Марқұм Ақселеу Сейдімбек : «…әлемдік елу ел емес, әлемдік он саусаққа сыятын елдің қатарына жететін потенциалды мүмкіндіктер бар бізде»

Марқұм Ақселеу Сейдімбек : «…әлемдік елу ел емес, әлемдік он саусаққа сыятын елдің қатарына жететін потенциалды мүмкіндіктер бар бізде»

Белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, ардақты азамат қазірде марқұм болған Ақселеу аға Сейдімбектің қазақ ұлтының рухани да, қоғамдық та өмірінде орны ерекше. Бізде ғалымдар бар. Қазақтың ұлттық құндылықтарымен өмірі өрілмеген. Ой орамы сәйкеспейтін. Содан да болар, олар қоғамда болып жатқан, қалыптасқан келеңсіз жәйттарға «Басын ауыртып, балтырын сыздатпайды». Ал, Ақселеу аға, қазаққа, елге болысушылардан еді…

  Бұл марқұм Ақселеу ағаның дүниеден қайтардан бір жылға жетпес уақыт бұрынғы сұхбаты. Сұхбатты тарих ғылымдарының кандидаты Жұмамұрат Шәмші алған. 

 Құрманғали Нұрғалиев, журналист    

Ақселеу аға, исі шығармашылықта жүрген әріптестеріңіз заңсыздықтың, бассыздықтың қорлық-зорлығын бастан өткеріп отыр деген екенсіз…

– Иә, біздің рухани өнімдердің қарақшылары күн санап көбеюде. Менің «Қазақ әлемі» дейтін 600 беттік кітабымды бір әрпін қалдырмай тұтас көшіріп алып, өз атынан шығарып жіберген адамды да көрдік. Ол жөнінде «Егемен Қазақстанға» фельетон шықты. Мұны мен тоналғаннан соң айтып отырғаным жоқ. Біздің шығармашылық адамдар туралы не заң жоқ, не мемлекеттік деңгейде қорғау жоқ не оның еңбегін елеп-ескеріп, қаламақысын төлейтін тетік жоқ. Баспагерлер бізге не қаласа соны істей алады. Қандай зорлық жасаса да қолында тұр. Енді бұл сұмдық қой, айдың-күннің аманында 600 беттік үш жыл жазған еңбегіңді алдына үш бет, артына жеті бет қосады да біреу өз атынан шығарып жібереді. Оған әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ. Ол өз алдына бір зар ғой…

«Отар болған жұрттың өз жүрегі өзіне шабуыл жасайды» дегенде жеткізгіңіз келген ойды ашып айтасыз ба?

– Дұрыс айтасың Жұмамұрат, оның емі — рухани азаттық және рухани жаңғыру. Азаттық дегеніміз—өз еңбегің өзіңе бұйырып, өз жүрегіңдегіні жасқанбай айта алуың. Кеңес Одағы кезінде жеке ұлттардың тек-тамырына үңілудің қажеті де болмады. Көптеген ұлттар өздерінің этногенетикалық тек-тамырынан көз жазып, сырттан зорлап таңылған «бұрынғы жабайы жұрт» деп келетін теориясымақты жатқа айтуға мәжбүр болды. Бұл сияқты идеологиялық өктемдіктің зардабын әсіресе түркі тілдес халықтар қатты тартты. Соның ішінде қазақ сияқты бодандықтың бұғауында болған аз ұлттар тарихи даму үрдісіндегі өзінің ақиқат болмысын парақтау қабілетінен айырылды. Асылын аяқасты етіп, жасыққа малданатын, жатқа жалтақтайтын болды. Бұл дегеніңіз, этникалық таным мен талғамның дертті болуы, яғни сапасыздану еді.

Батыс пен шығыстың жазба деректерін айтасыз-ау, өзіміздің аузымызды ашсақ ақтарылған ас та төк бай фольклорымыз, біле білсек, ең алдымен тарихи дерек көзі ретінде қанағаттанарлық деңгейде зерттеліп отыр ма? Неге қазақтың ең бай циклды қисса-дастандары «Қырымның қырық батыры» немесе «Ноғайлы жыры» деп аталады? Неге дана Қорқыттың есімін иісі түркі халықтары өздерінің рухани әкесіндей қастерлеп, ұрпақтан-ұрпақтың құлағына құйып келе жатыр? Неге башқұрт пен қазақ арасында отызға тарта қисса-дастандар ортақ? Неге осы кезде Кавказ бен Азау (Азов) маңындағы түркі тілдес халықтардың біразы өздерінің деректі әдебиетін Асанқайғы (ХVғ), Қазтуғаннан (ХV ғ) бастайды. Неге әйгілі «Манас» эпосында иісі түркі халықтарына ортақ батырлар негізгі кейіпкерлер болып жүр? Ал, «Қорқыт», «Ақсақ құлан» «Ел айырылған» сияқты күйлердің қазақта да, қырғызда да, қарақалпақта да, түркіменде де тартылатынын бүгінгі ұрпаққа қалай түсіндіріп берер едік?..

