Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы – ауылды да, қаланы да қамтитын ауқымды жоба…

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы – ауылды да, қаланы да қамтитын ауқымды жоба…

Ауыл шаруашылығында еліміздің стратегиялық экономикалық әлеуеттері, орасан мүмкіндіктері бар екені белгілі. Онда сарқылмайтын зор табиғи байлығымыз жатыр. Егер, әрине, ретімен пайдалансақ. Біздің жағдайда экономиканы тұрақты дамыту да ауыл шаруашылығымен байланысты.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да сонымен үндеседі. Ал, мұны іске асыруға қазірде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мен «НҰХ «ҚазАгро» АҚ қызу кірісіп кетті.

Әлемде 797 миллион адам азық-­түлік тапшылығын тартуда!

Азық-­түлік тапшылығы жекелеген аймақтың немесе бір континенттің мәселесі емес. Бұл – ғаламдық мәселелердің біріне жататыны айқын. Қазіргі уақытта шамамен әлемде 797 миллион адам азық­-түлік тапшылығын тартуда екен! Тойып тамақ ішпейді. Жарты құрсақ күйде. Егер шартты түрде жеке мемлекет деп алсақ, Қытай мен Үндістаннан кейінгі үшінші орында тұрар еді! Liga.net деп аталатын ақпарат құралында, әсіресе, алдағы уақытта Азияда, Африканың оңтүстігінде жағдай ушыға беретіні жазылған. Қалай дегенмен, жақын уақытта азық­-түлік мәселесі шешілмейді.

Бұл дегеніңіз азық-­түлікке деген сұраныс артпаса кемімейді деген сөз. Демек, біздің ел үшін экономикалық мүмкіндік (әлбетте, бұл жерде ғаламдық мәселе ретінде азық-­түлік тапшылығы артсын дегендік емес). Бұған бір дәлел. Еліміздің экономикасы мұнайға тәуелді екені белгілі жәйт. Ал, сөйткен мұнай, шамамен үш жыл бұрынғы уақытпен салыстырғанда, 50%-дан астам құлдырады! Мұнай бағасының төмендеуі, қырық құбылуы тиісінше, экономикамызды да құлдыратты. Шайқалтуда. Керісінше, азық­-түлік бағасы биылғы сәуірде, былтырғы жылдың сол уақытымен салыстырғанда 10%-ға өскен! Бұл  туралы БҰҰ­-ның Азық-­түлік және ауылшаруашылығы ұйымы хабарлады. Демек, экономикамыздан аграрлы индустриалды­-инновациялық бір сала жасап, баптап отырсақ – жемісін ондаған жылдар бойы жейміз.

1 трлн. теңгенің заты импортталады

ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, еліміз 1 трлн. теңгенің азық­-түлік тауарларын импорттайды екен. Сары май, сүзбе, қант т.б. сатып алу үшін ғана сонша ақша сыртқа кетеді. Ойлантарлық дүние. Жедел түзеуді керек ететіні көрініп тұр. Себебі, мәселе, банан, киви, апельсинде емес, өзімізді өзіміз қамтамасыз етуге тиісті, бірақ, тапшылық көретін азық­-түлік түрлеріне қатысты болып отыр.

2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы осы олқылықтардың орнын толтырмақ. Егер, сәтті жүзеге асып, ауылшаруашылығы кооперациялары дамыса, ауыл тұрғындарының қосымша жылдық табысы 300 миллиард теңгеге дейін артады! Бұныңыз бүкіл мемлекеттік субсидиядан екі есе артық екен! Осылайша, ауылдың көркейе түсуіне, қоғамдық дамудағы үлесінің артуына да жаңа бір мүмкіндік туып отырғандай. Ал, ауылшаруашылығы тауарларының бағасы шамамен 15-20%-­ға төмендемек. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың қаржылық жағдайының жақсара түсуіне де сеп болады. Мұның қала тұрғындарына да қатыстылығы жоғары. Себебі, алыпсатарлардың «Айдан» алып қоя салатын үстеме бағаларының ауырлығын тартатын көбінесе қала тұрғындары. 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының ауылды да, қаланы да қамтитын ауқымды жоба деуіміздің екі сыры болса, бірі сонда жатыр…

Сондықтан, бағдарлама негізінде, қазіргі таңдағы 500 мыңнан аса ЖҚШ (Жеке қосалқы шаруашылық) және кіші Шаруа (Фермерлік) қожалықтарын біріктіріп, солардан 2021­-жылға қарай 1,5 мыңнан астам ауылшаруашылығы кооперацияларын құру жоспарланған. Үлкен бағдарлама екені көрініп­-ақ тұр.

