емес.
Қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің өміршең мұрасын, қайраткерлік күресін, ағартушылық қызметін жас ұрпаққа үлгі етуді көздеген конференцияға Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, «Болашақ» университетінің құрметті профессоры Аңсат Сәпен Әбдіқадырұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Жүргеновтанушы-ғалым Иманғалиев Бауыржан Сәбитұлы, Қызылорда облысының, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, әнші, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақстан тарихы кафедрасы, профессор Еңсепов Бауыржан Бердіқожаұлы мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы директорының орынбасары Серікбаев Сәкен Кәрібозұлы онлайн форматта, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, тарих кафедрасының аға оқытушысы философия докторы Омаров Дәулет Кәрібайұлы оффлайн форматта қатысып жасаған баяндамалары ұлтын ұлы биіктерге көтерген ұлы тұлғаның оқу-ағарту, көркем-өнер саласындағы қажырлы жұмысына берілген әділ баға болды деп мақтанышпен айта аламын.
Темірбек Жүргеновтің өз отанына деген шексіз ықыласы мен кіршіксіз тазалығын насихаттауды мұрат еткен ірі тұлғаның ұрпақтары Т.Жүргенов атындағы қордың мүшесі Жұмағұлов Әмит Иманғалиұлы, немересі Нұржанұлы Жағыпар, Базарбаев Бақытжан Төлекұлы, Тәуіпбаев Асылбек Тынарбайұлы, Шаймағамбетов Әмір Бердібекұлы мен Жарылқасынов Мусиф Жарылқасынұлының аталмыш шараның жоғары деңгейде өтуіне елеулі үлес қосқандығын ерекше атап өткім келеді. Мектеп ұстаздары мен оқушылары тарихи тұлғаның тағылымды тағдыры мен өнегелі өмірі туралы конференция қонақтарымен тартымды сұхбат құрып, өз сұрақтарына тұщымды жауап ала білгендері мен үшін үлкен қуанышты жайт болды.
Сыр саңлағының сырға толы еңбектерін кейінгі ұрпаққа насихаттап жүрген аға буын өкілдерінің тәжірибесімен бөліскен тағылымға толы сәт соңы мектебіміздің үздік ұстазы Ахметова Индира Ұзақбайқызының ұйымдастыруымен өткізілген «Туған елін жанын беріп сүйеді ер, «Елім» деген ерге басын иеді ел!» тақырыбындағы тамаша кешімен қорытындыланды. Кеш барысында мектеп оқушылары Т.Жүргеновтің сан қырлы тағдыры суреттелген көріністерден сахналық қойылымдар көрсетіп, шығармашылық топ оқушылары көпшілік қауымның көзайымына айналды.
Адам қай уақытта да биік мақсатқа, асыл мұратқа шын мәніндегі шабытты еңбек арқылы ғана жетеді. Облыс көлеміндегі ірі шараның биік деңгейде өтуі қайраткердің бүкіл шығармашылық қуаты жалаң сезімге емес, кең көлемдегі халық мүддесіне негізделуге, ақиқат өмірге тамыр тартуға тиіс екендігін жіті түсінген ұжымымның бір мақсатқа жұдырықтай жұмылған ауызбіршілігін мақтаныш етемін. Тұғырына туын қадаған, ертеңге сенім жалғаған, мектебін – алтын ұясын жерұйығына балаған әрбір жанға ұжым абыройынан қымбат ешнәрсе жоқ екенін дәлелдеген әріптестерім Есқалиева Клара Сереевнаға, Абдикадиров Бактир Райымовичке, Тажиева Мейрамкүл Берекетқызына, Жұмабекова Сәуле Күнтуарқызына, Еспаева Жазира Мусабековнаға, Баймаханова Назым Орынбекқызына, Кисикова Даражан Тастемірқызына алғысымды білдіре отырып, бірдің абыройын мыңның абыройына балаған ауданық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Нәукебаева Шырын Мейрамбекқызы мен аудандық әдістемелік кабинет әдіскері Қосанова Айгүл Әлібекқызына рахмет айтамын.
Оқу-ағарту саласында еселі еңбегі мен халқымыздың мәдениетті болуы үшін қажымай-талмай еңбек еткен ұлдарымыздың бірі, шынығып өскен алғыр да зерек, жалындап туған Темірше өзінің еңбек жолын болыстық кезеңнен бастап, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді. Ол өмірінің ақырғы сағатына дейін өз халқына адал қызмет етті. 1933-1937 жылдар аралығында Қазақстан өлкелік партия комитетінің бюро мүшелігіне сайланып, өлкедегі келелі істерге жәрдемін тигізді. Әлденеше рет облыстық, өлкелік партия конференцияларына делегат болып сайланды. Айта берсең, таудай тұлға тарапынан елі үшін жасалған жұмыстар ұшан-теңіз. Осындай алыптың атын бір мектепке немесе көшеге берумен ғана еңбегін ақтадық, ата алдындағы парызымызды өтедік деп те айта алмаймыз. Алайда, мектебімізде жоғары деңгейде өткен шараның табысты өтуі – Темірбек ұйымдастырған темір тәртіптің темір қазығы тұрпаттас азғантай ғана болса да, өзгеге үлгі, өзімізге сабақ боларлық дүние деп мақтанышпен айта аламын!
Б. Қалмаханов, Т.Жүргенов атындағы №80мектеп-гимназия директоры
ПІКІРЛЕР