«Ұстазым менің ұстазым» немесе оның беделі қандай?..

«Ұстазым  менің  ұстазым» немесе оның беделі қандай?..

Жұмамұрат  Шәмші, тарих  ғылымдарының  кандидаты

1984-­жылдың 1­-қыркүйегі. Қызболған әжем 71-жасында, қолынан жетектеп В.И. Ленин атындағы орта мектептің 1-сыныбына апарып, бірінші партаға отырғызып,«мына сары бала менің немерем» деп Жұмагүл апайдың қолына тапсырғаны еміс-еміс есімде. Алғашқы қоңырау соғылып, қазақтың өте көрнекті композиторы Әбілахат Еспаевтың «Ұстазым менің ұстазым» өлеңін естіп едік. Содан бері  міне, 32 жыл өтіпті.

Осылай өмір жалғаса береді. Ұстаздар да әртүрлі болады. Бірі уақыт өте келе көңілімізден көмескіленсе, енді бірі өзінің биік болмысы мен түр-тұлғасымен санамызда мәңгілікке қалып қояды. Осы бір жүрекке жылы естілетін, балалық бал дәурен шақ ғажап еді. Ерекше күйге бөлейтін ұлағатты ұстаз атауының бүгінгі күні  қадірі де, қасиеті де төмендеп бара жатқандай ма деймін.

Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болады. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептің балалары білімді болып шығады. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі—білімді, педагогика, медодикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деген сөзі өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ. Сондықтан, «Ұстаз – мектептің жүрегі» болып табылатындықтан, ол барлық қасиетімен де өз шәкіртіне үлгі болуы тиіс. Ұстаз —білім беру сапасын арттыру саясатын тікелей жүзеге асырушы тұлға. Ол – мемлекетімізді құрметтеу жауапкершілігін шәкірттеріне жеткізіп тұратын дәнекер. Мектепке «тарыдай болып кірген шәкіртін таудай етіп шығаратын» да сол мұғалім. Осынау қастерлі мамандық иесінің қоғамдағы беделі көңіл көншітпейдіні жасырын емес.

Қоғамның сесі мен сынынан жасқанып қалған ұстаздар қауымы көпшіліктің алдына шыққанда да, мектеп директоры мен ата-аналар алдында да жалтақ, тіпті оқушылар алдында тұрса жасқаншақ екені көзінен көрініп тұрады дейді көпшілік. Ең бір өкініштісі, көп жылдардан бері әкімшілік жұмыстардың дені мектептегі мұғалімдердің күші арқылы атқарылып келеді. Басқаны айтпағанда, қоғамдағы кез­келген саяси іс-шараларға жегіледі, қандайда бір жұмыстар осы мұғалімдерсіз шешілмейтіні рас, «барып кел, шауып кел» бүгінде олар нағыз қолбалаға айналып бара жатқандай. Астанадан бастап көптеген ауыл­аймақтардағы түрлі мәдени шаралардан бастап, үлкен стадиондағы жиналыстар мен конференцияларға адам қарасын көбейту үшін мұғалімдер тартылады. Түрлі қоғамдық жұмыстардың насихаттаушысы ретінде сондай іс-шаралардың басы-қасынан табылатын мұғалімдерге мектеп қағазбастылығы – өз алдына таусылмайтын жыр-дастан. Одан қала берді, жоғарыдан келетін сан-алуан бітпейтін тексеріс те осы ұстаздар қауымын «жүнін жұлған тауықтай» жүдетіп жібереді.

Оның үстіне директордан бастап, ата-аналарға дейін мін айтуға дайын тұрады. Олар біз оқыған кездегі ата-аналар мен бүгінгі ата-аналардың айырмашылығы жермен көктей. Қазіргі ағайын қит етсе, мұғалімді жазғыруға бейім. Әсіресе, жыл сайын атышулы ҰБТ­да көбінесе оқушы мен мұғалімді әуре-сарсаңға түсіреді.

