Еліміздің бағын саяси демократия – құқық теңдігі, әділдік, сөз бостандығы, соның негізіндегі белсенді де сауатты дамыған азаматтық қоғам ашады. Мұның ішіне барынша таза өтуі тиіс сайлау да жатады. Осыны бұза-мұза басқара беруге де болар. Бірақ, содан экс-президент не тапты? Қаңтар қырғынына апарып, тарихи түрлі мүмкіндіктерін жіберіп алған күйде, абыройсыздықпен кетті.
Ел де, жер де – баршамызға ортақ, яғни, халыққа да, биліктегіге де. Батырып жазсақ та, айтсақ та, сол ортақ Қазақ елінің гүлденуі үшін. Әлеуеті зор, әрі өте бай Қазақстан, тиісінше дамысын, бақуатты тұрсын деген ізгі ниеттен тууда.
Екінші, үшінші республика деп жалаң ұрандата бергеннен гөрі, күнделікті өмірден көрінетін, білінетін игіліктерді көргісі келеді. Қарапайым халық. Отыз жылда сылдыр сөзге тойды. Ендігі билікке қалғаны – әрекет. Мұны ұқпаса, саяси да, экономикалық та алға жылжуымыз неғайбыл. Еліміз дағдарыстың қазығын айналып жүре береді…
Егер, қазіргі саяси басқару жүйесі тиімді болғанда, өткен онжылдықтар ішінде еліміздің мерейін тасытып, тұрмысын асырып, дәулетті елге айналдыруы тиіс еді. Бұған Қазақстанның экономикалық әлеуеті жетіп асады.
Қара халықтың тұрмыс-тіршілігі қандай екендігінің бірден-бір ресми өлшемі – төменгі жалақы. Соңғы 10-11 жылда бұл жағы да оңбады. Былтыр президент халықтың жартысы айына 50 мың теңгеге қарап қалғанын айтты ғой. Бұл қалың жұрт жағдайының қақсыған үстіне қақсып бара жатқанының көрінісі. Әділдік үшін…мұғалімдер мен медицина қызметкерлерінің, полиция мен мемқызметкерлер жалақысы дүркін-дүркін өсіп жатыр. Бірақ, еліміз тек олардан ғана тұрмайды ғой. Бармақтай Бельгияда бір сағат еңбекақы – 41,6 еуро. Демек, бір күн жұмыс істеп, Қазақстандағы екі айлықтан аса төменгі жалақыны алуға болады! Артта қалғанымызды осының өзі көрсетіп тұр.
Экс-президент кезінде қолдан жасалған әлеуметтік және экономикалық мәселені климатқа сілтеп, әрі қарай блогері, басқасы, геосаяси және географиялық орналасуды да сылтауратты ғой. Ірі ел етуге аз мүмкіндік берілмеді. Отыз жылдан аса уақытта елімізге $380 миллиардтың үстінде инвестиция құйылған. Экономикалық болашағы тар елге, осынша ақша сала ма?! Қазақ елі тәуелсіздік алғанда, қарызсыз мемлекет еді. Қазір $160 миллиардтай қарызымыз бар. Ал, осыдан 30-35 жыл бұрынғы кедей Қытай, Қазақстанға танауын таңқитып қарайтын елге айналды. Тіпті тас-талқаны шыққан, бір бөлігін жоғалтқан федеративті Германияның өзі екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі 15-20 жылда еңсесін тіктеп үлгіргені сонша, әуелі Еуропа, артынан әлемдік деңгейдегі экономикасы ірі үш елдің қатарына енді. Жетістік деп осындайды айтады. Қазақстанға неше Германия сыйып кетеді. Ал, тұрмысымыз олардан әлдеқайда нашар. Барлығы салыстырғанда байқалады ғой. Сондықтан ЖІӨ-ді жан басына шаққандағы Батыстың бүгінгі ТОП-10 елдерінің 1980ж. көрсеткішін қазіргі Қазақстанмен салыстыра ұсынудамын.
- Швейцария – €19430;
- Швеция – €16880 ;
- Люксембург – €17670;
- Норвегия – €15760;
- Исландия – €15130;
- Дания – €13890;
- АҚШ – €12550;
- Қазақстан – €11440;
9.Канада – €11280;
10.Австралия – €11010;
11.Ирландия – €6250.
