Жуырда 2-сыныпта оқитын ұлымның ата-аналар жиналысына қатыстым. 30 ата-ананың 26-ы келіпті, менен басқа тағы бір ер кісі, қалғандары әйелдер болды. Сол 30-баланың 18-нің көз жанары нашар көреді екен. Өйткені, туылғаннан 1-сыныпқа барғанша, таңертеңнен кешке дейін ата-аналары жұмысқа кетеді, балалары болса, өз бетімен қалады. Қазіргі таңда, балалар үйіндегі көлемі 1-метрден үлкен теледидарға телміреді. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Содан барып, иммунитеті әлі қалыптаспаған сәбидің көзіне әсері орасан зор болғандықтан, көздің көруі нашарлайды.
Телеарнаның адамға беретін пайдасынан көрі, келтірер зияны көбірек екенін, әлем ғалымдары мәдениетке қарсы басталған жорықтан кері қайтар жол іздеп, дабыл қағуда. Көгілдір экран адамды байқалмайтын стресс жағдайда ұстайды-мыс. Телемания есірткі, ішімдік секілді теріс әдеттермен қатар тұрады деген қорытындыға келген.
Бұған қоса, зерттеушілер пікірінше, теледидардың танымдық, тағылымдық әсерінен гөрі, көрерменге бағытталған эмоционалдық соққысы басым екендігін байқаған. Бақылаулар нәтижесінде, үш аптадан кейін адамның теледидар арқылы көрген білімі құмға сіңген тамшыдай зым-зия жоғалған, ал көңіл күйіндегі әсер қаз-қалпында қалған. Мұндай ғылыми тұжырымдардың тізбегі біразға созылары айдан анық. АҚШ түрмелеріндегі қылмыскерлердің 65%-ы экран кейіпкерлеріне еліктеп заң бұзғандығын, ал 25%-ы ұрлық пен бейбастақтықты үйреткен «телеұстаздарына» алғысы шексіз екендігін айтады. Жапонияда покеман қалталы құбыжықтар жайындағы мультфильмнің бір сериясының көрсетілімінен кейін қояншық ауруы ұстаған 625 бала ауруханаға түскен!
Алысқа бармай-ақ 2015 жылы біздің елде жаңағыдай мультфильмдерді көріп алған Ақтөбелік жеті жасар Айғаным алты айлық інісін бесінші қабаттан тастап жібергенін немен түсіндіреміз? Осы оқиғаны бұқаралық ақпарат құралдары жарысып жазды. Бала туа сала бұзылмайды. Жаман әдетті көріп, біліп, естіп, еліктеп бұзылады.
Вашингтон университетінің ғалымы Фредерик Циммерман 1500 баланы 3 жастан 12 жасқа дейін бақылай келе, теледидарды 4 сағаттан аса қарайтындардың бұзақы болуы ықтималдығы отыз пайызға артатындығын дәлелдеген. Одан тыс, ересектер арасында да, күнұзағына теледидар көретіндердің бұзақылық әрекеттерге баруы жиілеген. Катар мемлекетінің атышулы «Әл-Жазирасы» 2005 жылдан бастап Жер серігі арқылы таратылатын дүние жүзіндегі арабтарға арналған, 50 пайызы араб продюсерлерінің өнімдерімен жабдықталған JCC арнасын ашқан. Израиль де қалыс қалып жатқан жоқ, оның BABY TV телеарнасы да төрткүл дүниеге таралады. Жапонияға келсек, онда ұлттық білім берудің теледидарлық жүйесі қалыптасқан. Англияда балалар телеарнасының ашылғанына биыл 75 жыл болды.
Сондай-ақ Канада, Австралия, Финляндия, Швейцария, Франция, Қытайда да балаларға және ересектерге арналған телеарналары бар. Ресейде де 2005 жылдан бастап, 170 елге тарайтын, «Карусель», «Улыбка ребенка» атты балалар телеарналары ашылды. Бізде 2010 жылы ашылған «Балапан» бағдарламасының өзі сын көтермейді, деңгейі төмен. Қазақы мультфильмдер жайы тіптен бөлек әңгіме. Әрине, елімізде бақаның да балық болып жүргендігі сондықтан. Жақында Алматыда өткен универсиада кезінде біресе қазақша, біресе орысша, біресе ағылшынша тыңдап отырған көрермен қайсы елдің телеарнасы екенін түсіне алмай дал болады.
