Жээнбеков жеңді, ал, қырғыз халқы ше?..

Жээнбеков жеңді, ал, қырғыз халқы ше?..

Қырғыз елінің халқы билігін бақылауға толық алмаса да, саяси жүйесін әжептәуір демократиялады. ТМД-­да тұңғыш рет, бір мерзім ғана отыратын президентін бейбіт түрде ауыстырды! Үлкен жетістік. Сыртқы күштердің саяси интервенциясы, лоббиы арқылы билікке келуі мүмкін адам болса, жолын кесе алатынын дәлелдеді. Қырғыз елінің бұл да бір жетістігі. Жээнбековтің жеңгені, қырғыз елінің де жеңісі саналса, әрине, мемлекеті үшін жақсы. Қалай десек те, мұндай саяси оқиғалар тоталитарлық, авторитарлық құрсаудан шыға алмай отырған кей көрші елдер үшін алыстап тұрған саяси арман сияқты көрінеді… ТМД­-ның көптеген елдері сондай тартысты сайлауды көрмегелі қашан…

Дегенмен, Қырғызстан өзін қоршай орналасқан тоталитарлы, авторитарлы саяси жүйедегі елдер билігінің түрлі кедергілерінен алдағы жылдарда өте ала ма?.. Батыстық дамыған өркениеттен қашық жатыр. Мұны бір деңіз. Екіншіден, сайлаушылардың саны 3, 025 млн болса, соның 1 млн 692 мыңы дауыс берген екен. Бұл 55,93%-ы ғана дауыс берді деген сөз. Демек, Қырғызстанда да абсентизм басымырақ немесе қоғамдық, саяси өмірге деген белсенділік төмендеу. Қоғамында әлі де саяси бос кеңістік әжептәуір сияқты. Мұны арам ойлы саясаткерлер қажет кезде өз пайдасына жаратып кетуі әбден мүмкін. Үшінші. Сол сайлауда дауыс берген 55%-ды саяси белсенділер десек, соның жартысынан сәл астамының ғана көңілінен шыққан жаңа президент Сооронбай Жээнбеков, қарсы болған қалғандарын өз соңына ерте ала ма?.. Төртіншіден, С. Жээнбеков пен дауыс саны бойынша екінші орындағы Ө. Бабанов арасындағы бәсекелестіктен жарасымды демократиялық саяси мәдениет байқала қоймады. Керісінше, әлдебір бір-­біріне деген жаулық, қапыда кездесе қалса, аямайтын қарсыластық барын байқатты. Бұл жақсы деуге келмейді… Бесінші. Экономикасы болса, әлсіздеу. Алтын қоры бар болғаны – $552 693 515. Бір ғана Ресейдің өзінде шамамен 500-000-1 000 000 арасында қырғыздар күн көріп жүр делінеді! Олардың Ресейден аударған ақшасы биылдың бірінші тоқсанының өзінде 433 млн АҚШ доллары болған. Бұл Қырғызстан ЖІӨ-­інің шамамен 6,6% -ы. Егер, сол көрсеткішті шартты түрде алып, бір жылдағы төрт тоқсанға көбейтсек, 26,4% шығады немесе ЖІӨ-­інің ширегінен астамы! Демек, бұл ел демократиялық жолмен дамығысы келсе де, тоталитарлы Ресейдің қас-­қабағына қарауға мәжбүр. Әзірге осындай…

Құрманғали Нұрғали

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0