Арамызды кемі 40 жыл бөліп тұр. Сөйткенде, тұрысымыз сол: 8-орын. Біз анау жеті мемлекеттің өткен ғасырдың 80ж. деңгейіне де жете алмай тұрмыз! Нақты жағдай осы. Қозғасаң шыға береді, Қазақстан әлі он жыл бұрынғы экономика көлеміне жете алмай келеді. Бұл туралы бұған дейін де жаздық. Осындай жағдайда экономикалық өсім туралы мақтана айтудың, жазудың өзі де артықтау ғой. Халықаралық валюта қорының мәліметіне сүйенсек, былтыр Қазақстан ЖІӨ-і $225,78 млрд. болған. Ал, 2013ж. ЖІӨ көлемі 236,6 млрд. АҚШ долларына жеткен еді. Ал, қайсысы көп екен?..
Сондықтан осы сараптамада бірнеше тақырыптарды сөз етуге тырыстық…
Қазақстан – Орталық Азия қақпасы…
Байқасаңыздар, соңғы уақытта Еуропа+Орталық Азия елдері немесе АҚШ, Қытай мен Ресей – әрқайсысымен осы нұсқада түрлі іс-шаралар (саммит, басқосулар) артып кетті. Әрине, бұл аймақпен байланысын Қазақстансыз елестете алмайды. Сондықтан біздің мемлекет міндетті түрде назарында ұсталады.
Егер, ел билігі саясат жағынан Еуропа мен АҚШ-қа бүйрегін бұрса, тұтастай халқымыз үшін саяси стратегиялық оң бағыт алған боламыз. Әйтеуір, билігі өзгеріп тұратын, адам құқығын тең ұстау жолындағы демократиялық елдер ғой. Соңынан ерткен Жапония, Корея Республикасы қандай қазір… Батыс ықпалында қалған федеративті Германия кезінде қалай дамыды? КСРО дегенімен жүрген Шығыс Германия ше? Социалистік Германияның сол кездегі Федеративті бөлігінен артта қалғаны сонша, біріккеніне отыз жылдан асса да, әлі сол экс-социалистік аймағы ілесе алмай келеді. Олай болса, бізге Батыстың адами қалыпты бұзбайтын саяси құндылығына өту, демократиясын бойға сіңіру халқымыз үшін тым маңызды.
Ал, Қытайға бет бұрсақ ше?.. Онда басты тасқа соқты дей берейік. Қытай өткен айда ғана өз елімен бірге әскери альянс құруды ұсынды. Қазақстанға. Соған сәйкес, билік қолында тұрған біздегі саяси топқа қарата: Егер, «Қаңтар» қайталана қалса, ендігі көмекті алды тым бұлыңғыр Ресейдің беруі екіталай, сендерді сондай қысылтаяң шақтарда біз құтқарамыз, қорғаның бола аламыз дегенді меңзеу секілді көрінеді. Билік осы жолды таңдаса, яғни, Қытаймен әскери одақтаса қалса, соған арқа сүйесе, өздерімен қоймай, Қазақстан тәуелсіздігін жарға тіреп қояды. Себебі, қазақ халқы қытайлық тарапқа осыншалықты экономикалық тәуелді болса да, әскери тәуелділік бейсана да, саналы түрде де қарсылығын тудырса керек.
Жәй ғана бір мысал. Халықты осылай экс-президенттің ескі саяси «дәстүрімен» басқара берсе, билікке қарсы стихиялы наразылық бұрқ ете қалмасына ешкім де кепіл бола алмайды. Сондай жағдайда, Қытайдан әскери көмек сұраса не болар еді?.. Жағдайды ушықтырып жібереді деп ойлаймын. Азамат соғысына ұласуы әбден мүмкін. Орталық Азияның «Сириясы» етеді. Әскерилердің арасында да қытайлықтармен бір қатарда тұрып, өз халқына қару кезенетіндер көп шыға қоймас, сірә. Бұл да берісі, яғни, жұмсақтау сценарий. Әрісінен орағытсақ… Кезінде, XVIIIғ. ортасында Жоңғарияны тып-типыл етіп жоқ қылған Қытай екенін ұмытпаған жөн. Сонда жоңғар қонтайшылығы үшін таласқан саяси күштердің бірі қытайлық биліктен көмек сұрап, ақырында, ешкімге де бұйыртпай, жоқ етеді. Әрине, дәл сондай ашық қадамға бара қоймас. Бірақ, Украинаны мемлекет ретінде жойғысы келіп, былтыр агрессиялық соғыс ашқан рашистік Ресейді олар да көріп отыр. Құдай сақтасын, Украина тізе бүксе, елдігі де кетеді. Бұл Қытай билігінің арами ойына да жол ашып береді.
