Дастан Сәтбай – тарих ғылымының докторы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті
1916 жылдың өзі ғана емес, оның зерттелуі төңірегіндегі мәселелер де шырғалаңды, халықаралық терминологияда – детективті. 1953-1954 жылдарға дейін кеңестік тарихнамада ол «отаршылдыққа қарсы» қозғалыс деп бағаланса, СОКП-ның ХХ-съезінен кейін (1956) «1917 жылғы Ұлы октябрьге ұласқан – «ұлт-азаттық қозғалыс» атанды. Әрбір СОКП съезі өткен сайын Бас хатшылар есепті баяндамалар дайындаушылардан «теориялық жаңалық» ашуды немесе «серпіліс» күтуді дәстүрге айналдырғандықтан болуы керек, 1916 жылғы Ресейдің шеткері аймақтарындағы халықтар қозғалыстарына қатысты осындай «жаңалықтар» енгізілді.
60-80 жылдардағы «жаңалық» 1916 жылғы көтеріліс «показателем краха Колониальной политики самодержавия», «одним из важных элементов революционного кризиса, охватившего Россию» – кризиса «антиимпериалистической, антифеодальной, антивоенной освободительной направленности» болды. Бұл тезистер Қазақстан Компартия Орталық комитетінің құжаттарында (баяндамаларында) одан әрі дамытылды: «Восстание 1916 года имело революционно-освободительный характер. Оно нанесло ощутимый удар по колониальной системе российского империализма, смыкалось с общим революционным движением в стране, сыграло большую роль в повышении классового самосознания трудящихся».
Өткен ғасырдың 70-жылдары Республика басшысы Д.А. Қонаев деңгейінде «1916 жылдың 55-жылдығын атап өтуге әрекет жасалынды». Алайда, Д.А. Қонаев пен идеология жөніндегі Орталық комитет хатшысы С.Н.Имашевтің қабылдауына шақырылған республиканың белгілі тарихшылары С.Б. Бейсембаев, П.М. Пахмурный, Г.Ф. Дахшлейгер; Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі А.П. Плотников, мәдениет бөлімінің меңгерушісі М.И.Исеналиев және Қазақстанның белгілі зиялыларымен болған кеңес өз нәтижесін бермеді. Басты қайшылық: кеңестік тарих ғылымында қалыптасқан «тарихи тұжырымдамалар» мен «1916 жылғы» оқиғаларға қатысты мұрағаттық құжаттар мен деректер арасындағы қарама-қайшылықтар еді. Ресми идеологиялық талаптар бойынша «1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық қозғалыс» – дүниежүзіндегі отарлық езгідегі Латын Америкасы, Азия-Африка халықтары мен елдерінің отаршылдыққа қарсы күресінің құрамдас бөлімі ретінде алынуға, олардың арасында байланыс орнатылуға тиіс болды. Архив материалдары негізінде ондай байланыс орната алмайтынын, кейбір көтеріліс басшыларына қатысты кереғар деректерді сезетін белгілі тарихшылар өз уәждерін білдіріп жатқанымен, жалпы мерекелік іс-шараларды атап өтуге қарсылық білдірген жоқ. Алайда 1916 жылғы оқиғалардан тарихшылардан кем хабардар емес Д. Қонаев одан әрі мәселені қозғамай іс-шараларды кейінге қалдырды. Дегенмен бұл кездесулердің пайдасы да тимей қойған жоқ. Тарихшылар Әбдіғапар Жамбосынов, Амангелді Иманов, Оспан Шолақов және т.б. туралы жаңа деректермен танысты. 1973 жылы 17қаңтарда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «Амангелді Имановтың туғанына 100 жылдығын мерекелеу туралы» қаулы қабылдады. Соған сәйкес осы жылы «Қазақстан» баспасынан «Амангелді Иманов (мақалалар, документтер, материалдар).» жинағы жарыққа шығарылды.