Біз осы уақытқа дейін түркі тілдес халықтардың бір-бірімен сөйлескенде аудармашысыз түсініп, ал жазба мұраларына келгенде мүдіріп қалатынына мән беріп жүрміз бе? Яғни, алфавиттерінің негізі орыс кириллицасыз болғанымен, түркілік дыбыстарға әр ел өзінше белгі-әріп ойлап тапқан. Мұның салдарынан бірінің жазба мұрасын екіншісі оқып түсіне алмайтын күйге түсіп, тегі бір туысқан халықтар бір-бірінен рухани алшақтауға мәжбүр болып отыр…

Елімізде руға, жүзге бөліну етек алуда. Үш жүздің басын қоса алмай жүргенде, «Қазақстандық ұлт» дегенді шығарды. Осы туралы ойыңызды ортаға салсаңыз?

– Өткен ғасырдың 1970-1980 жылдарынан бастап руға, атаға, жікке бөліну індеті басталды. Өзі жаман індет басталғанда өрт сияқты елді шарпып кететін әдеті. Бұл індет талай адамдарды азапқа, әуреге салды. Әлі де салып келеді. Сорымыз болар, бағымыз болар Тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық жүйені таңдадық. Ал нарықтық жүйе деген байлықтың бәйгесі. Баюдың бәсекесі. Баю жолына түскен адамдар өзіне қолайлы тәсілдің бәрін қолданады. Үлкен ақыл, тәжірибені қолданудан бастап, кісі өлтіруге дейін барады. Оны көзіміз көріп жүр.

Демек, нарықтық жүйе өзінен-өзі протекциялық аңсарды дүниеге әкеледі. Протекция деген не? Белгілі мақсатқа жету үшін топ құрады. Әрине, кез­ келген адам топқа өзі білетін адамдарды тартады. Олар өзінің рулас, аталастары болуы мүмкін. Бірақ, сол руластары, аталастары көңілінен шықпаса, соның өлігін аттап тұрып, мүлде басқа ұлтпен пәтуаласады. Дегенмен түпкі мақсатқа жетуден тайынбайды. Протекция деген осы. Біз протекциялық ындынды жүзшілдікпен, рушылдықпен шатастырып отырған жәйіміз бар. Қазақта рушылдық болуы мүмкін емес. Оны болдыртпайтын тетікті ата-бабаларымыз жасап кеткен. Өйткені, менің шешем, әйелім, келінім басқа жүзден. Сонда басқа жүзден болғаны үшін анамды тәрк етуім керек пе?! Басқа жүзден болғаны үшін маған немере сыйлап отырған келінімді тәрк етуім керек пе?.. Өзіме перзент сыйлап отырған әйелімді тәрк етуім керек пе?..

Бұл ешбір адам бара алмайтын механизм. Оған бару мүмкін емес. Мұндайға тек жынды адам ғана барады. Демек, қазақта рушылдық, жүзшілдік бар деген адам ол мүлде қазақ ұлтының ішкі этножарылым тетігін, механизмін білмейтін көрсоқырлардың тірлігі. Ондай адамға мүсіркеп, рухани кемтар ретінде жаның ашып қарауға тура келеді.

Жүзге бөліну деген сөз барып тұрған ақымақтық, төл тарихын білмеушілік дегенде не айтқыңыз келді?..

Иә, біздің қазақ мемлекеттігін жасақтаушы ақылман даналарымыздың іскер, елдің ішін ұйыта, ұйыстыра алатын қасиетінің арқасында біздің ұлт жеті атасына дейін қыз алыспайтын дәстүрді бекем ұстанған. Оны өте қатал ұстанған. Жеті атасына дейін үйленген жандарды өлім жазасына дейін кескен. Мұның айқын айғағы – Еңлік-Кебек пен Қалқаман-Мамыр. Олардың аралары төрт-бес ата ғана, «Үйленемін деген» ниеттері үшін ғана өте үлкен жазаға кесілген. Ал, неге бұлай қатал болды?

Мұндай байтақ далада аңдай өрген, тіршілік үшін көшпелі өмір салтын ғұмырына негіз еткен халықты тұтастандырудың жалғыз тетігі осы екен. Осының нәтижесінде кез­ келген қазақ еркегінің не шешесі, не әйелі, не келіні басқа рудан, жүзден болып шығады. Өйткені, жеті атада бір ру пайда болады. Осының арқасында біз бір шетімен бір шеті 5-6 мың шақырымдық байтақ алқапты алып жатқан шашыранды ру-тайпалы ел-жұрттың не диалектісі жоқ, не тілінде, не дінінде айырмашылығы жоқ біртұтас этножаралым, біртұтас этноорганизм болып шықтық.