Қызғанғаның қызыл итке жем болсын. Осыған салсақ, қазіргі жоғарыдағылар өз халқынан биліктің майлы жілігін қызғанамын, қоримын деп, өздеріне де бұйырмай қалып жүрмесін. Қазақ халқы үшін ең ауыр сценарийдің бірі осы. Құдай басқа салмасын, әрине. Сондықтан мемлекетті жоғалтып алмау үшін де қоғамды демократияландыру қажет. Дұрысы, салыстырмалы түрде алғанда, сәл-пәл тыныштау осы кезеңде халықтың азаматтық көзқарастарын дамыту, өз елін өзі қорғай алатын қуатты ұлт ету жолына түсіру. Саяси басқару тетіктерін қазірден халықтың өз қолына ұстата беруді керек еді. Бұл әділ сайлаумен, сөз бостандығымен, еркін БАҚ-пен тығыз байланысты. Митингке шыққандарды қудаламау да соның көрінісі.
Сондықтан елім деп тұрған, сол жолда шындықты ашық та астарлы жеткізе алатындарды, білімді де білікті адамдарды, демократтарды итере бермей, керісінше, билік қайта өзіне тарта бастауы қажет. Биліктің ұшар басындағылар жедел саяси демократиялық реформалар жасап, ел мүддесін алдыға қоюы тиіс. Осы кезден…
Облыс, қала әкімдерін төте сайлау демократиялық дағды қалыптастырады
Қала, облыс әкімдерін төте сайлау да өзекті. Адамдардың бойында демократиялық дағды қалыптастырады. Саяси санасын кеңітеді. Орталықтандырылған саяси басқару үлгісі отыз жылдан аса уақытта қандай ұшпаққа жеткізді? Облыс әкімдері, жергілікті басқару органдарының басшылығы өзіне тікелей бағынатынын оңынан пайдаланып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиісінше өсіре алды ма? Жоқ, өз деңгейінде дамыта алмады. Әйтпесе, көптеген облыстың қалың тұрғыны Алматы мен Астана жағалап кетпес еді. Облыстар денінің жыртығын жамап тұрған осы екі қала. Соларсыз Қазақстанды елестетіп көріңіздер. Жүздеген мың қазақстандықтар жәй жұмыс үшін шетел кезіп кететіндей көрініс шығар еді. Бұл, анық, қазіргі жергілікті өзінөзі басқару саясатының олқы тұсы. Тамыр-таныс, жемқорлық, парақорлық та, содан шығып жататын кәсіби біліксіздік, менмендік, пасық та сасық бюрократия осы орталықтандырылған, яғни, бір адамның қолына сонша өкілеттіктерді беріп қоюмен тығыз байланысты. Төте сайлаудан жік-жік болып бөлініп кетеді деп алаңдаудың қажеті жоқ. Алдымен оңтүстік, орталық, батыс өңірлерден бастап сынақтан өткізуге болады. Бәлкім, басында туысына, танысына, досына қарай тарту кездесер. Десек те, уақыт өте келе бұл да қала бастаса керек.
Әкімдерді тікелей сайлау мемлекет іргесін шайқалтады, қауіпті деу де қисынсыз. Құлайтын болса, әлемнің нөмірі бірінші елі АҚШ құлар еді. Міз бақпай тұр ғой. Германия, Ұлыбритания т.б. демократиялы елдердің де мұртын балта шаппады. Керісінше, дамыған үстіне дамуына үлес қосуда. Тікелей сайлау тоталитарлы жүйеге ғана қауіпті. Сондағы жемқор, парақор, мансапқор, әділетсіз, ел болашағы дегенге басы жетпейтін, ойы тар, біреудің есебінен күн көріп үйренген шенеуніктерге, әлбетте, жақсылық емес. Әрі алдында құрдай жорғалап жүретін топырлаған адамдар көзден бұлбұл ұша бастайды. Тағы да Украинаны алайық. Львов губернаторы бөлінеміз деді ме? Киев мэрі кеттік деп, қарсы бетке шықты ма? Жоқ. Қайта жұмыла кірісіп жатыр ғой.
