Еліміздің экспорты 30%-ға өсіп, 48,3 млрд. АҚШ долларын құрады

2013-2017 жылдар аралығында Қазақстанның жалпы экспорт көлеміндегі өңдеу өнеркәсібі экспортының үлесі 23%-дан 32%-ға дейін өсті. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 25 пайызға артып, 69,5 миллиард долларға жетті. Экспорт 30%-ға өсіп, 48,3 млрд. долларды, импорт 15,5%-ға артып, 29,3 млрд. долларды құрады.

«Биыл экспорттың оң тенденциясы сақталып келеді. 2018 жылдың 2 айындағы деректер бойынша экспорт 8,8 млрд. АҚШ. долларынан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,4%-ға артық. (1,9 млрд. АҚШ. доллары) Яғни, 6,9 млрд. АҚШ долларын құрады», – деді Жеңіс Қасымбек.

Экспортты ілгерілету үшін Мемлекет қаржылай және сервистік көмек көрсетеді.

«2010-2017 жылдары экспорттаушыларды қаржылық-сақтандыруға 112,6 млрд. теңгеден астам сомада қолдау көрсетілді. Олар сондай-ақ, Экспорттық саудалық қаржыландыруға 14,7 млрд. теңге және экспорт алдынғы қаржыландыруға 5 млрд. теңге көлемінде қолдау алды. Жыл сайын 40-тан астам экспорттаушы қаржылай қолдауға ие болады. Ал, сервистік қолдау көрсету аясында 2010-2017 жылдары 2 млрд. АҚШ долларынан астам (2017 жылы 197 млн. АҚШ. долларына дейін) сомаға 1 800 өндіруші экспорттық келісімшарт жасасты. 204 экспорттаушының 1,6 млрд. теңге көлеміндегі (2017 – 280 млн. теңге) шығыны өтелді. Жыл сайын 400-ден астам экспорттаушы сервистік қолдау алады», – деп атап өтті министр.

Шикізаттық емес экспорттың үлесін ұлғайту мақсатында қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғырту мен экспортқа бағытталған жаңа өндірістерді іске қосу есебінен мүдделі құрылымдармен (салалық министрліктермен, Атамекен, KazakhInvest, «KazakhExport» ЭСК», ЖАО)бірге нақты жұмыстар жүргізілуде. Сыртқы нарыққа 7-8 жаңа өнім шығару бойынша 2015 жылдан бері тұрақты тенденция  сақталып келеді.

«2017 жылы сыртқы нарыққа «Нива», «Peugeot» автокөліктері, күн панельдері, газ қазандықтары, патрондар, рельстер, пос-терминалдар, құрғақ бие сүті сияқты сегіз жаңа өнім шығарылды», – деді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, министр Үкімет отырысында экспортты қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында бірқатар ұсыныстарын да жеткізді.

 mid.gov.kz

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0