Астана. 1-қараша. Turaninform. Құрманғали Нұрғалиев. Елорда тұрғындарын азық-түлікпен тиісінше қамтамасыз ету бағытында бірнеше жылдан бері облыстардың жәрмеңкелері өтіп келеді. Биыл да «Қуатты өңір – Қуатты Қазақстан» деген атаумен өткен шара аясында он дәстүрлі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіпті. Мұнан бөлек, қаланың іші мен айналасындағы өндіріс орындарының апта сайын өткізетін жәрмеңкесі де бар.
«2016 жылдың сәуір-қазан айларында 75 апта сайынғы жәрмеңке өткізіліп, 1390 тонна өнім, соның ішінде ет өнімдері 321 тонна, 25 тонна сүт өнімдері, 943 тонна көкөніс, 30,5 тонна қант және 43,5 тонна басқа тауарлар сатылды. Астанада қала тұрғындарын тамақ өнімдерімен қамтамасыз ететін агроөнеркәсіп кешенінің 72 субъектісі бар. Соның ішінде ұн тартатын 9 кәсіпорын, нан-тоқаш өнімдерін өндіруші 41 кәсіпорын, шұжық өнімдерін өндіруші – 5, сүт өнімдерін шығаратын бір кәсіпорын, 8 көкөніс қоймасы, бір жылыжай кешені, 2 ауыл шаруашылық тауарларын өндіруші бар. Делдалдардың санын қысқарту мақсатында қалада 5 сауда-логистикалық орталық ашылды.
Азық-түлік өнімдерінің бағасы да маңызды мәселе. Бағаларды тұрақтандыру үшін бірнеше облыспен сауда-экономикалық қарым-қатынастар туралы меморандумға қол қойылды, онда өнімдерді өндірушілердің бағасымен сату қарастырылған» делінген Астана әкімдігінің ресми сайтында ( astana.gov.kz.).
Енді облыстардың өзара жәрмеңкесі артса, жергілікті тұрғындар үшін көптеген тауарларға қолжетімділік артып, әлеуметтік бір көмек болар еді. Халыққа тиісті қолайлы жағдай жасала түссе, тұтастай ел игілігі емес пе?..
ПІКІРЛЕР