Адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамдарға аттестаттау жүргізу қағидасы (бұдан әрi – Қағида) адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамдарды аттестаттаудан өткiзу тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi.
Адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер және адвокаттар алқасында тағылымдамадан өткен адамдар облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың аумақтық әдiлет органдары жанында құрылатын адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамдарды аттестаттау жөнiндегi комиссияда аттестаттаудан өтедi. Комиссияның жұмыс органы аумақтық әдiлет органы болып табылады.
Аттестаттаудан өтуден келесі адамдар босатылады:
– Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтиханын тапсырған, сотта тағылымдамадан ойдағыдай өткен және облыстық немесе оған теңестірілген соттың жалпы отырысының оң пікірін алған адамдар;
-“Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 34-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 9), 10) және 12) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша судья өкілеттіктерін тоқтатқан адамдар;
-теріс себептермен шығарылғандарды қоспағанда, прокурор немесе тергеуші лауазымында кемінде он жыл жұмыс өтілі болған жағдайда, прокуратура және тергеу органдарынан шығарылған адамдар.
Адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер тұлға тағылымдамадан өткеннен кейін “электрондық үкіметтің” веб-порталы не заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы:
1) “электрондық үкіметтің” веб-порталы арқылы көрсетiлетiн ЭЦҚ қойылған электрондық құжат нысанында, сұрау салу;
2) оларды әділет органдарына ұсынғанға дейін кемінде бір ай бұрын денсаулық сақтау ұйымдарымен берілген диспансерлік есепте тұратыны/тұрмайтыны туралы үміткердің тұрғылықты жерi бойынша нарколог және психиатрдың анықтамаларының электрондық көшірмесі;
Аттестаттауға жіберу туралы өтініші, мәліметтермен қамтылады.
Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адам өтініш беру кезінде аттестаттаудың жүргізілетін орнын, күнін және тілін (қазақ немесе орыс) айқындауға құқылы.
Құжаттар тиісінше ресімделмеген не олардың толық топтамасы ұсынылмаған жағдайларда, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары ұсынылған құжаттармен бірге өтінішті “электрондық үкіметтің” веб-порталына келіп түскен күнінен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде оларды қарамастан, қайтару себебі туралы хабарламамен бірге үміткерге қайтарады.
Комиссия үміткердің аттестаттауға жіберу туралы өтінішін күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды.
Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссия қарау қорытындылары бойынша үміткерді аттестаттауға жіберу не жіберуден бас тарту туралы уәжді шешім шығарады.
Өтініш заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы берілген кезде, барлық деректердің адвокатқа қойылатын талаптарға сәйкестігі интеграцияланған дерекқорлардың ресурстары пайдаланыла отырып, автоматты түрде тексеріледі.
Егер үміткер “Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген талаптарға сай болмаса, оны аттестаттауға жіберуден бас тартылады.
Аттестаттауға жіберуден бас тарту туралы шешімді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей үміткерге жібереді.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың аумақтық әділет органдары аттестаттауға жіберілген үміткерді аттестаттау жүргізілерден күнтізбелік он күн бұрын оның жүргізілетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы хабардар етеді.
Өтініш заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы берілген және үміткер адвокатқа қойылатын талаптарға сәйкес келген кезде, заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі аттестаттау жүргізу үшін үміткерлердің тізімін автоматты түрде қалыптастырады және оның жүргізілетін орнын, күнін, уақытын және тілін (қазақ немесе орыс) растайды.
Аттестаттауға жiберiлген үмiткерлердiң тiзiмдерi оны өткiзгенге дейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей аумақтық әдiлет органының интернет-ресурстарында орналастырылады.
Комиссия отырысына келген кезде үмiткердiң өзiнде оның жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиiс.
Аттестаттау екi кезеңнен тұрады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуін және адвокаттық қызметті жүзеге асыруға психологиялық дайындығын кешенді компьютерлік тестілеу;
2) қажетті көздерді пайдалана отырып, істің мән-жайларын талдау бойынша практикалық тапсырма кезеңдерінен тұрады.
Аттестаттауды өткiзер алдында Комиссия үмiткердi аттестаттауды өткiзу тәртiбi, ұзақтығы және үмiткерлердi iрiктеу рәсiмiнiң мазмұны туралы хабардар етедi. Жалпы уақыт, психологиялық тесттің орындауына – 20 минут, заңнаманы білу тестісіне – 90 минут (100 сұрақ) құрайды.
Тестiлеудiң дұрыс жауаптарын есептеу қолданылатын компьютерлiк бағдарламаның көмегiмен автоматты түрде жүргiзiледi. Тестiлеу нәтижелерi принтерде екi данада басылып шығарылады және аяқтала салысымен бірден үмiткерге жеке қол қойдыру арқылы танысу үшiн ұсынылады.
Тестiлеу нәтижелерi бар парақтың бiр данасы үмiткерге тапсырылады, екiншiсi Комиссияға берiледi.
Тестiлерге енгiзiлуi тиiс сұрақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлігі бекiтедi. Үмiткерлердiң бiлiмiн бағалауға арналған сұрақтар адвокаттық қызметтi жүзеге асыру үшiн бiлудi қажет ететiн құқық пәндерiнiң тақырыптарына (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келуi және бiреуi дұрыс болатын жауаптардың кемiнде үш нұсқасын қамтуы тиiс.Тест құпия ақпарат болып табылады және еркін жариялауға жатпайды.
