Қызылордада Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды

Қызылордада Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылды

Қызылордада Алаштың және Түркі әлемінің ардақтысы – Мұстафа Шоқайға арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Алдымен Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» спектаклінен үзінді қойылды. Мұнан соң Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ тұрғындарын ескерткіштің ашылуымен құттықтады.

– Мұстафа Шоқай – кез-келген ірі тарихи құбылыс секілді біржақты сипаттауға болмайтын, үйреншікті қалыпқа салуға келмейтін тұлға. Ол сол замандағы аса күрделі ғаламдық тарихи процесстің бел ортасында, эпицентрінде жүріп, Түркі әлемінің, өз ұлтының мүддесін қорғауға тырысты. Сондықтан да, Мұстафа Шоқай ақ пен қызылға немесе қоңырға жақ, я қарсы болды деген қарабайыр түсінікке сыймайды.

Ол өзінің бүкіл ғұмырын, күллі қажыр-қайраты мен ақыл-ойын туған халқының, түбі бір тұтас түркі жұртының бірігіп өркендеуіне арнады,- деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Сондай-ақ, салтанатты шараға ҚР ҰҒА академигі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры Досмұхамбет Кішібеков, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Әбдіжәлел Бәкір, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы қатысты. Мұнан соң салтанатты түрде ескерткіш жамылғысы түсіріліп, гүл шоқтары қойылды.

Ескерткіш  Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Көшер Байғазиевтің қоладан жасаған туындысы. Гранитті тұғырын қоса есептегенде  ескерткіштің жалпы биіктігі – 12 метр.

Осы күні Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш мұрасы және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған Қазақстан, Түркия және Өзбекстаннан Алаш қайраткерлерінің мұраларын зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген белгілі тарихшы ғалымдар қатысты.

 Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0