Көп жылдар Д.А.Қонаевтың көмекшісі болған белгілі жазушы-тарихшы В.В. Владимировтың куәләндіруінше, 80-жылдардың басында КСРО-ның 60 жылдығы тойланып жатқан (1982) мезетте де Д.А. Қонаев «1916 жылғы оқиғаларға қайта оралған. Автордың пікірінше, осы мерейтойды пайдаланып Д.А. Қонаев – қазақтың тұңғыш инженері М. Тынышпаевты толығымен ақтауға тырысқан. Осы орайда «ұзақ жылдар республиканы басқарған Д.А. Қонаев бұрын неге мұндай талпыныс жасамаған?» деген сұрақ туады. Біздің ойымызша, оның себебі – М. Тынышпаевтың 1916 жылдың тамызында патша Николай ІІ-нің «Түркістанды құтқаруға» шұғыл жіберген А.Н. Куропаткиннің көмекшісі болғанымен түсіндірілсе керек. Кеңестік тарихнамалық дәстүрде А.Н. Куропаткин кім? – «Орта Азия халықтарының жендеті, қанішері» т.б. – Ал А.Н. Куропаткиннің кім екеніне байыбына бармаған тарихшылар үшін де – бұл аксиома. Демек, М. Тынышпаев – отаршының жандайшабы, өз халқын қанауға қызмет еткен опасыз т.б. Сондай-ақ, Тынышпаев келесі бір отаршыл Г.А. Колпаковский туралы жылы лебіз білдіргені үшін де кінәлі еді. Мәселеге қатысты ҚР ОМА, 44-қоры, 1-тізбе,17655-істің парақтарын әлі күнге дейін жазушы-тарихшы В.В. Владимировтан басқалардың ашпағаны өкінішті.
М. Тынышпаев қадірлеген А.Н. Куропаткин – көптілді, оның ішінде түркі тілдерін де жетік меңгерген өз заманының аса көрнекті мемлекет қайраткері, оқымысты, әскери маман, шынайы «түркістандық» талантты әкімгер еді. Жауларының өзі оның жанынан түңілгені сондай, «қазан төңкерісінен» кейін В.И. Ленин – оның өмірінің сақталуын өз бақылауында ұстады. «Көсем» қайтыс болғаннан кейін 1925 жылдың 16 қаңтарында 78 жастағы Куропаткин тапсырыспен өлтірілді. Алғашқы кеңестік марксшіл тарихшысы М.Н. Покровский оның өлімі туралы «убит бандитами на своей родине (Псковьта – Д.С.), где скромно подвизался после 1917 года в качестве сельского учителя» – деуі, шындыққа жанаспайды. Алаш зиялылары тарапынан да Куропаткинге қатысты қатқыл айыптауларды аз кездестірдік. Тәуелсіз Қазақстан тарихшылары тарапынан да Куропаткиннің жолы болмады.
Сонымен 1916 жылғы Түркістан мен Далалық өлкелерінің Торғай және Жетісу облыстарында күшті қарқынмен басталған ұлт-азаттық қозғалыстың себептері мен барысы, жеңілуі тұрпайы социологиялық қисындармен түсіндірілді. Жергілікті халықтар бір жағынан өздерінің бай-феодалдарының, екінші жағынан отаршыл әкімшілік орындары тарапынан екіжақты қанауға ұшырады, 1916 жылғы 25 шілдеде жарыққа шыққан патшаның бұратана халықтардың солдатқа адам алу туралы жарлығынан – «О привлечении мужского инородческого населения для работ по устройству оборонительных сооружений и военных сообщений в районе действующей Армии, а равно для всяких иных необходимых для государственной обороны работ» – халықтың төзімі таусылып, олар көтеріліске шықты делінетін. Үстем тап өкілдері болғандықтан өлкелерді басқарған патша жоғарғы шенеуніктерінің аттары аталмай «отаршыл билік орындары» т.б. анықтамалармен шектелінді. Айта кету қажет жергілікті халықтар арасында аса беделді Түркістан генерал губернаторы А.Н. Куропаткин – 1916 жылғы оқиғаларға қатысты, тек жағымсыз жағынан айтылатын да, халықтың қанын сүліктей сорған патша шенеуніктерінің есімдері айтылмайтын. Бұл кеңестік тарихнамадағы қайшы құбылыстардың бірі. Сталиндік тарихнамалық дәстүрде бұл кездейсоқтық емес. Онда неғұрлым оқымысты әкімгерлердің жолы болмай, садистердің жолы болды.
