С. Нұрбек: Ғылымға 2021ж. 109,3 млрд. теңге бөлінді

С. Нұрбек: Ғылымға 2021ж. 109,3 млрд. теңге бөлінді

Turaninform ақпараттық-сараптамалық сайтының атынан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбек мырзаның атына ресми сауал жолдаған едік. Жауаптары осылай тізіліп келді. Қаз-қалпында ұсындық. 

 Қасаң ішкі “қағидаларға” негізделген, тым ресмиленген, күнделікті өмірмен қабыса бермейтін тұстары болса, ой бөлісіңіздер…

– Ғылыми институттарға жылына неше теңге бөлінеді?

– Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін қаржыландыру Заңға сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық, бағдарламалық-нысаналы және тікелей қаржыландыру тәртібімен белгіленген шарттарда қаржыландырудың әртүрлі нысандары бойынша жүзеге асырылады.

Қазақстанда соңғы 5 жылда ғылымға жұмсалатын шығыстар 40,5 млрд.теңгеге немесе 60%-ға өсіп, 2021 жылы-109,3 млрд. теңгені құрады.

«ҚР «Ғылым туралы» Заңына сәйкес, басым бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған мемлекеттік тапсырманы және мемлекеттік тапсырысты орындайтын мемлекеттік ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен жүргізіледі. Осыған орай, ағымдағы жылы, базалық қаржыландыруға 5,7 млрд. теңге қаражат 85 ғылыми ұйымға бөлінді. Осы қаржыландыру аясында Министрлікпен қатар 9 салалық уәкілетті органның ғылыми ұйымдары да қамтылған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылдан бастап ғылыми ұйымдарды жаңғырту және институционалдық дамыту үшін қаржы бөлінуде.

Қазіргі таңда, 800-ге жуық атаудағы заманауи жабдықтар сатып алынды, 2021 жылы 16 ғылыми-зертеу институттары үшін жабдықтардың 792 атауы сатып алынды. Ағымдағы жылы ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға және күрделі жөндеу жүргізуге республикалық бюджеттен 15 ғылыми ұйымға 2,9 млрд. теңге бөлінді.

– Тікелей ғылыммен айналысатын ғалымдардың орташа айлық жалақы көлемі қанша?

Қазіргі таңда, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Ұлттық жобаның «Ғылым» блогының негізгі бағыты ретінде Ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту шеңберінде ғылыми қызметкерлер санын 2025 жылға дейін 1,5 есеге, жас ғалымдар санын 50% – ға арттыру жоспарланған.

Осы мақсатқа сәйкес, 2021 жылғы 15 қарашада «ҚР Ғылым туралы» Заңына жетекші ғалымдардың еңбегіне ақы төлеуді базалық қаржыландыруға қосу, ғылымды қаржыландырудың жаңа түрі – іргелі ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдарды қаржыландыруды енгізу, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды мемлекеттік қаржыландырудың ұзақтығын 5 жылға дейін ұлғайту, ҰҒК шешімдерінің апелляциясы институтын енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, ғылыми тағылымдамалардан өтудің нормативтік базасы көзделіп, ағымдағы жылы ғалымдардың жалақысы 2 есеге артты (252 мың теңгеге дейін).

– Министрлік қабырғасындағы институттардың биыл атап айтарлық ғылыми жаңалықтары болса, бөлісіп өтсеңіз…

Ағымдағы жылы отандық ғалымдар перспективалы деп бағалаған бірқатар жобаларды іске асырды.

Айта кетсек, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының Ақпараттық қауіпсіздік зертханасының қызметкерлері жаңа HBC-256 және HAS01 хэштеу алгоритмдерін әзірледі.

Әзірленген жаңа хэштеу алгоритмдері құпия сөзді сақтаудан бастап файлды тексеру жүйелеріне дейін әртүрлі сандық технология қосымшаларында қолданылуы мүмкін.

