Бүгін Астана қаласында 15-ші мерейтойлық Халықаралық тау-геологиялық MINEX Қазақстан форумы басталды. Екі күн бойы өтетін форумның негізгі тақырыбы – «Қазақстандағы минералдық ресурстарды игерудің жаңа дәуірі: барлаудан бастап қайта өңдеуге дейін», форумның міндеті – жаһандық тау-кен өнеркәсібінің күнтізбесіндегі маңыздыоқиғалардың біріне айналдыру.
2010 жылдан бері өткізіліп келе жатқан MINEX Қазақстан форумы мемлекеттік органдардың, тау-кен және сервистік компаниялардың, технология жеткізушілер мен халықаралық инвесторлардың арасындағы диалог алаңы ретінде өзін таныта білді.
Тау-кенөнеркәсібі Қазақстан экономикасында маңызды рөл атқарады. Ел уран, мыс және сирек кездесетін металдар сияқты стратегиялық маңызды пайдалы қазбалардың әлемдегі ең ірі қорларына ие. Форум қатысушыларға инвестициялық мүмкіндіктер мен жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнамалық реформалар және жасанды интеллектке негізделген геологиялық деректер базасын дамыту шараларын қоса алғанда, мемлекеттік қолдау тетіктерімен танысу үшін бірегей мүмкіндік ұсынады.
Қазіргі күні сирек кездесетін металдарға қатысты геосаяси тартыс та қызып тұр. Державалар әлемге ықпалын сақтап қалу және арттыру мақсатында сол металдарға барынша молынан иелік етуге жанталасып жатыр. Ақыры не болары белгісіз. Қазақстан да бұл оқиғалардан тыс қалмақ емес. Сондықтан осындай халықаралық іс-шаралар алаңында көптеген елдердің өкілдері өзара бетпе-бет кездесіп, пікір алмасуы, аталмыш саланы дамыту мақсатында жаңа техника мен технологияларын ұсынуы – Қазақстан үшін де, басқа мемлекеттер үшін де маңызды.
Форумның негізгі талқылау алаңдары:
- Тұрақты даму және ESG: көміртекті азайту, қалдықтарды басқару және тау-кен өндірісіндегі су тиімділігі;
- Технологиялық инновациялар және цифрландыру: жасанды интеллект, роботтандыру және Индустрия 4.0 технологиялары;
- Инвестициялар және барлау: перспективалы учаскелер мен тікелей шетелдік инвестициялардың ағымын ынталандыратын реформалар;
- Шекаралық ынтымақтастық: Орталық Азия елдерімен өңірлік интеграцияны нығайту.
Форум аясында барлау, қайта өңдеу және автоматтандыру салаларындағы озық технологияларға арналған DigiTech’25 конференциясы өтеді. Бұл Қазақстанның тау-кен өнеркәсібін цифрлық трансформациялауға деген ұмтылысын тағы бір мәрте айқындайды.
Форумға Орталық Азия, Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Австралия елдерінен отыздан астам елдің жүзден аса беделді спикері, 450-ден астам делегат пен қырықтан астам экспонент қатысады. Индустрияның жаһандық көшбасшыларының қатысуы Қазақстанның минералдық ресурстар нарығындағы ықпалының артып келе жатқанын көрсетеді.
Форум аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстандық Тау-кен Палатасының салалық сыйлығы. Бұл сыйлық отандық және халықаралық компаниялардың тұрақты даму мен инновациялар саласындағы жетістіктерін атап өтеді.
MINEX Қазақстан форумы сондай-ақ тау-кен өнеркәсібінің әрі қарай дамуына ықпал ететін жаңа іскерлік байланыстар мен серіктестіктер орнатудың тиімді алаңы болады. Шетелдік инвесторлардың Қазақстанның табиғи ресурстарына деген қызығушылығы артып келе жатқан жағдайда, 2025 жылғы форум жаңа инвестициялық келісімдер жасау үшін маңызды платформа болмақ.
MINEX Қазақстан форумы тау-кен саласындағы аса маңызды іс-шара ретінде өзін әлдеқашан танытқан. Ал 2025 жыл форум тарихындағы ерекше кезең болғалы тұр. Халықаралық ынтымақтастық пен инвестицияларды арттыру саланың тұрақты дамуына серпін береді.
Байланысүшін: pressoffice@minexforum.com
ПІКІРЛЕР