ХІХғ. аяғы ХХғасырдың басында Столыпиндік реформалардың жүйесіз жүзеге асырылуынан және шенеуніктердің жауапсыздығынан – бұл қозғалыс тікелей переселендерге және жергілікті халықтарға да үлкен ауыртпалықтар әкелді. Оның үстіне переселендердің барлығы бірдей жер алайын, оны күтіп-баптап күнімді көрейін деп келмегені белгілі болды. Кеңестік тарихнамада бұл ұят тірлік ретінде айтылмайтын – «шаруалар еңбекшілер және қаналушы топ». Ал шын мәнісінде переселендердің көпшілігінде масылдық психология болды. Мемлекет берген қаражаттардың көпшілігі барған бойда «жұмсалып» қойылды. Тығырыққа тірелген үмітсіздіктен дін иелерінің де ішімдікке салынғандары болды. «Относительно последнего утверждения спорить нельзя. Сильное пьянство замечается действительно. Происходит это от неумения культурно использовать свой достаток. Бороться с пьянством и леностью приказами, значит просто обнаруживать безполезность власти» – делінді сол жылдардағы ресми үкіметтік зерттеулерде Кавказдан келген сектант – переселендер жайлы. Басқа-басқа әңгіме тақуа дін қызметшілері жайында болып отыр.
Қоныс аударған басқа әлеуметтік топтардың жаңа жерлердегі жағдайы бұдан да өткен сорақы болды. Көпшілігі үкіметтен алған жерлерін жергілікті халықтарға жалға берумен айналысты. Тіпті егінге берілетін суларға дейін жргілікті батрактардан ақша алды, яғни жер-сумен алып-сатарлық жасады. Сол құжатта «иные переселенцы на новых местах «жили помещиками» деп атап көрсетеді. Жағдайдың асқынғаны сондай патшалық билік орындары Түркістан өлкесінде спирт өнімдерін сатуға тыйым салуға мәжбүр болды. Бұған жауап ретінде келімсектер арасында опиум мен анаша шегу белең алған. Қапал, Жаркент, Верный, Қырғыздың Ыстықкөл аймағы дәмханаларында опиум ашықтан ашық сатылатын болды. А.Н. Куропаткиннің өзі переселендер мен қазақ-қырғыз халықтары арасындағы қарым-қатынаста жергілікті тұрғындарға іш тартуға мәжбүр болды: «Сюда пришли всякие отбросы из Европейсой России… Киргизы никому не отказывали в гостепримстве. Новоселы этого никогда не делали. Чигин – незаконный сбор между киргизам для подкупа начальства постоянно увеличивался»
1916 жылдың 10-желтоқсанында Куропаткин күнделігінде «киргизы последние 30 лет и, в особенности, последние 12 лет теснились во всех направлениях, будто бы их все точно безмолвно согласились стереть с лица земли… Приходится принимать строгие меры, чтобы сохранить безоружных киргиз» – деп жазса, осы уақыттың куәгері саяхатшы Пржевальскийдің серігі Я.И. Корольков та қазақтар туралы жағымды пікір білдіреді «На киргизов вообще (казах и каракиргизи) я привык смотреть как на народ добродушный, незлобивый, гостепримный, с большим уважением относящиеся к начальству… Всюду меня принимали хорошо».