Саяси стратегиялық тұрақтылық дегеніміздің өзі осымен сабақтасады.
Халық пен биліктің өзара сенімі қымбат тұрады…
Былтырғы Қаңтар оқиғасы халықтың билікке деген сенімі нөлге жуық екенін көрсетті ғой. Онмыңдаған шенеуніктердің біреуінің сөзі жүрмеді. Билік партиясының 800 мыңдай мүшесінен де сөзі өтетін бір адамы табылмады. Оппозициясымақ партияларының да үні өтпеді.
Ресей: Украина билігін неоұлтшылдар, милитаристер басып алды, нашақорлар отыр, геноцид жасауда, солардан халқын “азат” етеміз деп баса көктеп кіргені белгілі. Бірақ, украин халқы алданбады. Ермеді. Керісінше, жұмыла Отанын қорғауда. Себебі, бізбен салыстырғанда, халқы анағұрлым демократиялық жолмен президентін сайлап алды. Радасы да тірі парламент. Кімнің кім, ненің не екенін біледі. Себебі, қоғамы бізден ашықтау, жасыратыны шамалы. Кемшілігі жоқ демеймін, бірақ, демократияда бізден алдыға кеткен еді. Сондықтан биліктің жедел мобилизациясына құлақ асты. Екіге бөлінбеді. Ресей ауыр соққы алды. Азамат соғысын да тудыра алмады. Әйтпесе, билігін төңкеремін десе, украиндықтардың қолдарына қару тиді, ресейлік билікке сүйенсе, қолдайды, яғни, мүмкіндік туып-ақ тұр. Біздің елге келейік. Мәселен, Құдай сақтасын, шартты түрде алсақ, біздің елге билігіңнен құтқарамыз деп бір мемлекет әскерін кіргізсе, қазақстандықтар жұмыла қарсы шыға ма?.. Жасандылықтарынан, әділетсіздіктерінен, жемқорлықтарынан, адам құқығын қарапайым аяқасты етуінен т.б. түрлі келеңсіздіктерінен құтыла алмай отырған қалың жұрт қосыла кетіп, ел екіге бөлініп, Азамат соғысы туып кетуі мүмкін еді.
Тағы бір мысал. Өткен ғасырдың 90-жылдарының аяғында «Азия дағдарысы» болғаны белгілі. Дағдарыс ортасында Оңтүстік Корея да қалды. Жығылған үстіне жұдырық: сол кезде алтын-валюта қоры да түгесіледі. Енді не істейді? Содан Оңтүстік Корея билігі Халықаралық валюта қорынан (ХВҚ) 58 миллиард АҚШ доллары көлемінде кредит алуға мәжбүр болады. Сонымен қатар үкіметі халқынан елге көмектесу үшін қолдарындағы алтындарын өткізуді сұраған. Халқы болса, ағылып келіп үкіметке өткізген екен. Тіпті тегін берген делінеді. Осылайша, 226 тонна алтын жинапты! Оңтүстік Корея дағдарыстан жедел әрі жәй ғана шығып қоймай, 1999-жылды шамамен 10%-дық экономикалық өсіммен аяқтап, ал, ХВҚ-дан алған кредит – $58 миллиардты мерзімінен үш жылдай бұрын қайтарады! Бұл – халық пен биліктің арасындағы өзара берік сенімнің, отансүйгіштік қуаттың қандай болатынына бір дәлел болса керек.
Сөйткен ел әлем бойынша орташа жалақыдан бесінші орынға шықты! Азия емес! Жер жүзі елдері бойынша! Мыңдаған қазағың сол елден нәпақа тауып жүргені және бар.