Біздің елдің көгілдір экранда таңның атысынан күннің батысына дейін атыс-шабыс, ұрыс-керіс, қатыгездіктің сан-алуан түрін құбылтып, құйқылжытып, әпербақан ұрдажық көріністерді көрсете берген соң, бала түгілі ересектер еріп кетеді. «Жұлдыздар жарқырайды», «Ел аузында», «Айта берсін» деген бағдарламаларды тыңдап көрсең, төбе шашың тік тұрады. Баян Есентаева күйеуін соттап жіберіп, басқа жігітке тұрмысқа шығайын деп жатыр. Алтынай Жорабаеваны төрт қызымен тастап кеткен Сәбит Әбдіхалықов бұрынғы әйелі Айгүл Иманбаеваға қосылыпты. Қытайларды таңғалдырған әнші Димаш Құдайберген Қайрат Нұртас пен Төреғали Төрәліні шаң қақтырмай кетті. Одан қала берді, біреудің жеке өміріндегі ішкен-жегенін көпшіліктің назарына ұсынады, қайдағы жайдағы өсек-аяңды құлпыртып жеткізеді.
Соларға еліктеп жүрген кейбір жастар олардың қателіктерін қайталайды. Ұят емес пе? Қазақ халқының дүние танымына томпақ келеді. Телеарнаға шықпас бұрын сүзгіден өткізіп барып, ұят жерлерін монтаждап барып ұсынған абзал деп ойлаймын. Өйткені, көгілдір экраннан көргенін қайталайтын адамдар баршылық. Біздің телеарнадан тәрбиелік мәні бар адамды танымдық жағынан өсіретін, ата-анасына мейірім шапағатын төгетін, жүрегіне иман келтіретін, әлемдегі керемет адамдардың қилы жағдайлардан қалай шығып жетістікке жеткен жеңісін көрсететін бірде-бір бағдарлама жоқ.
Біздің ғалымдар 2016 жылдың қорытындысы бойынша, ТМД елдері арасында Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орында тұрғанын, 20-жасқа дейінгі балалар арасындағы суицидтер санының күрт өсуін айтып, бұған экранның көп әсері болатынын жанұшыра жеткізіп отыр. Таяуда әлеуметтік желілерде «Синий кит», «Тихий дон» деген тарап кетті. Соған сәйкес, өз-өзіне қол жұмсаған 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер саны 2015 жылы 5560 бала болса, 2016 жылы 870 балаға өскен, ал бұл қадамға талпыныс жасағандар саны 1296-ға жеткенін 20 ақпан күні ішкі істер министрі Қ.Қасымов Парламент қабырғасында әдемілеп айтып берді.
Тәуелсіздік алғанына 25 жыл болған елдің телеарнасына мүлде ұқсамайды. Біздің телеарналарда қаптап кеткен шоулар мен бітпейтін сериалдар. Қазақ халқының әдет-ғұрпына жат көріністерді көресің. «Бенефис-шоуды» жүргізетін әнші жұп Қарақат пен Қыдырәлінің журналистикадан мүлдем хабары жоқ екенін әрбір сөз саптағанынан байқап отырасың. «Астана кеші көңілді» деген бағдарламаны жүргізетін Нұрдәулеттің қылықтары адам төзгісіз. Әнші ән айту керек, аспаз тамақ пісіру керек қой, бізде бәрі «Сегіз қырлы бір сырлы», шетінен «универсальный солдат – Жан Клод Ван Дамм». Әркім өз сүйікті ісімен айналысқаны жөн. Бізде ғана атың шықпаса, жер өртенің кейпін киген. Біздегідей бейбастақтық әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарының зорлық-зомбылығынан мұрнымыздан қан кетіп отырған елміз. Есеңгіреудің, есімізден айрылудың деңгейіне жеттік. Сол ақпарат құралдарының тәрбиесін көріп өскен балалардың өздері 25-тен асып кетті.
Ертең олар бізді ауыстырғанда ұлт үшін күреспейтін, мемлекет үшін тұяғын қимылдатпайтын өте дүбәра, мәңгүрт, немкетті ұрпақ бола ма деп қорқамын. Әсіресе, біздің қабырғамызды қайыстырып бара жатқаны –орыс басылымдары. Біз орыс халқының рухани асырауында отырмыз. Елімізде 10 теларна бар, саны бар, ал, сапасы сын көтермейді. Шетелдің – орыстың киноларын көрсеткеннен әрі аса алмайды. Қазақы өнімдерді көрсетуге милары жетпейді немесе дайын асқа тік қасық жасап отыр. Сондықтан орыстың ойлағанын айнытпай шайнап қайталайды. Көп жағдайда біздің ғылымымыз да, саясатымыз да, мәдениетіміз де орыстың өкшесін басқан рухани дүбәра дүние болып отыр.
Дереу мемлекеттік, Парламенттік, Үкіметтік деңгейде, осынау заманалық қасіретпен күресетін шараларды қолға алуымыз тиіс, БАҚ-ты, әсіресе көгілдір көк жәшікті ауыздықтауымыз керек. Онсыз біз ұлт ретінде жойыламыз, мемлекет ретінде құлаймыз.
Жұмамұрат Шәмші
Түпнұсқа тақырыбы: “Көк жәшіктің кесірі”
ПІКІРЛЕР