Кооперация ауылды орта таптың ордасына айналдыра ала ма?..

Кооперация ауылды орта таптың ордасына айналдыра ала ма?..

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы – 134 іс-шарадан тұрады. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, биылғы 1 маусымға дейін 12 іс-шара жоспарланып, барлығы да орындалыпты. Министрлік пен әкімдіктер арасында 2021-жылға дейінгі меморандумдарға да қол қойылған. Бұл өзара меморандум жасасу – бағдарламаның жақсы жүруіне бір сеп…әйтпесе, жергілікті әкімдік анда, министрлік мында отырып, ортақ тақырыпты түсінісу жағында бұрын мәселе бар болатын

Ал, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау үшін биылдың өзінде 52 млрд. теңге бөлінген. Аз қаржы емес.

«НҰХ «ҚазАгро» АҚ кооперативтерді қаржыландыруда қарқынды. Мәселен, қазірде 12 кооперативтер өздерін қаржыландыруға өтініш жасап отыр екен. Ондаған семинарлар өткізіліп, 2 248 ауылдық округ әкімдері мен аудан әкімдерінің орынбасарлары оқытылғаны да бағдарламаны іске асыру барысы қалай жүріп жатқанынан хабар береді. Демек, жұмыста қарқын бар…

Ауыл орта таптың ордасы болуы мүмкін…

ҚР Статистика комитетінің биылдың 1-мамырына жасаған мәліметіне қарағанда, ел халқының 42,5%-ы – ауыл тұрғындары. Бұл зор интеллектуалдық капитал. Үлкен әлеуметтік-­экономикалық күш. Тасада тұрған тұсы көп қоғамдық қуат. Өкініштісі, сол қоғамдық қуат – мүмкіндіктер тиісінше пайдаланылмай отыр. Сондықтан да ауылдардағы әлеуметтік-­экономикалық деңгей, тұрмыстық жағдайға қатысты алғанда мәселе аз емес. Ресми деректе ішкі көші-­қон 370 мың адамнан асады екен. Бейресми тіптен көп болатыны бар. Солардың бәрі айлап ел ішін аралап, қыдырып жүргендер немесе қуана қоныс аударғандар дей алмаймыз. Олай болса, сол әрі­-бері абыржып жүргендердің дені ауыл тұрғындары. Күнкөріс қамымен, 50-60 мың теңгеге не одан сәл жоғары ақша үшін қалаға ауыл жастары да, жасамысы да ағылып жататыны анық қой. Әзірге қоғамның шынайы көрінісі осы. Солардың кейбірімен сөйлесе қалсаң, мұңайып, жыламсырай, ауылға жағдай жасалса, атының басын бұруға дайын екенін айтады. Мұндайда «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген сөз ойға оралады…

Мұны не үшін қозғадық? Егер, кооперация тиімділігі ауыл тұрғындарына әбден түсіндірілсе, жағдайдың жедел өзгеруі бек мүмкін. Тіпті қала тұрғындары да қызығатындай тұсы бар…

Егер, осы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы ауылдың экономикалық айналымға түспей отырған әлеуетінің, тиімсіз түрде кетіп жатқан еңбек күшінің орнымен жұмсалуына жол ашса, біріншіден, ауылдағы орта таптың күрт артуына, екіншіден, экономиканың жаңаруына әкелуі мүмкін. Бұл екі жағынан да еліміз үшін ұзақмерзімді жетістік болмақ.

Орта таптың артуы – саяси-­экономикалық тұрақтылықтың да беки түсуіне әкелетіні белгілі.  Сонымен қатар, ұлттық сананың жаңарып, сапасының артуына да негіз болмақ. Ауылдағы қалың жұрттың жағдайы жақсарса, олардың тауарларға деген сұранысы да артады. Осылайша тауар айналымының артып, салық түсімінің көбеюіне әкеледі. Бұл ЖІӨ-­ді арттырып, тұтастай экономиканың күшеюіне жол ашады. Байқасаңыздар, бір­бірімен сабақтасып жатыр. Бұл ҚР Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына арнаған биылғы жолдауымен де үндеседі…

Кооперация тиімділігі

“Cooperatio” латын сөзі. Қазақ тіліне аударсақ, «ынтымақтасу» дегенге келеді. Демек, кооперация бөлінуге емес, бірігуге үндейді. Мұны бір дейік. Екіншіден, кооперацияға бюрократия тән емес. Кооперацияға, оған мүше барлығының араласу құқығы бір немесе төменнен басқаруға, бақылауға мүмкіндік жасалған. Бұны екінші артықшылығы деген жөн. Кооператив өзінің үлескерлері – қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарына ветеринарлық, жем дайындау және т.б. бойынша тиісінше қызмет көрсетуіне мүмкіндігі бар екен. Жем­-шөппен қамтамасыз ету, ветеринарлық қызмет – ауылдағы жекелеген мал ұстаушылар үшін әжептәуір мәселе екенін ескерсек, бұл да жақсы көмек. Егер мал саны артып жатса, екіжақты пайдалы: ел экономикасының артуына да, тиісті жанұялардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына да. Мұны үш дейік. Басқа да артықшылықтары төменде.