Сондықтан халық пен биліктің өзара сенімі қымбат тұрады. Біздің елдегідей онмиллиондаған, жүзмиллиондаған, миллиардтаған ақшаны жеп, біреуі ұсталып, екінші бірі қашып кетсе, басқасы күмәнді жағдайда сытылып шықса, мемлекетті басқаруда тікелей жауапты шенеуніктердің арасында жаға ұстатар басқа да оқиға көбейсе, әділетсіз сайлау ұйымдастырса, адам құқықтары тапталып жатса, күштінің әлсізге тізе батыруы жиілесе, халықтың сеніміне әсер етпейді деп ешкім айта алмаса керек. Өзара сенімнің төмендеуі тұтастай ел үшін жақсы емес екені анық…
Діни жік салғысы келгендер отпен ойнап жүр…
Осы күні қазақтардың өзара діни қарым-қатынасы бұрынғыдай емес, әлдебір, селдіреу байқалады. Әсіресе, тәңіршіл көзқарасты ұстанушылар тарапынан ислам дініне қарата тас атушылар артты. Әлеуметтік желіге кірсеңіз, адам аузы бармайтын сөздерді көресіз. Ең болмағанда, қасиетті Рамазан айында да тілдерін тартпады. Барлығы бір қазақ. Өкініштісі сол, демократия деп жүргендер мұсылмандықты мансұқтағысы келеді. Ислам сөзін, құндылығын келекеге айналдырғысы келетіні аңғарылады. Өзін төмендетіп жатқанын білсеші… Осылайша, қазақтілді және көптеген орыстілді қазақтардың бастары бір қазанға сыймай жүргенде, орысша дүниетанымда адасқан қазағыңды түзей алмай тұрғанда, діни жік ашылып барады. Иә, ислам атын жамылған әлдебір радикалдардың түрлі оқиғалары да қасиетті дінге деген кей қазақтардың аяғын кейін тартқызды. Тіксінте келе, антиисламдық көзқарасқа ойысты. Дегенмен олар ислам діні емес екенін білсеші…
Тәңіршілік – дін емес, ол адами ойдың жемісі. Содан туған мифтік-философиялық дүние… Бүкіл адамзатқа жіберілген соңғы пайғамбары бар, Қасиетті Кітабы түскен исламның қасында, тәңіршіл философияңыз тіпті жіп есе алмайды. Осылай десең, әрине, тәңіршіл қазағың жатып кеп ренжиді. Олай болса, мұсылман қазаққа да тәңіршіл көзқарасты таңбау қажет еді. Енді мұның соңы діни алауыздыққа апармасына кім кепіл бере алады?..
Демек, қазіргі қазақтардың басы дінде де бірігейін деп тұрған жоқ.
Қазақ үшін демократ қайырлы ма, әлде ұлтшыл ма?..
Екі түрлі саяси бағыттағы адамдардың, саясаткерлердің қоғам үшін қайсысында игілік көбірек?.. Демократиялық құндылықтарды басшылықта ұстаушы, адам құқығын жоғары қояды. Адам түгілі жануарлар құқығын, қоршаған ортаны қорғауда да ойы ілгері. Демек, әділдік, теңдік, адалдық негізгі ұстанымдарынан. Адам құқығы жоғары деңгейде сақталатын, өркениетті, тұрмысы қуатты, билікке жабысып алмайтын, ауысып тұратын, әрі әділ сайлауы, сөз бостандығы, тәуелсіз БАҚ пен соты бар дамыған мемлекеттер кімдердің, ненің, қандай құндылықтың арқасында жетіп отыр? Сол демократиялық құндылықтарды басшылыққа алатын саясаткерден бастап, алуан саладағы демократтардың арқасында жетістікке жетіп отыр. Демократ Қазақстанда болып жатқан қазіргідей құқық қорғау органдарының азаптау, ұрып-соғу, көпе-көрнеу қылмыскер ету секілді оқиғаларға үзілді-кесілді қарсы. Қоғам болып талап етеді. Демократ Парламент депутаты болса, жедел түрде заңсыздықтарды тыюға кіріседі. Қоғам шырылдап, әлеуметтік желілерге әбден тарап, Еуропарламент мәселе көтеріп, халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары дабыл қаққасын барып, әрең дегенде қимылдаған сыңай танытпайды. Қылмыскер болса да, заң шеңберінде жауапкершілікке тартуды құп көреді.