Біріздендірілген заңи тест тапсырмаларынан тұратын кешенді компьютерлік тестілеу компьютерлік техника пайдаланыла отырып жүргізіледі.
Тестілеу үшін заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі қолданылған жағдайда, кешенді компьютерлік тестілеудің мазмұны біріздендірілген заңи тест тапсырмаларынан автоматты түрде жасалады.
Біріздендірілген заңи тест тапсырмаларын қалыптастыруды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен, конкурстық негізде тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүзеге асырады.
Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының 70 және одан артығын құраса, үмiткер тестiлеуден өттi деп саналады және екiншi кезеңге жiберiледi.
Қазақстан Республикасының заңнамаларын білу тестісінен өткенге дейін үміткерлер психологиялық тестіден өтеді. Тестіні орындауға берілген уақыт біткенде, бағдарлама автоматты түрде жабылады, Қазақстан Республикасының заңнаманы білуіне тест тапсыруға ауысады.
Практикалық тапсырмаға үмiткердiң жауап дайындауы үшiн 10 минут уақыт берiледi. Комиссия мүшелерi үмiткердiң емтихан билетiнiң ауызша сұрақтарына берген жауаптарының дұрыстығын бес балдық жүйе бойынша бағалайды. Комиссияның әрбiр мүшесi аттестаттаудан өтушiнiң жауаптарын басқалардан тәуелсiз әр жауап бойынша бес балдық жүйе бойынша бағалайды. Төрағалық етушi екiншi кезеңнiң қорытындылары бойынша Комиссия мүшелерi шығарған нәтижелердi есептейдi және жалпы орташа балды шығарады. Орташа балл үміткердің жинаған балының жалпы санын Комиссияның қатысушы мүшелерінің санына бөлу арқылы анықталады.
Үміткердің қорытынды балы 3,3 деп есептелсе, 3,3 деп бағаланады, 4,2 деп есептелсе, 4,2 деп бағаланады және т.б. Комиссия мүшелерiнiң бағалары, сондай-ақ аттестаттаудан өтушiнiң емтихан билетiнiң сұрақтары бойынша жинаған жалпы орташа балы Комиссияның хаттамасында көрсетiледi. Егер жалпы орташа балл кемiнде төрт балды құраса және одан жоғары болса, үмiткер аттестаттаудан өттi деп саналады. Аттестаттаудың екінші кезеңі үшін практикалық тапсырманың мазмұнын Республикалық адвокаттар алқасы өзі дербес қалыптастырады.
Республикалық адвокаттар алқасының өкілдері практикалық тапсырмалардың нұсқаларын үміткерлер санынан асып түсетін санда ұсынады. Практикалық тапсырманың сұрақтары құпия ақпарат болып табылады және жария етілуге және таратылуға жатпайды.
Комиссияның отырысында оның күнi, уақыты мен орны, аттестаттаудан өтушiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол бар болғанда), тестiлеу нәтижесi, емтихан билетiнiң нөмiрi мен мазмұны, аттестаттаудан өтушiнiң жауаптары, Комиссия мүшелерiнiң қойған балдары мен билет сұрақтары бойынша жалпы орташа балы, сондай-ақ Комиссияның шешiмi көрсетiлетiн хаттама (бұдан әрі – Комиссияның хаттамасы) жүргiзiледi.
Аттестаттаудан өту кезiнде үмiткерге анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиеттi, байланыс құралдарын, сондай-ақ электрондық жеткіште қандай да бiр жазбаларды пайдалануға жол берiлмейдi. Көрсетілген талаптар бұзылған жағдайда, комиссия үміткерді ағымдағы аттестаттаудан шеттетеді. Аттестаттаудан шеттетілген үміткер шешім шығарылған күннен үш ай өткен соң аттестаттауға жіберу туралы қайтадан өтініш беруге құқылы.
Комиссия екінші кезеңнің нәтижелері бойынша үміткердің аттестатталғаны туралы не аттестатталмағаны туралы уәжді шешім шығарады. Адвокаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттау жөніндегі комиссияның шешіміне уәкілетті органға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Дәлелдi себептер (денсаулық жағдайы бойынша, iссапарда болу себебiнен, еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан қатысудың мүмкiн еместiгi) бойынша аттестаттауға келмеген үмiткер Комиссияның келесi отырысына шақырылады. Үмiткер қайта келмеген жағдайда, оның өтiнiшi қаралмайды.
Сонымен қатар, адвокаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамдарға аттестаттау жүргізуге енгізілген негізгі өзгерістердің бірі – аттестаттау жарты жылда бір рет өткізілетіндігі, яғни, үміткер аттестаттауды өтпеген жағдайда, жарты жылдан кейін құжаттарын қайта тапсырып, атестатауға қайта қатыса алады. Бұрын аттестаттау жылына бір рет өткізілгендігін атап айтқан жоқ.
Комиссияның аттестаттаудан өту туралы шешiмi оның шығарылған сәтiнен бастап алты жыл бойы жарамды болып табылады.
Жанар Телегенова
ПІКІРЛЕР
Мен -Адвокаттық тағылымдамалық кезеңнен өткен заңгермін. Мен Тестен өту үшін өтінішті электронды бере алмай отырмын. Себебі: менің ұялы телефоным блокировкаға түсіп қалуы салларынан “elicense kz “ саитына кіргенімде жеке кабинетім ашылмай жатыр. Жолмен барып, қағаз жүзінде өтініш берсем болады ма, АДВОКАТТЫҚ ТЕСТЕН ӨТУ ҮШІН,