Қызылорда облысында бір күнде бірден 8 білім нысаны ашылды

Қызылорда облысында бір күнде  рекордтық көлемдегі білім нысандары пайдалануға берілді. 25 мамырда Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарында 6 мектеп пен 2 балабақша салтанатты түрде ашылды.

24-25 мамырда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Қызылорда облысында жұмыс сапарымен болып, аймақтағы ұстаздар қауымымен кездесті және бірқатар нысандардың ашылуына қатысты.

24 мамырда Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттер сарайында министр білім  қызметкерлерімен кездесіп, саланың өзекті мәселелері талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Өз кезегінде Ерлан Сағадиев облыста білім саласын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарды жоғары бағалады.

Жұмыс сапарының екінші күні ҚР Білім және ғылым министрі Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарында болып, 2016-2017 оқу жылының аяқталу құрметіне арналған салтанатты шараларға және апатты жағдайдағы мектептердің орнына жаңадан салынған 5 мектеп пен 2 балабақшаның ашылуына қатысты. Сонымен қатар Ерлан Сағадиев Қазалы ауданындағы 200 орынға арналған мектептің құрылыс барысымен танысып, осы аудандағы мектеп-лицейдің «Соңғы қоңырау» мерекелік шарасының куәсі болды. Сондай-ақ, осы күні Арал ауданында 50 орынға арналған тағы 1 жаңа мектеп ел игілігіне берілді.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев алдымызға басты үш міндет қойған болатын: үш ауысымдық және апаттық мектептерді жою және 3-6 жастағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. Алдымен 2015 жылы үш ауысымдық мектептерді түбегейлі жоюға қол жеткіздік. Содан соң өздеріңіз білетіндей, 2015 жылы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуді мерзімінен бұрын 100 пайызға орындадық. Ал, былтыр апатты жағдайдағы 37 мектептің орнына 25 мектеп салынды, қалған 12-сінің құрылысы басталды. Енді қалған 4 жаңа мектеп тамыз айында пайдалануға беріледі,- деп атап өтті облыс әкімі.

Осылайша аймақта Елбасының білім саласына қатысты барлық тапсырмалары (2020 жылға дейін) мерзімінен бұрын орындалатын болады.

Анықтама: Қызылорда облысының бюджетіндегі білім саласын қаржыландырудың үлесі 41 пайызды құрайды. (216, 9 млрд. теңгенің 89,1 млрд. тенгесі). Аймақ жан басына шаққанда  білім және денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі жағынан республикада алдыңғы орында.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0