АҚШ-тың 16-президенті А. Линкольн демократиялық құндылықтар туралы ойын былай білдіреді: Құл болуды да, құлиеленушілікті де қаламас едім. Ал, әйгілі саясаткер-демократ У. Черчилль сөзі мынадай: Ешқашан күшке сүйенбеңіз, егер, қарсыласыңыздан айқын түрде басым болып тұрсаңыз… Бұл нені білдіреді? Билік басына шықса да, демократ саясаткердің диктаторға, автократқа айналуы екіталай, ал қоғамын тоталитаризмге сүйреуі неғайбыл екендігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, тоталитарлы саяси жүйеде демократтың билікке баруы, депутат болуы мүмкін емес (дерлік) жағдай. Төмендеу ойдағы демократтың өзі кемінде сайлаушылардың даусына тәуелді екендігін біліп, қоғамдағы мәселелерге үн қосады, қызу ортада жүреді. Себебі, келесі жолы дауыстан айрылса, саяси мансабын тас-талқан етуі мүмкін.
Енді ұлтшыл саясаткерге келейік. Олардың әсіреұлтшылға айналып кетуі қиын емес екенін тарих көрсетті. Мысалы, Б. Муссолини, А. Гитлер. Олар да нағыз ұлтшыл болды. Біреуі итальянды, екіншісі немісті көкке көтергісі келді. Содан екеуі әсіре қадамдарға барғаны сонша, фашизмнен бір-ақ шықты. Адам айтқысыз қандықол диктаторларға айналды. Ақыр соңы өз елін де мезі етті. А. Гитлер тіпті Германияны жарға тірегені сонша, оның саясатының соңы АҚШ пен КСРО-ның сол елді екіге бөліп алуына себеп болды.
Демек, ұлттың нәзік тақырыптарын (тілі, ділі т.б.) алаулата қозғап, соған сай, қолдау артып, саяси тиімді кезді пайдаланып, билікке келе қалса, автократқа айналуы алыс емес екен. Өз елімізден де мысал бар. Ұлтшыл деген А. Сарым, Е, Сайыров, Р. Зайытов, Е. Бапи т.б. мәжіліс депутаттары өз қазағы құқық қорғау органдарының тарапынан азапталып, тіпті өліп кетіп жатса да, әлі үлкен мәселе көтеріп, тыйым салатындай ірі қадамдарға барған жоқ. Алдыңғы Президент сайлауына да ұлт тақырыбын қыздырған ұлтшылдар белсене араласты. Аяғында не болды?.. Шімірікпей соңына ергендерді саяси ойынның құрбаны етті. Кейбір басшылар да бар. Өздерін ұлтшыл санайды. Бірақ, қарамағындағы қазақтардың пікірін көтере алмайды. Бірден ізіне түседі. Басып тастауға ұмтылады не аяқтан шалады. Осы ұлтқа болысу ма?.. Ұлт көркейсін дегендік пе? Керісінше, жасық, жағымпаз, босбелбеу, екіжүзді, қызметі төменге дөрекілердің көбеюіне үлес қосуда. Солардың алға шығуына мұрындық болуда. Көзқарастары сәйкес келмеген ұлттасын, елге еңбегі тиюі мүмкін болса да, күресінге тастайды, шеттетеді. Айналып келгенде, қазіргі Қазақстанға зиян тигізетіндей деңгейге жетті.
Демек, ұлтшылдықты ұстанушылар өз ұлтына да жағдайға қарай қызмет етеді. Басы жетпесе, бұл да жоқ. Қазіргі ұлтшылдар Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсын аталарымызды өздеріне үлгі тұтқандай болады. Мен де құрметтеймін. Бірақ, аталған ірі қайраткерлерді ұлтшыл дегеннен гөрі, демократтығы әлдеқайда басым тұлғалар деген жөнірек. Мысалы, саяси партия құру, сайлау өткізу дегенің нағыз демократия ғой. Билікті басып алып, диктатор болу ойында болмаған. Бар ойы – теңдік (қазақтарды отарлай түскен, менсінбеген Ресейдің қысымынан алып шығу), сол арқылы қазақ елін көркейту. Теңдік – демократиялық құндылықтарға жатады.
