Көршіміз Өзбекстан соңғы уақытта тез өсіп жатыр. Инвестициялық климаты да, өндірістік дамуы да қарқынды. Бұл әлеуметтік өмірге де әсерін тигізіп жатыр. Бар болғаны бір жылда 1,5 млн өзбек кедейліктен шыққан көрінеді.
Сонымен қатар, маңызды көрсеткіштерде Қазақстаннан озып барады. Сонымен салыстырайық…
● Экономикалық өсім (2025ж.):
Қазақстан – 6,5%;
Өзбекстан – 7,7%.
● Тікелей шетелдік инвестиция (2025ж.):
Қазақстан ~ $19 миллиард;
Өзбекстан < $38 миллиард.
Жан басына шаққанда, екі елдің инвестициялық деңгейі шамалас: 1000 АҚШ долларын төңіректейді. Ал, егер, ЖІӨ-ге шақсақ, Қазақстан әжептәуір артта қалады. Мысалы, тікелей шетелдік инвестиция Өзбекстан ЖІӨ-інің 25%-ынан асып тұр. Қазақстанда бұл 6,3% ғана, яғни, Өзбекстан көрсеткішіне жету үшін Қазақ елі $80 миллиардқа жуық инвестиция тартуы тиіс. Бір жылда!
● Инфляция (2025ж.):
Қазақстан – 12,3%;
Өзбекстан – 7,3%.
Біздің елде олардан 5%-ға жоғары. Демек, экономикалық тұрақтылығы мен импорттық тәуелділігі бізден жақсырақ.
● Бюджет тапшылығы (2025ж.):
Қазақстан – ~4,4%;
Өзбекстан – 2,1%.
Бұл жағынан да бізден алда.
● Иә, Қазақстандағы төменгі жалақы көлемі Өзбекстаннан шамамен 60-65%-ға артық. Дегенмен олардың төменгі жалақысына түсетін азық-түлік, тұтыну тауарларымен салыстырсақ, айырма тағы азаюы ықтимал. Бұған жоғарыда
жазылған инфляция да дәлел.
Сондай-ақ, бізде үшінші жыл қатарынан төменгі айлық еңбекақы көтерілмегенін ескерсек, олардың жақындауына не озуына мүмкіндік тағы бар…
● Сонымен қатар, ЖІӨ-ге жан басына шаққанда, Қазақстанның деңгейі Өзбекстаннан әлдеқайда жоғары. Біздің ел әлемдік орташа көрсеткішпен шамалас. Ал, олар бірнеше есе төмен. Бірақ, өкінішке қарай, ел халқының жағдайына, экономикасына алып бара жатқан әсері байқалмай тұр…
● Экономикалық құрылым жағынан да Қазақстан Өзбекстаннан артта. Біздің ел неше жылдан бері экономиканы әртараптандыру дегенді айтуын айтып-ақ келеді. Бірақ, нәтижеде, өзбектер бұл жағынан да ілгері басып барады. Мәселен, Қазақстанда инвестицияның елеулі бөлігі шикізат, құрылыс секторына салынуда. Өзбекстанда, керісінше, жасыл экономика, өнім өндіретін салаларға инвесторлар қаржы құйып жатыр.
● ЖІӨ көлемімен салыстырайық. Қазақстан Өзбекстан көрсеткішінен екі есе артық. Дегенмен арамыздағы алшақтық азайып келеді. Әйтпесе, бұрын кемі үш есе артық болған еді.
Қ. Нұрғали



























ПІКІРЛЕР