Сондай-ақ, әзірленген жаңа AL02 және AL03 шифрлау алгоритмдері негізінде алынбалы сыртқы тасымалдағышта сақталған «Ресми пайдалану үшін» шектеу белгісі бар ақпаратты алдын ала шифрлауға арналған бағдарламалық-аппараттық кешеннің (БАК) прототипі жасалды. БАК – бір тақталы шағын компьютер. Жасалған отандық БАК құпиялылықты қамтамасыз ету мақсатында компьютерлік файлдар деңгейінде ақпаратты алдын ала шифрлауға арналған.

Қазіргі уақытта Министрлікке қарасты Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейін Қазақстан тарихы» академиялық басылымының жеті томын әзірлеу»атты ғылыми жобасының 6 томында Желтоқсан көтерілісін қамтитын арнайы параграф енгізіліп, жазылып жатқандығын мәлімдейміз.

Сонымен қатар, Генетика және физиология институтының да бірқатар  ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен жетістіктері де бар.

Мысалға, экологиялық бағытта – қоғамда үлкен талқылаулар тудырған Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі тұрғындарына техногенді әсерлерді бағалау, Алматы облысының бірнеше аймақтарында пайдаланылмаған тұрақты органикалық ластағыштардың (пестицидтер) тұрғындардың денсаулығына әсері зерттеу жұмыстарын айтуға болады.

Медицина бағыты бойынша, Институт базасында маңыздылығы жоғары генбанк қоры жинақталған. Ондағы материалдар адам популяциясында кездесетін көптеген аурулар, оның ішінде жүрек-қан тамыр аурулары, әртүрлі онкологиялық аурулары бар науқастардан жиналған қан үлгілері. Сонымен қатар, Қазақстан популяциясында кездесетін аутизм ауруымен, эпилепсия ауруымен ауыратын науқастардан жинақталған биологиялық материалдар сақталған. Осы материалдар негізінде әртүрлі сипаттағы генетикалық зерттеу жұмыстары гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде жүргізіліп келеді және нәтижесінде аталған патологиялардың дамуына әсер ететін генетикалық маркерлер анықталуда.

Бұдан басқа, елімізде алғаш рет жүргізіліп отырған қазақтың ұлттық құндылықтарының біріне жататын қазақтың Тазы ит тұқымының генетикалық зерттеулерін де атап айтуға болады. Бұл зерттеу жұмысы. Және бұл зерттеу жұмысының нәтижесі келесі ретте Тазы ит тұқымын өсіру, тұқымды сақтау және оның мәдени мұра ретінде ары қарай да дамуына мүмкіндік береді.

Генетика және физиология институтында  Орталық Азияда алғаш рет 2022 жылы ашылған палеогенетика және этногеномика орталығы жұмыс істейтінін де айта кеткен жөн.

Бұл орталықтың негізгі жұмыс бағыттары пәнаралық сипатта, яғни археология, антропология және тарих салаларымен байланысты. Қазіргі кезде орталық базасында Қазақстанның әртүрлі аймақтарынан жиналған шамамен 1500-ден астам адамдардың биоматериалдары жинақталып, олардың Y-хромосома және мт ДНК гаплотиптері анықталды. Сонымен қатар, Қазақстан аймағынан табылған археологиялық материалдарға (шамамен 360-тан астам) Макс-Планк Институтымен бірге генетикалық зерттеулер жүргізілді. Оның ішінде, Әбілқайыр хан, Венгриядағы ғұн дәуіріне жататын үлгі, «Үржар патшайымы», Ботай қонысы үлгілері және т.б. айтуға болады. Аталған археологиялық үлгілердің шығу тектеріне зерттеулер жүргізілді.

Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ғылым қоры» АҚ арқылы гранттық қаржыландырған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға бағытталған 3 жобаны атап өткім келеді.

1.Ламинарлық ағымның отандық гемосорбенттері.

Профессор З.Мансуровтың жетекшілігімен ағзаны детоксикациялау жүйесінің негізі – қанды экстрокорпоралдық детоксикациялау аппараттарына арналған отандық гемосорбент-картдриджәзірленді. Құралдың бірегейлігі – бұл пациенттің қанынан орта және ірі молекулярлық ақуыз токсиндерін кетіруге мүмкіндік беретіндігі.