Мысалы, мемлекеттік тілдің өз елінде жоғары деңгейлі сұраныста болмауы, анық, қазақ ұлты құқығының өрескел бұзылуы. Ел азаматтарының қазақша білуі табиғи заңдылық болуы тиіс еді. Өйткені, мемлекет құрушы ұлт – қазақтар, қалғаны диаспора. Германияда немістердің шамамен 70%-ы ағылшын тілін біледі екен. Бірақ, қоғамдық өмірде неміс тілі үстем тұрады. Себебі, қарапайым ғана әділдік: мемлекет құрушы – немістер. Германияға көшіп кеткен қазақстандық орыс, елімізге, туысқанына болуы керек, келеді. Сонда ол таңданыс білдіріпті: қалай қазақ тілін білмейсің, білуің тиіс қой деп. Норвегияда да мемлекеттік білім беру орындарында балаларды кішкентай кезінен өз ұлтының құндылықтарын бойына сіңіре тәрбиелейді екен. Екеуі де демократиялық мемлекет. Сондықтан демократиялық құндылықтары бар елде ұлт ұпайы жерде қалмайды. Керісінше, түгенделеді, сақталады, көркейеді. Себебі, әділдігі, дұрысы сол.
Әрине, демократтың да, ұлтшылдың да абсолютті мәні осындай демеймін. Адам болғасын, әртүрлісі кездеседі. Дегенмен оларға тән басым қасиеттер осындай. Олай болса, қазақ үшін демократ қайырлы ма, әлде ұлтшыл ма?.. Қазіргі қазақ елі ұлтын сүйген демократтарды көптеп керек етеді. Соған мұқтаж.
Тоталитаризмнен жартылай демократияға дейін…
Өткен ғасырдың 90жж. басында, орта тұс шамасында кей мемлекеттік БАҚ-тың өзі президентті сынай беретін. Сол уақыттағы “Ақиқат”, “Зерде” т.б. ақпарат құралдарында С. Әбділдин, Ғ. Алдамжаров, Ж. Қуанышалин және т.б. саясаткерлердің, саясаттанушылардың Н. Назарбаев туралы сыни пікірлері шығып жататын. Парламент (Жоғарғы Кеңес) те президент дегенімен жүре бермейтін. Ашық мінеп, кейде сілкілеп алатын. Парламент пен мемлекеттік БАҚ-тың президентті батыл сынап, дегенін жеткізе алуы – тоталитаризмнен шыққан Қазақстан үшін әжептәуір жетістік еді. Тіпті сол кез жартылай авторитаризм саналса да. Себебі, сол бағытпен жүре бергенде, демократияның да төбесі көрініп қалар ма еді. Өкінішке қарай, уақыт өте келе Н. Назарбаев биліктің бүкіл тармағын түрлі әдіспен қолына түсірді. Өзі автократқа, саяси жүйе тоталитаризмге айналды. Билікке тым араласқаны сонша, университет ректорларын да тағайындауға көшті. Мұның соңы қалың саяси дағдарыстың нәтижесі – Қаңтар оқиғасымен аяқталды. Өзі кетті. Құрған жүйесі қалды. Ендігі билікті қолына алған Қ. Тоқаев былтыр қыста, көктемде саяси реформаның исін шығарды. Азаматтық қоғамға адымдатып, тоталитаризмнен, болмағанда, жартылай авторитаризмге тартатындай сыңай байқатты. Сонау тоқсаныншы жылдарды елестетті. Билік «Жаңа Қазақстан», «Екінші республика» дегенді шығарып, қоғамда жалаулатып жүрді ғой. Қазір басылғанға ұқсайды.
Саяси демократиялық реформа жасаймын дегенге екі жыл да жетеді. Кезінде испан диктаторы Ф. Франко дүниеден өтісімен, ізін басқан бірінші Х. Карлос бірден демократиялық бағытқа елдің бетін бұрып жіберді. Өзі монарх болып, елін езіп отыра беруге болатын еді. Ал, ол демократияны таңдады. Сөйтті де, бар болғаны, екі жылдың айналасында Испанияны демократиялы ел етті. Реформа дегеніміз сондай болуы керек. Не – бар, не – жоқ.
