8-қараша. Turaninform. Мұнай бағасының құлдырауы әлі де жалғасуда. Алдағы айлардағы көрсеткіші де төмен. Мәселен, ICE Futures– Лондон биржасында Brent маркалы мұнайдың бағасы $45,58-ге дейін төмендеген. Қазан айынан бері Brent маркалы мұнай бағасы 15%-ға арзандаған. Өткен айда $53,7-ге дейін қымбаттаған болатын.
Мұнай бағасының арзандауына көптеген объективті себептер әсер етіп отыр. Мысалы, Мұнай экспорттайтын елдер ұйымы (ОПЕК) мұнай өндіру көлемін қысқарту, сақтау бағытында неше рет кездескенімен, нәтижесі өте төмен болуы; АҚШ-тағы мұнай бұрғысының саны 9-ға артып, 450-ге жетуі; Сауд Арабиясының егер Иран мұнай өндіру көлеміне тоқтау қоймаса, күніне 11–12 млн баррельге дейін жеткіземіз деп мәлімдеуі т.б. мұнай бағасының қайта құлдырауына үлкен негіз болуда.
Бұл өз кезегінде экономикасы, тиісінше, ұлттық валютасы мұнайға тәуелді мемлекеттердің жағдайын жайсыз ете түсуде. Оның ішінде Қазақстан, Ресей де бар. Соңғы күндері мұнайға тәуелді аталған елдердің ұлттық валюталарының құны АҚШ долларына шаққанда тағы да төмендеді.
ПІКІРЛЕР