Өз тілім – өмірім

Өз тілім – өмірім

Алмас Маратұлы

Өткен аптада Алматы қаласы, №83 гимназия оқушыларының дара ақын Мұхтар Шахановпен кездесуі өтті. «Өз тілім – өмірім!» атты бұл кездесудің ең негізгі мақсаты – жас бүлдіршіндеріміздің тілге, Отанға деген сүйіспеншілігін ояту дейді аталған іс-шара ұйымдастырушылары.

Айта кететініміз, бұл кездесудің өтуіне себепкер болған – №83 гимназияның қазақ тілі әдістемелік бірлестігінің мұғалімдері. Сондай­ақ, 5, 6­қазақ сыныптарында қазақ әдебиеті пәнінен оқытылатын Мұхтар Шахановтай әдебиет өкілін көріп, онымен тілдесу кез келген баланың арманы екені сөзсіз. Бала арманын орындау – жас буынға қанат бітіру екені даусыз!

Іс-шара «Төрт Ана» бейнебаянын тамашалаумен басталды. Сөз басы гимназия директоры Нұрғалиева Ажар Ғазизқызына бұйырды. Ажар ханым Мұхтар ағадай тұлғамызды гимназия төрінде көріп отырғанына қуанышты екенін айтып, ел тарихында ойып тұрып алар өзінің дара орны бар ақын шығармашылығына тамсанатынын жасырмады. Сонымен бірге, бір топ оқушылардан құралған домбырашылардың орындауында түрлі музыкалық композицияларға куә болдық. Мұхтар ағаның көңілі көтеріліп, жас бүлдіршіндердің өнеріне таң-тамаша болып отырды. Әрі қарай оқушылармен бірге Шаханов поэзиясымен тербеліп, Мұхтар ағаның өзіне де келіп қалдық. Сонымен сөз тізгінін ақын аға өзі алды. Өте салмақты, байыпты бастаған ол, бара-бара дауысын қатты шығарып оқушылар санасына тиек етердей құнды ақылдарын бірінен соң бірін төгіп жатты. Бала тәрбиелеуде осындай өмірге қажетті дүниелерді айтып отыру, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндіру әбден керек екені айтпаса да түсінікті. Кездесу барысында жауқазындарымыз көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып жатты. Әсіресе, бір кішкентай қызымыз: «Мұхтар ата, сіз мектепте қалай оқыдыңыз? Тентек болған жоқсыз ба?» дей беріп еді, бүкіл зал ду күлісіп, артынша Мұхтар аға: «Иә, мен тентек едім! Артынан санағанда бірінші орында болдым» деп жымия жауап қайырды. Кешегі бала Мұхтарды бүгінде дара ақын Мұхтар Шаханов еткен – әдебиет. Ол кітаптар, шығармалар, қазақ әдебиеті.

Қазақ әдебиетін дәріптей келе, оның ана тіліміз арқылы өз өмірін сүретінін, тіл аман болса, әдебиет аман болатынын оқушы санасына ұялаттық. Кездесу соңында гимназия кітапханасына Мұхтар Шахановтың судай жаңа кітаптары табысталды. Ал өз кезегінде гимназия директоры барша ұжым атынан ақын да қайраткер ағаға алғыс білдірсе, гимназия оқушылары Мұхтар Шахановпен естелік суретке түсіп, қолтаңба алып жатты

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 1
  • comment-avatar

    Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің қатарына жатады

  • DISQUS: 0