Қай кезде болсын қоғамда өзектілігі мен мәнін жоғалтпайтын бір құндылық бар. Ол – қайырымдылық. Көңілге жылу сыйлайтын, адамзат баласының бір-біріне көрсеткен құрметін, бауырмалдығын, мейірімін айқындай түсетін игі істің қашанда шарапы болады. “Жақсылықты бөліссең көбейеді” демекші, осындай игі шара күні кеше Орал қаласында өтті. Бұл қайырымдылық гранд балы осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Қарттар күніне орайластырылған шараға жүзден астам дебютант жастар, елімізге жәна шетелге танымал өнер иелері және басқа да қонақтар қатысты. Кештің басты кейіпкері – белгісіз жанға бүйрегін беріп, сол адамның өмірін аман алып қалуға талпынған, осылайша мейірімділіктің символына айналған Абзал Әбілов пен оның жары Әйгерім болды.
Кеш шымылдығын Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов ашты. Жиналған қауымға маxаббат пен мейірімділіктің нағыз үлгісін көрсете білген бұл кештен керемет әсер алдық. Қарияларымыздың жүзіндегі қуаныш көңілге жылу ұялатты. Қазыналары қарттарымыздың көтеріңкі көңіл-күймен ән салып, би билегенін көргенде төбеміз көкке жеткендей болдық. Сонымен қатар концерттік бағдарламаға ұласқан кеште эстрада жұлдыздары көру, есту, сөйлеу қабілеті зақымдалған балалармен өнер көрсетті. Бір бойы арнайы дайындықтан өткен 60 бозбала мен 60 бойжеткен дебютант тардың биін айтпай кетуге болмас. Мың бұрала билеген өнерпаздардың ішінен Нұрбек Қуатов пен Ботагөз Зұлқайдарова суырылып шығып, кеш королі мен xаншайымы аталды. Шарадан түскен қаржы түгелімен көру қабілетінен айырылған Гүлxая Жуашбаеваның еміне аударылды. Осындай игі шараның өтуіне қолдау білдірген Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласының әкімшілігіне, демеуші болған жүрегі жомарт жандарға және ұйымдастырушы Алпамыс Шәрімовке үлкен алғыс білдіреміз. Адамға адамның қадірі осындайда білінеді емес пе?! Көмек көрсету үшін, қайырымдылық жасау үшін қалтаңызда қомақты қаржы болуы міндетті емес. Жүрегіңізге кішкентай мейірім болса жеткілікті. Адамдарды жақсылық жасауға итермелейтін игі шара одан әрі жалғасын таба берсін. Жақсылық жасап жарысайық!
Бағдагүл РАХМЕТҚЫЗЫ, ҚР Журналистер одағының мүшесі
ПІКІРЛЕР