Мына Кавказда Дағыстан дейтін ел бар. Біздің Қорғалжын ауданы аумағынан жері кішілеу. Сол Дағыстанда ресми 18 тіл бар. Анау төбедегі көрініп тұрған ауылдың тілін етектегі ел мүлдем түсінбейді. Қазақ дейтін халықтың біртұтас этножарылым болуы біздің ақылман даналарымыздың жасап кеткен ұлы істерінің бірі ғана. Шежіреде осылай көрсетіледі. Тұңғыш рет мен 1000-ға тарта ру-тайпаларға қатысты нақтылы мақал-мәтелдерден тыс малының құлағына ұрылатын белгілерді жинадым. Ол да осы «Қазақ әлемі» деген кітабымның ішінде. Ол енді менің керемет даналығымның арқасы емес. Менің қолыма Құдай түсірген жаңағы екі мың шежіредегі деректі сүзіп алып, осындай мол қазынаны, халықтың өз даналығы мен қазынасын өзіне ұсынам ба деген игі ниеттің үстінде отырмын, шырағым.

2030-жылы бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қазақ баласы өзінің рухани бет-бейнесін сақтап қала алады деп ойлайсыз ба?

– Біріншіден, әлемдік елу ел емес, әлемдік он саусаққа сыятын елдің қатарына жететін потенциалды мүмкіндіктер бар бізде. Ол мүмкіндіктерді ұқсата алмау, басқа әңгіме. Ұқсата алмаудың дерті алаңдатады. Біздегі протекцияшылдық, коррупцияшылдық, жебірлік ындынның билік сатысында өмір салтына айналып кетуі өте қауіпті. Екіншіден, әлемнің елу еліне құр экономикалық деңгеймен жетуге өз басым ұялар едім. Әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына ең алдымен рухани өреде жетуге мақсат тұтуымыз керек. Нұрекеңнің «алдымен экономиканы ұқсатып алайық» деген сөзі 1990-жылдардың алғашқы жартысында, яғни қиын кезеңде айтылған еді. Одан бері 18-жылдай уақыт өтті. Республиканың реңі мүлде шырайланды. Енді бірыңғай экономиканы күйттейік деген сөз ол «мемлекеттің болашағын жоқ етейік» дегендей естіледі маған.

Өйткені, рухани негізі берік, төлтумалық қасиеті дара, өзіндік төл сипаты жоқ ұлт та, мемлекет те болмайды. Онда біз қырық ру, қырық жілік тобырдың мекені боламыз да, біздің ақырымыз қайыр болмай шығады. Сондықтан біз дереу ұлттық төлтумалық, мемлекеттік төлтумалық деген мәселені қолға алып, соның кемшін кетіп жатқан жақтарын жоюдың тетіктерін ойластыруымыз керек. Бұл ретте ең бірінші қолға алатын нәрсе — бұқаралық ақпарат құралдары.

Біздегідей бейбастақ әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Қазір БАҚ­-тың зорлық-зомбылығынан мұрнымыздан қан кетіп отырған елміз. Есеңгіреудің, есімізден айырылудың деңгейіне жеттік. Қазақстанның жүрегі Астанада «Алты Алаш» деген жалғыз дүңгүршекте ғана қазақтың газет-журналдары сатылады. Қалғандары «Қазпресс» деген атауы ғана, қазақша мүлдем сатылмайды. Әдейі солай істеліп отыр, биліктің ол туралы хабары бар деп ойлаймын. Еліміздің басқа өңірлерінде қазақша газет-журналдарды тауып оқу арманға айналған. Менің қаупім, сол ақпарат құралдарының тәрбиесін көрген балалардың өздері 15-20 жасқа келіп қалды. Олар ертең бізді  алмастырғанда ұлт үшін күреспейтін, мемлекет үшін тұяғын қимылдатпайтын өте дүбәра, космополит, немкетті ұрпақ бола ма деп қорқамын.

Онда бүгінгі ұрпақ тырбаңдап жинаған дәулет, қазіргі жасалған игіліктің барлығы желге ұшады. Сондықтан дереу бұқаралық ақпарат құралдарын ауыздықтауымыз керек. Әсіресе, біздің қабырғамызды қайыстырып бара жатқан орыстың басылымдары мен бетімен кеткен телеарналар. Сол телеарналарда көркемдік кеңестің болмағанынан, қазақтың шырайлы әрі таңғажайып тілінің басын жарып көзін шығарды. Оларға тоқтау айтатын ел ағасының болмауы көп нәрсені аңғартады. Орыстар Қытайды «Поднебесная страна» десе, біздікілер «Аспан асты елі», «Страна восходящего солнце» десе, «Күншығыс елі», «Ближный восток» десе, «Таяу шығыс» деп сандырақтап жүр.

Осылай біз орыс халқының рухани асырауында отырмыз. Қазіргі ұрпақ орыстың әнін тыңдайды. Орысша ойлайды. Орыстың ойлағанын шайнап қайталайды. Біздің ғылымымыз да, саясатымыз да, мәдениетіміз де орыстың өкшесін басқан рухани дүбәра дүние болып отыр. Дереу мемлекеттік деңгейде, Парламенттік деңгейде осынау заманалық қасіретпен күресетін шараларды қолға алуымыз қажет. Онсыз біз ұлт ретінде жойыламыз, мемлекет ретінде құлаймыз. Бұдан артық не айтайын, мен енді.

Әңгімеңізге рахмет, Ақселеу аға!

 2008-­жыл, қараша айы

Фото egemen.kz сайтынан алынды 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0