1913 жылы Ресейде Романовтар әулеті басқаруының 300 жылдығы зор ауқымда аталып өтті. Алайда мерекелік жылдың көңіл-күйі ұзаққа бармады. Басталған дүниежүзілік соғыстан Түркістан мен Дала өлкелері де ішін тартты. Соған қарамастан 1914жылы басталған соғыстың алғашқы айларын өлке тұрғындары қалыпты қабылдады. Мысалы, Ферғанадағы отарлық билік құрылымдары Орталыққа: «учащаяся мусульманская молодежь области спокойно относится к текущим событиям и стоит на стороне России» деп хабарласа, Ташкенттегі патша Охранкасы: «Туземное население относится к европейской войне индифферентно, и только можеть быть опасения по отношению к муллам, могущим агитировать в нежелательном для нас смысле» деп хабарлады.
Қазақтың Торғай өлкесі тұрғындарына да алғашында осы көңіл-күй тән болды. Бұл, соғыс Түркістан мен Дала өлкесі тұрғындарын айналып өтті, ешқандай ауыртпалықтар әкелмеді деген сөз емес. Соғыс ауыртпалықтары сөзсіз болды. Алайда, ол – «қазақ төңкерісінен» кейінгі ауыртпалықтарға қарағанда төзуге болатын қиыншылықтар еді. Осы орайда Амангелдінің де ұстанымы бізге қызықты көрінеді: «Түркістан деген шаһарда тұратын Жәңгір ұлы Шәді ақын Россияның тарихын қазақшаға аударып біз ол тарихты қайран қала оқып жүрміз. «Орыс» деген сөз менің жүрегімді бала жастан жылытады. Осы сөзді қайталап айтқан сайын, оның негізінде жатқан үш мағынаны ұққандай боламын. «Орыс» деген сөзді ең алдымен қарсыласқан қас дұшпанның басын алатын наркес қылышқа теңер едім. Орыстың қарулы қолындағы наркес бір кездері Батудың шаңырағын шайқалтты, Наполеон Бонапарттың түбіне жетті. Орыстың қылышы, сөйтіп құлшылықтан құтқарушы еді. «Орыс» деген сөздің баршамызға белгілі бір екінші мағынасы бар. «Орыс» деген сөзді біздің қазақ «дұрыс» деген сөз деп түсінеді, дұрыстық екен деп ойлайды. Орыстың дұрыс халық екенін біздің Ыбырай, Шоқан, Абай аталарымыз өсиет қып айтып кеткен. «Орыс» деген сөздің тағы бір мағынасын мен «ырыс» деген сөз деп түсінемін. Орыс келсе, ырыс келді, құт келді деп қуанатыным сондықтан. Қазаққа етене жақын ел болып, қонысы қонған да орыстар. Сондықтан да біз алыстағы патшаны емес, қасымыздағы орысты білеміз. Өйткені «орыс» деген сөзім – «ырыс», «дұрыс», «наркес» деген сөзім. Бұл үшеуі де орысқа қойған атым, патшаға қойған атым емес, патшаң озіңе!». Ұлы отан соғысы аяқталған соң 1945 жылдың маусым айында орыс халқының атына айтылған Сталиннің мадақ сөзінен Аманкелдінің сөзі асып түспесе, кем түспес дерсің.
1916 жылғы Түркістан мен Дала өлкесіндегі халықтардың көтеріліске шығуының негізгі себебі: патша әкімшілігінің – шеткері аймақтардағы өз чиновниктерінің қызметін бақылай алмағандығынан болды. Соғысты сылтау етіп, жергілікті патша чиновниктері бұратана халықтарды тонау арқылы баюға шексіз мүмкіндіктер алды. Ресейдің құдыреті – өзін шексіз нұсқау, заңдармен қамтамасыз етіп алғандығында, ал әлсіздігі – өздерінің заңдары мен құқықтық актілерін қадағалай алмағандығында (Салтыков-Щедрин).
