«Этноауыл» ұлттық мәдени кешенінің «Ethno Music Hall» концерттік залында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан этномәдени бірлестіктерінің «Мың келбет» концерті және «Өнеріміз саған – Қазақстан!» республикалық фестивалі өтті.
Іс-шараларды ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамблеясы.
– Бүгінгі «Мың келбет» атты концертті көпұлтты Қазақстанның бір көрінісі деп бағалағанымыз жөн.
Елімізде өмір сүріп жатқан халықтарды өзара сыйластық пен Отанға деген махаббат біріктіреді. Елбасымыздың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы адамдардың жан-жақты дамуына өз үлесін қосуда. Өйткені Ассамблеяға кіретін әртүрлі ұлт өкілдерінің шығармашылығы әр концерт сайын шыңдала түсуде.
Біздің мың бұралған бишілеріміз бен зор дауыс иелері әр елдің ұлттық колоритін көрсете біледі. Айта кету керек, Елбасы бір жиында ерекше сүйіп көретін концертім – Ассамблея ұйымдастыратын концерт деп айтқан болатын, – деді «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Александр Тараков.
Концертте еліміздің этномәдени бірлестіктерінің өкіл-дері, сондай-ақ халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Ардақ Әлекешев, Серік Ибрагимов, Ксения Сухомазова, Ринат Малцагов, «VoX Acapella Band» және «Алау» тобы өнер көрсетті.
elorda.info
ПІКІРЛЕР