Астана қаласының әкімі Ж. Қасымбек мырзаның назарына!

Астана қаласының әкімі Ж. Қасымбек мырзаның назарына!

Тәртіпті жан-жағыңыздан да талап етуіңізді сұраймыз. Әңгіме Астанадағы білім саласының былығы, жұмыстарындағы жүйесіздігі туралы. Білім саласына анархия ендірмеңіз. Білім вандализмін құртыңыз.

Өкінішке қарай, білім саласындағы ретсіздік уақытпен әлі де жарысып келеді. Ойдым-ойдым жолы қашан тегістелері белгісіз. Жетістік жоқ демеймін. Десек те, көрініп тұрған кемшіліктерді жоятын кез әлдеқайда келді ғой. Мына төменде Астанада көрген білім саласындағы олқылықтардың, заңсыздықтардың бірсыпырасын назарларыңызға ұсынудамын.
● 71-мектептің экс-директоры 95-мектепке директор болғаннан кейін, бұрынғы орынбасарларын, кадр бөлімі меңгерушісін қоса алып кеткен көрінеді. Бухгалтері де сонда кетеді деген қауесет бар. Бұл сыбайластық емес пе?.. Бұл әрекеті қандай заңға сыяды? Анау Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас бухгалтері мемлекеттің 4 млрд. теңгесін талантаражға салды дегенін естіп жағамызды ұстап отырғанда, Елордада осындай жағдай.
● 78-мектептің кіреберісіндегі кітапшаға телефон нөміріңді жазуыңды сұрайды. Бұл неғылған ереже? Қазіргі кезде телефон алаяқтары көбейді. Олай болса, алаяқтардың қолына түспесіне кім кепіл береді? Қызық болғанда, екінші бір мектепте мұндай жоқ. Демек, мектеп әкімшілігінің құзыретіндегі шаруа болғаны ғой. Басқарма неге бірыңғайламайды?
● Сол жағалаудағы мектеп директорының орынбасары мұғалімдерге: директорды (бірер ай бұрын келген) көргенде, орнынан тұра қалып амандасуды, сондай-ақ, оқушылардың сыймауына байланысты болса керек, мұғалім үстелін алып тастауды қозғапты (сондай талап қойған деген дұрысырақ-ау). Бұл
жаңа директорының тәртібі ме, әлде, мектеп “менеджментінің” жеткен жері ме?
● Былтыр болған оқиға. Аралас мектепке орысты (мәселе ұлтында емес) вахтерлікке алады. Ол болса, қазақтарды әлдебір кемсітетінін, масқара болғанда, директордың өзі маған айтты. Бір-ақ сәтте ұлтаралық от тұтанса, не істейсіздер?
● Сабақ бермей, соған ақша алып келген мектеп директоры да Астанадан шықты. Өз күйеуін пышақтап өлтіретін мектеп басшысы да осы қаладан. Солай кете береді.
● Мектепке дейінгі тәрбие саласы да оңып тұрған жоқ. Жұмыс уақытында ішіп алған тәрбиешілер оқиғасын білетін боларсыздар. Басшылық ше? Мұнда да сол былық. Мәселен, мемлекеттік балабақша меңгерушісінің жеке меншік балабақшасы бар. Бұл неден хабар береді? Мемлекеттік мекемені басқара жүріп, дәл сондай бағыттағы бизнес ашса, сонша “қабілетті” шығар… Басқарма қайда қарап отыр?..
● Тәжікстанның көрме-жәрмеңкесі кезіндегі оқиғаны вандализм дедіңіз. Иә, мәдениет көрсетуі керек еді. Өкінішті-ақ. Бірақ, жоғарыдағы оқиғалар – білім вандализмі тіптен қауіпті. Себебі, солардың өзіне міндеттелген жұмысты тиісінше атқармауы салдарынан да вандалдардың саны артады.
● Астана Білім басқармасының басшысы Қ. Сенғазиев бұл жағдайлардың көбісінен хабардар. Бірақ, “Қарастырамыз” дегеніне қанша уақыт өтті. Әлі үнсіз. Әлі келмей ме, әлде басқа ма, белгісіз…
● Астана – білім менеджментімен де басқа өңірлерге үлгі болуы тиіс. Соны ұққан адамдарды неге қызметке тартпайсыздар? Бірінен бірі өткен білім саласы басшылары шығып жатыр. Елордадан.
Обал Астанаға. Ресми де бейресми оқиғалары астана атына сай емес. Әйтпесе, жарқырап тұруы тиіс қала еді.
Біреуде қалған ақым жоқ… Тек жанымыз ашиды.

 Қ. Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0