Кеңестік тарихнамада бұлардың барлығы царизмнің ұрда-жық қолшоқпарлары, халықтың қанын сүліктей сорған жоғарғы отаршыл шенеуніктер еді. Шындығында бұл анықтамаға Жетісу облысының губернаторы Фольбаум, Түркістан өлкесінің прокураторы (прокурор емес) Ерофеев сияқтылар сәйкес келетін. Нақ Фольбаум тұсында Верный қаласының сквер, парк және бульварларында «қырғыздарға, төменгі шенділер мен иттерге кіруге болмайды» деген қорлықты ескертпе тақтайшалар ілінді. Ерофеев Ташкенттің орыстар тұратын бөлігінде өзбектердің ұлттық киіммен жүруіне тыйым салынды.
Өзі басқарған облыстарда мұндай сорақылыққа жол бермеген оқымысты әкімгерлер де болды. Самарқан облысының билеушісі Н.СЛыкошин, Ферғана облысының билеушісі А.И Гиппиус солардың қатарынан еді. Гиппиус көптеген шығыс тілдерімен қатар Құранды жетік білді. Түркістан генерал-губернаторы міндетін уақытша атқаруға шамамен 1916 жылдың маусым айының ортасында кіріскен Ерофеев пен оның төңірегіндегілердің арманы – тылдағы Түркістанда қалып, мүмкіндігінше герман майданына шақырту алмау болды. Сондықтан ол өлкедегі жағдайды патша мен әскери министр Д.В. Шуваевқа үнемі ауыр да шиеленісті етіп көрсетуге тырысты. Екінші жағынан Ерофеев және оның маңайындағылар соғысты сылтау етіп, халыққа жаңа алым-салықтар салу немесе қызметтік бопсалау жолымен баюға мүмкіндік алды. Ерофеев патша төңірегіндегілерді Түркістан мен Дала өлкелері герман және Түрік тыңшылары мен агентурасына толы деп сендіріп бағуға тырысты. Ал Орталықтағыларға Түркістаннан тағы бір майдан ашылып кетуі мүмкіндігі елестеді. Осындай «тіміскілік» шаралармен қалыптасқан жағдайды – патша шенеуніктері өз пайдасына шебер пайдаланды.
Патша Николай ІІ 1916 жылы шілденің соңында өзінің сенімді адамдарының бірі егде тартқан Куропаткинді Германияға қарсы шешуші Солтүстік майданнан алып, Ерофеевтің орнына Түркістан генерал-губернаторы етіп тағайындауға мәжбүр болды. Айтуынша неміс командованиесі бұған қатты қуанған көрінеді. 1916 жылдың 8-тамызында Куропаткин Ташкенте жаңа қызмет орнына келді. Куропаткин Ерофеевке қарағанда қызмет етудің заң аясындағы әдіс-тәсілдерін таңдап алды. Өзіне көмекші етіп М.Тынышпаевты таңдап алғандығы да патша құпия қызметі (Охранка) назарынан тыс қалған жоқ. Өлкеге келген бойда Ерофеев өлім жазасына кескен 340 адамның 320-ның үкімін 10 және 4 жыл аралығында каторгалық жұмыстармен, ал 20 жыл катарголық жұмысқа жіберілгендер 12 айлық жұмыстармен алмастырылды. Куропаткинге іш тартпаған Т. Рысқұлов та оның рахымшылығын атап өткенді.
Демек, 1993 жылы шыққан «Қазақстан тарихының» алтыншы тарауы №4 «1916 жылғы Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс» тақырыпшасындағы: «только по судебным приговорам, утвержденным генерал-губернатором Куропаткинным в Туркестанском крае на 1 февраля 1917 года было приговорено к смертной казни 347, каторжным работам – 168, тюремному заключению – 129 человек, не считая расстрелянных без суда и следствия, погибших от рук карателей и отрядов, сформированных из жителей переселенческих сел» тұжырымы шындыққа сәйкес келмейді.