Сорбциялық материал ретінде ұнтақталған күріш қабығынан алынған белсендірілген көмір қолданылады. «Жалын» ғылыми-өндірістік орталығының базасында гемосорбент өндірісі құрылып 30 млн. теңгенің өнімі сатылды.

  1. Жоғары сенімділікті қамтамасыз ету компьютері.

Гранттық бағдарлама шеңберінде ғалымдар мен мамандар тобы ақпараттық егемендікті қамтамасыз етуге қабілетті PC4U Trust Pro жоғары сенімділікті қамтамасыз ететін компьютер шығаруды ұйымдастырды.

Дербес компьютерлерге операциялық жүйесін рұқсатсыз жүктеуді болдырмайтын, бағдарламалық-аппараттық ортаның тұтастығын тексеруді қамтамасыз ететін сенімді жүктеу құралдары орналастырылды.

Компьютердің қосалқы құралдардың бәрі Қазақстанда жасалады. Қазіргі күні компания 3 мыңға жуық компьютер сатты, жалпы табысы 900 млн.-нан асты.

  1. Банк карталарын қабылдау бойынша мультиэквайринг жүйесі.

ҚР Ұлттық Инженерлік академиясының ғалымдары қазіргі заманғы талаптар мен трендтерге сәйкес келетін технологияларды және банктік карталарды пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау бойынша және салық органдарына ақшалай есеп айырысулар туралы деректерді жіберу мүмкіндігі мен қолжетімді IТ-қызметтерін жасау үшін технологияларды әзірледі.

Қарапайым тілмен айтқанда бұл аппараттық-бағдарламалық кешен  тек бір POS-терминалды қолдана отырып бірден бірнеше банктің POS-терминалы болып табылады.

Аталған IТ-қызметті және аппараттық- бағдарламалық кешенді сатудан түскен табыс 2022 жылдың басында 200 млн. теңгені құрады.

– Саясат мырза, өзіңіз барған кездегі Генетика және физиология институтының сұрықсыз фотоларын жұрт көрді. Осындай стратегиялық маңызды мекемені алдағы уақытта қалай дамытпақ жоспарларыңыз бар? Осыған дейін жылына қанша қаржы жұмсалып келген? Ғалымдарына ше? Қандай жаңалық ашқан?

Институт «Жалпы генетика және цитология институты» деген атпен 1995 жылы мамыр айында құрылған. 2021 жылы құрамына ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетіне қарасты «Адам және жануарлар физиологиясы институты» мен «Биобақылау, сертификаттау және клиникаға дейінгі сынақтар орталық зертханасын» қосу нәтижесінде «Генетика және физиология институты» болып қайта құрылды. Қазіргі кезде Институт құрамында 11 зертхана және 1 орталық жұмыс істейді.

Генетика және физиология институтының бүгінгі күнгі басты мәселесенің бірі  – орналасқан ғимараттың жөндеу жұмыстарын қажет етуі.

Сіздерге  мәлім, ҚР ғылымын дамытудың 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ғылыми зерттеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту көзделген.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ғылым комитеті 2020 жылдан бері ғылыми ұйымдарды жаңғырту және институционалдық дамыту үшін 800-ге астам атаудағы заманауи жабдықтар сатып алып, ғимараттарға күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірледі. Сондай-ақ, ағымдығы жылы ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға және күрделі жөндеу жүргізуге республикалық бюджеттен 15 ғылыми ұйымға 2,9 млрд. теңге бөлінді.Бұлардың арасында Генетика және физиология институты да бар.

Генетика және физиология институтының негізгі қаржыландырылуына 2021 жылы – 97 ,7 млн. теңге бөлінсе, 2022 жылы осы мақсатқа бөлінген қаржы шамамен 11 млн.-ға артып 109, 2 млн. теңгені құрады. Оның ішінде ғылыми қызметкерлердің жалақылары да шамамен 19 млн.- ға артты.