Ауылшаруашылығындағы абсолютті басымдығымызды тиімді пайдалансақ ұтамыз

Әрине, ауылшаруашылығы саласында бәсекелестік күшті. Дамыған елдер тіпті алдыға шығып кетті. Дегенмен…экономикада абсолютті басымдық деген ұғым бар. Бұл дегеніңіз белгілі бір тауар өндіруде, қызмет көрсетуде бір елдің басқа мемлекетпен салыстырғанда табиғи, географиялық жағынан айқын басымдығы: климаты, халқының маманданған саласы арқылы. Мысалы, еліміздің климаты – мал шаруашылығына,  егін дегенде – бидай, күріш, арпа, жүгері, қауын-қарбыз, алма, алмұрт, қызанақ, қияр, асқабақ, т.б. егуге үлкен мүмкіндік береді. Ел халқы да соған маманданған. Тропикалық белдеуде орналасқан елдермен салыстырғанда, бұл біздің абсолютті басымдығымыз.  Апельсин, банан, лимон, анар, какао өсіру бізге тиімсіз. Екіншіден, ешқандай ел өзін-­өзі 100% қамтамасыз ете алмайды.

ҚазАгро биылғы көктемгі-егіс жұмыстары бағдарламасы аясында, май дақылдары (күнбағыс, рапс, зығыр, соя) және арпа, қант қызылшасы, күріш, астық жүгерісі, мақта, сұлы, картоп – 11 басым дақылдар тізімін анықтап, соларды бірінші кезекте қаржыландырды. Бұл құптарлық дүние.

Мал еті дегеннен шығады, біздің ел кезінде КСРО-­ның жартысын ет өнімдерімен қамтамасыз еткен делінеді! Сол тұста жылына 80 000 тонна ірі қара етін экспорттаппыз! Ал, қазір ше? 2015-жылдың 1-желтоқсанындағы мәліметке қарағанда Қазақстан бар болғаны 13 400 тонна ет экспорттаған! Бұл тек сиырдың ғана емес, жылқы, қой, тауық – бәрін қосқандағы көрсеткіш! 2016-жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында болса, 7000 тоннадан астам ғана ет экспортталған! КСРО кезіндегі 80 000 тоннаның жартысына да жетпеген. 2016­жылы елімізде немесе ішкі рынокта ет өнімдерінің тапшылығы 16% болыпты. Бұл мәлімет ішкі рыногымызды да әлі жеткілікті қамтамасыз ете алмай отырғанымызды білдіреді.

Ал, көршіміз Қытай рыногында ет тапшылығы 300 000 тоннадай көрінеді. Олай болса, Қытайға 80 000 емес, 250 000 тонна апарсаң да, жалап алып кетейін деп тұр деген сөз. Демек, біз үшін тағы бір мүмкіндік. Өз рыногымызды толтыра қалсақ, бас ауыртып, балтыр сыздатып, мұхит асып әуре болмаймыз. Көрші елге арбалап та, дорбалап та сатуға болады.

P.S. Үкімет ондағы ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі қазақстандық ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілерге халықаралық рыноктың ашыла түсуіне де әрекет қылуда. Нәтиже де бар…

 Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясындағы жоспарлы жұмыстар өзіндік жемісін де бере бастады. Мысалы, енді еліміздің балық пен оның өнімдерін, бал және бал ара шаруашылығы өнімін Қытайға сатуда жол ашық. Сонымен қатар, Қытайға енді жылына 500 мың тоннаға дейін астық экспорттауға және келешекте мұны 1 млн тоннаға жеткізуге болатын келісім жасалды. Тек Қытай ғана емес, Сауд Арабиясына, Иранға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Израильге ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша жұмыстар жүргізілді. Жүргізілуде. Бірақ, ішкі рынокты қажетті ауылшаруашылығы өнімдерімен толық қамтамасыз етіп алып, сыртты іздесек, қисындысы сол…мұны да ұмытпайық.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы – еліміздің экономикалық жағынан жаңара дамуына сеп болатын жоба. Соған жетуде ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мен «НҰХ «ҚазАгро» АҚ тарапына жүктелетін жауапкершілік зор…

 Құрманғали Нұрғалиев, журналист, экономика магистрі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0