Жыл өткен сайын білім саласын дамытуға билік тарапынан  қыруар қаржының бөлінетініне қарамастан, мұғалімдер ата­аналарға қол жаюға мәжбүр. Өйткені, мұғалімдердің  мардымсыз  жалақысына не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. Осының барлығы, сайып келгенде,  қоғамдағы  ұстаз  беделінің  құлдырауына  әкелмегенде қайтеді? Бірақ, күнделікті атқаратын төзімділік пен білімділікті талап ететін мұғалім мәртебесі мәселесі тек жалақыны  жоғарылатумен  шешіле салмасы анық. Бедел – маманның ой-өрісі кеңдігіне, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, педагогикалық қызметіне көзқарасы, шығармашылық еңбегі мен  жаңашылдық ізденістері, ұйымдастыру жеке-дара қабілетінің мықтылығымен ерекшеленеді. Қазіргі таңда, «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» жанынан Педагогикалық шеберлік орталығы, Педагогтардың біліктілігін арттыру орталығы жұмыс істеп жатыр. Заманауи орталықтарда мұғалімдер әлемдік тәжірибеге сай әзірленген жаңа бағдарламалар бойынша арнайы үш айлық  қайта  даярлаудан өтеді. Мұндай қайта даярлаудан алдағы 5 жылда 120 мың мұғалім, яғни еліміздегі мұғалімдер корпусының тең  жартысына жуығы өтпек. Алайда, бұл да азшылық етеді.

Сыртқы объективтік факторларға, біріншіден, мектеп ішінде мұғалімнің  дұрыс  еңбектенуіне жасалынатын  оқу-әдістемелік, әкімшілік-ұйымдастырушылық  жағдайлар мен  психологиялық-педагогикалық  ахуал тағы басқа көздер жатады. Екіншіден, мектептен тыс  факторлар  деп  мұғалімнің жалақысы, мұғалімнің ісін марапаттау, мемлекеттік атқару органдарының жан-жақты оларға қолдау көрсетуі, бұқаралық ақпараттық құралдар арқылы  жүргізілетін  үгіт-насихаттар, ата-аналардың көзқарасы т.б айтамыз. Мұғалімнің оқушылармен педагогикалық қарым-қатынасы, білім-білігі, өзін-өзі дұрыс ұстауы, киім-киісі, жүріс-тұрысы, әрбір қимыл әрекетіне дейін жағымды  әсер қалдырауы тиіс. Ұстазға тән қасиеттің барлығы  бойынан табылып тұрса, ешкім оған негізсіз мін таға алмайтыны ақиқат. Сондықтан мұғалім мәртебесін көтеруді жоғары жақтан күтпей, әрбір ұстаз өз атына лайықты қызмет атқарса, барлық  нәрсе  реттеледі деп ойлаймын.

«Ұстаздық еткен  жалықпас, үйретуге балаға»–деп хакім Абай айтпақшы, ол кезеңде молдалардың барлығы дерлік ер кісілер еді, бүгінде ең «ұшынып» тұрған мәселенің бірі—мұғалім мамандығы бойынша гендерлік сәйкессіздіктің реттелмеуі. Елімізде мұғалімдік қызметті атқаратындардың 86% әйелдер екендігін ескерсек, бұл салаға ер азаматтарды тартудың қажеттілігі айтылудай­ақ айтылып келеді.

Тоқтамды  түйін

Ұстаздың жалақысы сатылап көтеріліп келе жатқанымен, әлі де болса айлығы шайлығына жетпей жататыны жасырын емес. «Ұстаздық ету» әлеуметтік-кәсіби статусы, мамандық мәртебесі әлі де болса төменгі сатыда тұр. Соның салдарынан бүгінде педагогикалық корпус қартаю үстінде. Білімді жастар айлығы жоғары кәсіптерге ұмтылатыны сөзсіз. Сондықтан мұғалімдік саланы таңдайтындар жоқтың қасы. Бұл тұрғыда Қытайдың үлгісі қызықтырады. Өйткені, ондағы мұғалімдердің айлығы елдегі жоғары айлықтардың қатарына жатады. Соның арқасында «ұстаз» атануға ұмтылатын жас кадрлар жыл санап  көбеюде. Осылайша, білім  саласы  қызметкерлерінің  мәртебесін көтеруде ұстаздар қалтасына түсетін айлықтың  қомақты болғаны да маңызды.

Фото «strategy2050.kz» ­тен

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0