Ғылыми-техникалық бағдарламалар мен гранттарды бюджеттік қаржыландыруларға 2021жылы – 355 млн.-нан астам қаражат бөлінсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш– 411 млн.-нан асты. Жалпы, 2022 жылы 1468 ғылыми зерттеу жұмыстары іске асырыла бастады немесе жалғастырылды.Жобаларды іске асыру нәтижесінде 74 қорғау құжаты алынды. 2490 жұмыс жарияланды, оның ішінде шетелдік басылымдарда –  1023 жұмыс жарияланып, 40 ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері енгізілумен аяқталды.

Генетика және физиология институтының да бірқатар  ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері мен жетістіктерін жоғарыда атап өттім.

– ЖОО өз студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету шартын қалай жүзеге асырасыздар?

Министрлік өзге қаладан келген студенттердің тұру жағдайларын жақсарту мәселесін шешу мақсатында облыстардың, Алматы, Астана, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне қонақүйлер мен хостелдердегі бағаларды реттеу қажеттілігі туралы хат (2022 жылғы 8 шілдедегі                   № 3-14-2/2999-хат) жіберді. Ағымдағы жылы Жоғары оқу орындары жатақханалар мен қонақ үйлерден 15 мыңға жуық орынды жалға алды.

Сонымен қатар алғаш рет Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің базасында жатақханадағы орындарға мұқтаж студенттерге көмек көрсету бойынша штабтың жұмысы ұйымдастырылды. Ағымдағы жылы 562 студентке көмек көрсетілді. Студенттер Алматы Менеджмент университетінің, Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол академиясының, Логистика және көлік академиясының жатақханасына орналастырылды.

Сондай-ақ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мәселелері бойынша кері байланысты және өтініштерді қабылдауды қамтамасыз ету үшін Министрлікте өтініштерді қабылдауға тікелей желі қолданылады. Министрліктің тікелей желісінің байланыстары жоғары оқу орындарының ресми сайттарында орналастырылған.

Сонымен қатар, студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін 2018 жылдан бастап 2022 жылғы қарашаға дейінгі кезеңде 21 567 орындық 81 жатақхана іске қосылды: 8962 орынға арналған 45 нысанды қайта жаңарту жолымен, құрылыс жолымен 36 нысан немесе 12 605 орын. 2022 жылдың соңына дейін 3 530 орындық 11 нысанды іске қосу жоспарланған. Қазіргі таңда ол жатақханалардың 90% – дан астам дайындығы бар.

– Елімізде оқытушылар жетіспеушілігі бар ма?

Елімізде оқытушылар жетіспеушілігі байқалмайды.

Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында 36 404 профессорлық-оқытушылық құрам жұмыс істейді (магистрлер – 14 256, ғылым кандидаттары – 10 456, PhD докторлары – 3 732, ғылым докторлары – 271). Дәрежелілігі – 48,8% құрайды.

Сонымен қатар, бүгінгі күні жоғары оқу орындарында 2009 жылдан бастап шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы іске асырылуда. Жыл сайын 200 ғалымды тартуға республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді. Осы жылдар ішінде 13 045 шетелдік маман тартылды.

– Қазақ және орыс топтарында оқитын студенттер саны неше?

Қазіргі уақытта елімізде 119 жоғары оқу орны жоғары білімі бар кадрларды даярлауды жүзеге асырады.

2022-2023 оқу жылында жоғары оқу орындарында 578 237 студент білім алуда, оның ішінде қазақ тілінде – 377 467 адам, орыс тілінде – 155 116 адам, басқа тілдерде – 45 654 адам.

– Қай облыста, республикалық маңызы бар қалаларда ЖОО бойынша парақорлық, жемқорлық жоғары не жиі кездеседі?

Сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында жоғары оқу орындарында мынадай шаралар қабылданып жатыр:

Этика ережелері мен академиялық адалдық ережелері әзірленіп, бекітілді;

«Нөлдік төзімділікті» (принцип нулевой терпимости) қалыптастыру мақсатында барлық университеттерде әдеп және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жөніндегі уәкілдер, комплаенс қызметі құрылды.

Министрлік Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп:

– Жоғары оқу орындарында мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекітті (БҒМ 2020 жылғы 24 сәуірдегі №161 бұйрығы);

– «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт» бекітілді (БҒМ 2020 жылғы 4 мамырдағы
№ 174 бұйрығы);

– «Жоғары оқу орындарында академиялық адалдық қағидаттарын енгізу бойынша әдістемелік нұсқаулық» бекітілді (ҚР БҒМ 2021 жылғы 10 желтоқсандағы №578 бұйрығы).

Емтихан кезеңінде барлық жоғары оқу орындарында объективтілік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында «Таза сессия» акциясы өткізіледі.

Көптеген жоғары оқу орындарында «Электрондық университет» порталы жұмыс істейді. Онда сабаққа қатысудың, үлгерімнің электрондық журналы жүргізіледі. Бұл жүйе журналға балл қою мерзімдерін сақтап, онлайн-тестілеуді қамтамасыз етеді.

Азаматтардың дербес деректерін қорғау мақсатында электрондық университетке кіру логин мен парольді енгізу арқылы жеке кабинет арқылы жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, оқу орындарының сайттарында ректорлардың блогі, «Сенім жәшігі», студенттер мен олардың ата-аналарына арналған «сенім телефоны» тікелей желісін көздейтін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет» бөлімі жұмыс істейді.

Сонымен қатар, білім берудің барлық деңгейлеріндегі білім беру бағдарламаларына кіретін оқу пәндеріне парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптары енгізілді.

Қазіргі уақытта екі ЖОО-да магистратура деңгейінде комплаенс-офицерлерді даярлау бойынша білім беру бағдарламасы әзірленуде.

Оған қоса, 2021 жылдан бастап Министрлік жоғары оқу орындарының оқытушыларының жалақысының минималды мөлшерін орнату туралы ұсынымдық негіздегі бұйрық жасап оқу орындарына жолдады.

2020 жылдан бастап, мемлекеттік тапсырыс құны да артуда. Бұл тікелей оқытушылар құрамының айлық ақысын көтеруге мүмкіндік беретінін ескерсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара болып саналатыны сөзсіз.

Жоғарыда аталған іс-шаралардың барлығы парақорлық пен жемқорлыққа қарсы шаралар.

Алайда, біз нақты бір қаланы, облысты немесе тиісінше жоғары оқу орны пара алады немесе алмайды деп бағалай алмаймыз.

– ЖОО басшысы мен ұжым қызметкерлері арасында қай тақырыпта жиі мәселе туындайды?

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдарының қызметі туралы үлгілік ережелер мен білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шектерде оқу-тәрбие процесін жүзеге асыруды, кадрларды іріктеу мен орналастыруды, ғылыми,  қаржы-шаруашылық және өзге де қызметті дербес жүзеге асырады.

Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында қызметкерлер, білім алушылар, үшінші тұлғалар арасында мүдделер қақтығысының туындау тәуекеліне ұшыраған салаларда шешімдер қабылдаудың әділ және объективті процесін қалыптастыру мақсатында әдістемелік ұсынымдары әзірленді. (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 161 бұйрығы).

Аталған Әдістемелік ұсынымдарға сәйкес мүдделер қақтығысына жол бергені, сондай-ақ оны реттеу жөнінде шаралар қолданбағаны үшін жауапкершілік туралы мәселені шешу жоғары оқу орнының жоғары алқалы органы шешеді.

Уәкілетті тұлға мүдделер қақтығысын жоғары оқу орнының қызметкерлері, білім алушылар, үшінші тұлғалар арасында мүдделер қақтығысының туындау тәуекеліне ұшыраған салаларда мониторинг жүргізу арқылы анықтайды.

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0