Әйтпесе, тарихқа үңілсек, Тунистің қашқын диктаторы З. Бен Али 1987ж. билікке келген кезде де, «Екінші республика» деген шыққан. Сөйткен оның саяси мансабы 2011ж. дейін билікке тас кенеше жабысып, екінші диктаторға айналып, халық наразылығы салдарынан шетелге қашуымен аяқталды. Оны да жолбарыс деп атаған…Сондықтан Қ. Тоқаев мырза айналасындағыларды осы кезден демократияға сүйреп, тірі саяси реформа жасауы қажет-ақ. Митингке шығып, тиісті саяси құқығын пайдаланып, демократияға шақырушылар емес, қасындағы мансапқұмар, жемқор, парақор, өтірікті сапырған, жағымпаз, жымысқы, әрі қарамағындағыларды құлша жұмсап үйренген шенеуніктер елге қауіпті. Соларға тыйым-жыйым қойғаны жарасар еді. Президент саяси өмірде, ең болмағанда, елді сол тоқсаныншы жылдардағы жартылай авторитаризмге дейін әкелсе, қоғамның саналы да сауатты бөлігі әрі қарай демократияға алып кетеді деп ойлаймын (ал, сол жолда кездесетін анау-мынау көшпен түзеле береді). Қазақстан саяси-экономикалық дамудың баянды жолына түсті деп сол кезде ғана айта аламыз. Бүгінгі еліміз әлі тоталитаризмде шыр айналып, әрі аса алмай тұр.
P.S. 1. Демократия – рухани ауа. Демек, мұның бір адамның не шағын саяси топтың қолында болуы қауіпті. Мысалы, оның (немесе саяси топтың) қоғамдық сол рухани ауаны қалағанынша қысып тұншықтыруына не өздеріне қарай кеңейтуге мүмкіндігі бар. Бұл әрекет(тер)і үшін жазаланбайды. Себебі, бүкіл заңды ықпал ету құрылымдары өз(дер)інің қолында. Өкінішке қарай, біздің ел билігі де содан арыла алмай келеді. Бұл жолды әрі қарай созамын деу – тағы да қан төгу. Халықтық билік қана саяси тұрақтылыққа кепілдік береді. Саяси биліктің халықтық болуы дегеніміз, әр азаматтың өз көзқарасын ашық білдіре алуы – сөз бостандығы сақталуы, сайлау әділ болып, әр адам өзін-өзі депутаттыққа ұсынуы, тиісінше дауыс жинаса – өтуі, әрі қарай Парламент арқылы атқарушы билікті бақылауы, президенттің (жартылай Парламенттік болса) екі мерзімнен артық қызмет атқармауы, тәуелсіз БАҚ өз жұмысын кедергісіз жүргізуі, сот дербестігі. Халықтың саяси өмірге еш кедергісіз белсене араласуы. Бір адам неше жерден данышпан саясаткер болса да, бүкіл билікті қолында ұстап, ұзақ, қалауынша басқаруы – саяси тұрақсыздыққа ғана жол ашады.
2. Бір жылға жетпейтін уақытта елімізде екінші рет алапат орман өрті болды. Қостанай мен Абай облысындағы лапылдаған от ауданын қоссақ, 100 мың гектардан аса орманды алқап күйіп кетті. Туған-туысын жоғалтып қаншама жан аңырап қалды. Тағы бір сорақы жағдай, ел ішінде Экология министрлігіне, минстріне қатысты алыпқашпа әңгіме тарады. Мұның алдында Төтенше жағдай министріне қатысты да шу көтеріліп басылған. Қалалық білім бөлімі бас бухгалтерінің өзі нақты ақша – миллиард тг көлемінде ұсталғаны анау. Мұның барлығын неге қозғап отырмын? Оңған қай сала бар? Осының барлығы қазіргі саяси жүйенің бетбейнесінен, жандүниесінен хабар беріп тұр ғой.
Алаш деп, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Шоқай т.б. өткен ғасырдың көрнекті саяси қайраткерлерінің фотосымен қоса, нақылға айналған сөздерін әр жерге іліп қойды. Астанада. Жөн-ақ. Дегенмен алаштық сол абзал азаматтар аңсаған демократиялық қоғам құрдық па?.. Жоқ. Ахмет абайлап сөйлейтін, Әлихан әлсіз, ал, Мұстафа мұңая шетел асатын қоғамнан әрі аса алмаудамыз…
Құрманғали Қалмахан, журналист
Фото интернеттен алынды
ПІКІРЛЕР