27-желтоқсан. Turaninform. Құрманғали Нұрғалиев. Келесі жылдың қаңтар айында АҚШ президенті лауазымына ресми түрде кірісетін Дональд Трамптың саяси ой-пікірлеріне Жер жүзі елдерінің баса назар аударуы жәй емес. АҚШ – әлемдік саясатта, экономикада тым ықпалды мемлекет екені белгілі. Д.Трамп жақында ғана әскери саясатқа қатысты да Жер жүзі елдерін елең еткізді.
Сонымен Дональд мырза не деді? Ол: «БҰҰ-да үлкен әлеует бар. Дегенмен, қазір бұл (БҰҰ – Қ.Н.) бар болғаны, адамдардың басын қосып, әңгімелесіп, уақытты жақсылап өткізетін клуб. Қандай аянышты! …барлығы 20-қаңтардан кейін өзгереді» (segodnya.ua) деген. Халықаралық ұйымның іргелісі – БҰҰ-ны клубқа теңеп отыр! Ауыр-ақ сөз.
Келер жылдың 20-қаңтарында Дональд Трамп салтанатты түрде АҚШ президенті лауазымына кіріспек. Демек, Д.Трамп атаған 20-қаңтар сырының түбірі немен байланысты екенін аңғару қиын болмаса керек…
Біріккен Ұлттар Ұйымына қатысты сынның айтылуы бір бұл емес. Талай мәрте айтылып-ақ келеді. Жазылуда да. Бірақ, АҚШ президенттігіне кіріскелі отырған Дональдтың аузынан шығуы, әрі келесі жылдан БҰҰ-ға жаңа Бас хатшы келетінін ескерсек, әлемдік саяси-экономикалық өмірге өзгеріс таяп қалғандай…
ПІКІРЛЕР