Бұл тұжырым Далалық өлке билеушілеріне қатысты шындыққа толық сәйкес келеді. Ақын С. Сейфуллиин куәлендіруінше «Таланған қазақ елдерінің тәуір асыл нәрселері, орыс поселкілеріне толып кеткен. Киіз, текемет, кілем, самауыр, шылапшын, ішік, күміс ер, жүген құйысқан – осындай нарселер поселкілерге одан әрі Ақмолаға толып кеткен». Ал әскери губернатор М.М. Эверсман Торғай облысын аралап танысудан гөрі Орынбордағы резиденциясында отырып басқарғанды жөн көрді. Қазан әскери округі инфантерия генералы А.Г. Сандецкий халықты оңды-солды «сотпен» және сотсыз қырғынға ұшыратты. 1917 жылдың 24-ақпанында Әбдіғаппар Жамбосынов әскері жеңіліске ұшырады. Қалыптасқан жағдайда Әбдіғаппар кеңес өткізіп, әскерін таратуды жөн көрді. Торғай көтерілісшілерінің алдында екі жоспар жасалынды. Ә. Жанкелдин Ресейде басталған революцияның артын күтуді ұсынса, екінші жоспар бойынша жазалаушы отрядтар шабуылға шыққан жағдайда – Қытай, Ауғанстан және Иранға үдере көшу болды. Көп күттірмей Ә. Жанкелдиннің айтқаны келіп Ақпан революциясы нәтижесінде патша тақтан тайдырылып, саяси ахуал уақытша жұмсарды. 1918 жылы 18-наурызда Қаратоғай шатқалында өткен болыстар кеңесінде Торғай уезін басқарған Уақытша комитет құрылып, басшылығына Әбдіғаппар сайланды. Алайда, кешегі көтерілісшілер ішінде алауыздық туып Ә. Жамбосынов, сардары А. Иманов 1919 жылы жұмбақ жағдайларда қайтыс болды. 1953жылға дейін іштен тынып өмір сүрген Ә. Жанкелдин өзімен бірге барлық құпияны ала кетті. Айта кететін жайт А.Н Куропаткин Түркістан емес, Торғай облысын басқарғанда Амангелді, Әбғаппар және Ә.Жанкелдинмен де тіл табысып, істі насырға шаптырмас деуге толық негіз бар. Оның дәлелі Куропаткин, Лыкошин, Гиппиус т.б сауатты қызмет жасаған. Өлкелерде наразылық күрт басылса, ұрдажық шенеуніктер басқарған. Торғай өлкесінде қанды қырғындарға жол берілді. Біз Куропаткинді «сүттен ақ, судан таза» деуден аулақпыз. Ол да ақ гвардияшыл генералдар Деникин, Колчак, Врангель т.б. сияқты большевизмге қарсы үлкен майдан ашуға қауқары бар еді. Бірақ, ол жолды таңдап қантөгіске барған жоқ.
Түйіндей келгенде, 1916-17 жылдардағы Түркістан мен Дала өлкесіндегі дағдарыс патшалық Ресейдің дәстүрлі самодержавиялық басқару жүйесінің табиғатынан туындады. Өлке талантты да мәдениетті билеушілер тұсында ақылға сыйымды, сәл де болса жергілікті халықтардың мүдделері ойластырылған жағдайда қалыпты дамыды. Алайда ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басында өлкелерді патшалық жүйенің ең жағымсыз да сұрқай топтары басқарған тұста өлкедегі әлеуметтік саяси жағдай барынша ауырлады. Қарақан басымен бас пайдасын көздеген «ерофеевшілдер» мен «фольбаумдар» жағдайды қолдан ушықтырды. Өлкені Куропаткин басқаруға келгенде «өркениетті жолмен» жағдай залалдандырылса, мұндай үрдіс болмаған Дала өлкесінде жағдай ушығып, ол Түркістан өлкесіне де әсер етті. Жергілікті зиялылардың Ресей «демократтары» Керенский мен Ленинге артқан үміттері де уақыт көрсеткендей ақталмады.
ПІКІРЛЕР