PISA жылдағыдай әлемнің көптеген елдеріндегі орта білім саласына талдау жасады. Биыл тоқсаннан астам елді қамтыған. Соның ішінде Қазақстан да бар.
Талдауларда оқушылардың сабақ кезінде цифрлық ресурстарды (смартфон, планшет) ретімен қолдануы мен ретсіз пайдалануы да бар. Сонымен, қазақстандық оқушылар мектепте, яғни сабақ уақытында, смартфонды, планшетті күніне 2,2 сағатын ((ЭЫДҰ-ның орташа деңгейі 1,7 сағат) оқу мақсатына пайдаланады екен. Керісінше, бос уақытты өткізу үшін 1,2 сағатын смартфонға (планшет) кетіреді. ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 1,1 сағат.
Енді зерттеуге алынған кей елдерге келейік. Әлемдегі ең мықты елдердің бірі Германияда оқушылар сабақ үстінде, оқу мақсатында, смартфонды (планшет) күніне 1,7 сағат қолданады екен. Ал, бос уақытты өткізу үшін 0,8 сағат ұстайды. Тағы бір өркениетті ел Данияны алайық. Мұнда оқушылар мектепте смартфонды (планшет) күніне 3,2 сағат қолданады. Тікелей сабақ мақсатында. Ал, смартфонды, цифрлық құрылғыны ермек етіп, уақыт өткізу үшін пайдалануы, ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткішінен аз: 0,9 сағат.
Орташа есеппен алып, аталған үш елді салыстырайық. Үшеуінде де күніне 40 минуттан 6 сабақ болсын дейік. Айына орташа есепте, кемі 5000 минут оқуы тиіс. Қазақстан оқушылары соның 1500 минутында бос отыратын болып шығады! Үштен біріне жуығында. Неміс еліне келеміз. Бұл мемлекеттің оқушылары мектептегі бір айда, аз дегенде 1000 минутын смартфонда бос өткізеді немесе бүкіл айлық сабақ уақытының 20%-ы. Даттағы жағдай қалай? Күніне даттық оқушылар, сабақ үстінде, 54 минутын смартфонда жәй құртады. Айға шаққанда, 1140 минутты төңіректесін делік. Демек, мектептегі уақытының 23%-ға жуығы босқа кетеді. Десек те, Дания оқушылары сабақта цифрлық құрылғыларды ұзақтау пайдаланатынын ескерсек, бізбен салыстырғанда, тиімді пайдалану көрсеткіші тіпті жоғары.
Тағы бір атап өтерлік жәйт. Қазақстан оқушылары Германиядағы өзі сияқты құрбыларымен салыстырғанда, бір ай ішінде 500 сағаттық білімнен қағылады немесе сабақ тақырыбын игере алмай, артта қалып қояды! Даниямен салыстырсақ, айына кем дегенде 300 минуттан астам артта қалып қояды.
Құрманғали Қалмахан
Фото интернеттен алынды: Еуропалық мектеп



























ПІКІРЛЕР