Сонымен, кооперация құрылып, қаржы алдыңыз делік. Қалай қайтарасыз? Мемлекет көмегі қандай? «Бірінші механизм инвестсубсидия арқылы. Яғни, кооперативке алынған әр техника бағасының тең жартысын (50%) мемлекет қайтарып береді. Қалған жартысынан қалай құтылады? Өйткені, жаңа құрылған кооперацияда капитал мүлде жоқ. Бұл жерде өнімді субсидиялау деген екінші механизм жүзеге асырылады. Яғни, кооперацияға 1 литр сүт өткізілсе, мемлекеттен 10 теңге субсидия түседі. Бір ірі-қара кооперация арқылы сойылып сатылса, мемлекеттен 20 мың теңге субсидия беріледі. Уақ мал сойып сатылса – 1 500 теңге, 1 тонна жем алынса – 20 мың теңге. Мемлекет осындай тәртіппен кооперативтен түскен әр өнімге қолдау көрсетеді. Осы ақшаның барлығы – кооперативтің ортақ қаржысы. Бұл табыстан несиені төлей ме, әлде басқа техника ала ма, жоқ теңдей бөлісіп ала ма, оны кооперация мүшелері ортақ дауыспен шешеді. Тағы бір айта кетерлігі, кооператив мүшелерінен бөлек, ауылдағы кез келген шаруалар, тұрғындар коперативке өнім өткізсе, дәл осы тәртіппен қайтарымсыз қаражат ұжымға түсіп отырады» («Ауыл болашағы – кооперацияда», «Айқын», 20.05.17ж.).

Ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген әлемдік сұраныс 50%-­ға дейін артуы мүмкін

2050-жылға қарай Жер жүзі бойынша адамзат саны шамамен 10 млрд. болмақ. Ал, бұл ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген әлемдік сұраныстың қазіргіден 50%-­ға дейін артуына әкеледі екен! Еліміздің осы сұранысты қанағаттандырушы алдыңғы жиырма немесе отыздыққа енуіне мүмкіндігі бар. Жете алмасақ, стратегиялық қателік. Сонымен қатар, кеткен кемшілікті, қателікті өзімізден іздейік… Мысалы, Нидерланды. Еуропаның шағын елдерінің бірі. Халқының тығыздығы бойынша алдыңғы орында. Халық саны біздің елмен шамалас. Ал, жер көлемі бар болғаны 41 мың км²-ден астам ғана. Бұл дегеніңіз біздің ел территориясының 2%-­ына да жетпейді деген сөз! Біз секілді шикізатқа да бай емес. Енді осы елдің экономикалық қуаты, оның ішінде ауылшаруашылықтағы жетістігі бізге үлгі боларлық. Шағын ғана ел Еуропа бойынша ауылшаруашылығы саласынан ондықта еркін тұр. Ал, ЖІӨ көлемінен әлем бойынша жиырмалықтың ішінде! Бәлкім, кей адамдар Нидерланды территориясы шағын, сондықтан да тасымалдауда экономикалық шығын аз, біздікіндей емес дер. Бұл қате. Себебі, Канаданы да мысал етуге болады. Территориясы елімізден 3,5 еседен аса үлкен! «Үлкен жетілікке» енетін іргелі елдің экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі әжептәуір. Канадалық фермерлер 100 миллион адамды өз өнімдерімен қамтамасыз ете алатындай деңгейде екен!

Демек, ауыл шаруашылығын өркендету, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру – ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мен «НҰХ «ҚазАгро» АҚ үшін ғана маңызды болмауы тиіс. Тұтастай еліміз үшін маңызды болуы керек. Халық болып араласып, қоғам болып қолдап, қадағалап отырсақ елімізге жақсы. Қай мемлекеттік бағдарламаның болмасын іске асырылуын ел болып қадағалайтындай, араласатындай болсақ, ұтылмайтын озық қоғамның қалыптасуына да негіз болады.

  Құрманғали Нұрғалиев, журналист

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0