Тарихтың өзекті арнасы жеке тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің мемлекетке, халқына сіңірген сан-салалы еңбегіне ғылыми зерттеуді талап етеді. Ғылым қашанда жеке тұлғалардың жемісті еңбегінің, шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде жинақталып, пайда болады. Жеке тұлға ретінде азаматтық жолына талдау жасалған, оның қайраткер ретінде қалыптасуы әрқашан халқының жадында, тарих қойнауларында есімі де, қызметі де сақталған, жасаған ерлік істері бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналып отырған қазақ жерінің ардақты тұлғалары аз емес.
Міне, осындай адами биік қасиеттерге ие ардақты тұлға, еліміздің ғылымы мен білімінің дамуына үлес қосып, бар саналы ғұмырында соның ыстық-суығына көніп, өз өмірін ғылымның бейнетті еңбегіне арнап, барлығы ерекше құрмет тұтатын мамандықпен қызмет етіп, өмір жолында өз жұмысының қыр-сырын бес саусақтай біліп, білген-түйгенін жастарға үйретуден әсте жалықпаған, абырой-беделіне кір келтірмеген майталман маман, ұлағатты ұстаз Тұрсын Хафизұлы Ғабитов биыл айтулы 70 жасқа толды.
1971 жылы Қазақтың қара шаңырағы атанған ҚазМУ-ды үздік дипломмен тәмамдағаннан бері саналы ғұмырын киелі білім ордасымен байланыстырып, 1977 жылы философия ғылымдарының кандидаты, 1997 жылы философия ғылымдарының докторы дәрежесіне жетіп, ассистенттік қызметтен бастап, оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі лауазымына дейін көтерілген ардақты ұстаз – білім, ғылым, мәдениет саласын дамытуға белсенді еңбек етті.
Тарихтың көмескіленбеуіне қызмет ететін құнды дүниелердің ең бастысы- кітап. Ғабитов еңбектерінің құндылығы – мәдениеттану ғылымы кеңістігінің іргетасы болып, мәдениеттану пәніне арналған еңбектерінің көш басында тұруы, оның осы еңбектердің ғылыми-әдістемелік қалыптасуынының күрделі де көп қырлы үдерісін мәдени тұрғыда баға жетпес өзіндік пайымдауларымен жасаған ұмтылысында жатыр.
Тұрсын Хафизұлының ерен еңбегі Қазақстанның қазақтілділік басым аймақтарындағы білім беру және ғылыми ортасында қоғамдық ғылымдар мен мәдениеттанудағы әдіснамалық құралдар мен нұсқауларға зәру кездерде, мұғалімдердің де, студенттердің де «Ғабитовтың кітабы» деп іздеп жүретін баға жетпес оқулықтар жазғанында. Мұның тағы бір дәлелі ғалымның жетекшілігімен жазылған «Мәдениеттану» оқулығы Мәдениет және ақпарат министрлігінің байқауында “Қазақстан онжылдығының ең үздік оқулығы” деп танылды.
Ұлтжанды, терең парасатты ғалымның жетекшілігімен Қазақстанда алғашқы мәдениеттанулық зерттеу жұмыстары ұйымдастырылды. Қазақ мәдениеті тарихын зерттеудің теоретикалық, сонымен қатар, отандық мәдениеттану ғылымының теориялық-әдіснамалық мәселелерін анықтады. Қазіргі таңда ол 200-ден астам ғылыми жұмыстың авторы, олардың 50-і жеке және ұжымдық монографиялар. Оның ғылыми басшылығымен 3 ғылым докторы, 40 ғылым кандидаты диссертациялар қорғап шықты.
Т.Х. Ғабитов «Жоғарға оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының (2007), Қазақстанның білім мен ғылым саласына қосқан үлесі үшін президенттік ғылыми стипендияның, ҚР-ның «Үздік авторы» конкурсының, республикамыздың ғылым, білім және техника саласына қосқан үлесі үшін «Қазақстанның ғалымдар одағы» конкурсының лауреаты. Оның «Мәдениеттану» оқулығы Мәдениет және Ақпарат министрлігінің конкурсында «Қазақстан он жылдығының үздік кітабы» (2001) атанды, бұл кітап «Ұлы Жібек жолы» халықаралық кітап жәрмеңкесінің лауреаты (2006) болды, сондай-ақ, ҚР Жоғарғы оқу орындары Қауымдастығының шешімі бойынша, Қазақстанның ең танымал оқулықтарының қатарына енді. Т.Х. Ғабитов 2001 жылдан ҚР Әлеуметтік Ғылымдар Академиясының академигі, «ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері» (2008), «ҚР ғылым саласына қосқан үлесі үшін» (2007), А. Байтұрсынов атындағы (2004) медальдардың иегері. 2007 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» аталса, 2009 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
Тұрсын Хафизұлы халқымыздың бай мәдени мұрасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысты. «Әлемдік философиялық мұра» және «Қазақ халқының философиялық мұрасы» секцияларының мүшесі, ғылыми мақалалардың авторы және 6 томның құрастырушысы болды.
Көне Рим ойшылы Сенеканың: «Өмір ұзақтығымен емес, өмірлік мазмұнымен өлшенеді» дегеніндей, шындығында, ғылым мен өмірді, тұлғалық пен саяси-әлеуметтік мәртебені үйлестіре білген ғалым болу – екінің бірінің қолы жетпейтін биік белес.
Қазіргі таңда Тұрсын Хафизұлы қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өзінің қайталанбас ерекшелігі мен кәсіби мәртебесін бекемдей түскен, барлық жағынан заман ағымына ілесуге талпынатын, соған сәйкес мәдениет пен дін мәселелерінің ара-жігін кәсіби тұрғыдан ашып, ғылыми дәрежеде негіздейтін, мәдениеттану және дінтану мамандығының сұранысына сай, біліктілігі өте жоғары мамандар дайындайтын ғылыми орта, философия ғылымдарының докторы, профессор Құрманалиева Айнұр Дүрбелеңқызы басқаратын «Мәдениеттану және дінтану» кафедрасының құрметті профессоры ретінде шәкірттер тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп, тың бастамаларымен ғылыми жаңалықтарды енгізуде. Озық ойлайтын дара қабілетімен әлі де ғылыми қоғамды тәнті етіп келеді.
Тұрсын Хафизұлы шәкірттерінің бойына осындай ғылыми ұстанымдармен қатар, биік азаматтық қасиеттерді де сіңіре білді. Адами парызды бәрінен жоғары қоятын ұстаз өмірдің қилы жағдайларында әрқашан көмек қолын ұсынып, ақыл-кеңестерін айтып отырудан жалыққан емес. Адамгершілік пен мәдениеттіліктің биік өлшемдерін көрсетіп, қиындықтарға мойымауға үйретті. Сондықтан Тұрсын Хафизұлын барлық шәкірттері тек ғылымдағы ғана емес, өмірдегі де ұстазымыз деп біледі. Сондықтан да сіз барлық құрметке лайықтысыз, Ұстаздардың ұстазы! Біз сізді әрдайым мақтан тұтамыз, айтар алғысымыз шексіз.
Денсаулығыңыз мықты, мерейіңіз үстем, ғұмырыңыз ұзақ, қуанышыңыз мол болсын!
Әл-Фараби атындағы «Мәдениеттану және дінтану» кафедрасы, Мәдениеттану мамандығының PhD докторанттары атынан Әбікенов Жарқынбек
ПІКІРЛЕР