Қосымша құн салығын арттыру – халықтың қалтасын қағу…

Қосымша құн салығын арттыру –  халықтың қалтасын қағу…

Үкімет осы айда қосымша құн салығын арттыруды көздеп отыр. Қазір ҚҚС 12%, ал, жаңа өзгеріске сәйкес, 20%-ға дейін жетуі мүмкін.

ҚҚС-ты арттыру, айналып келгенде, қарапайым халықтың қалтасын қағады. Не үшін бұлай дедік? Мәселен, жылдық айналымы 15 млн теңгеге дейінгі кәсіпкерлер енді ҚҚС төлесін делік. Бұл дегеніңіз айына 1,25 миллиондық айналым, яғни есік алдындағы шағын не орташа дүкендер, бутиктер, шаштараздар, донер, бургер сататын дүңгіршектер т.б. қамтитынын көрсетеді. Ал, олардың заттары мен қызмет көрсетуі – қарапайым қалың жұрттың күнделікті өмірімен тығыз байланысты. Енді олар 20%-дық қосымша құн салығын төлейтін болса, бұл жүкті көтеруге халық міндетті болып қалады. Себебі, ҚҚС-ты, әдетте, сатып алушы немесе әлдебір қызметті пайдаланушы төлейді. Төлейтін сомасына қосымша қосылады. Бұрын 10 мың теңгеге алған затыңыз, ҚҚС-тің 20%-ы қосылғанда, 12 мыңға айналып шыға келеді. Демек, заттар мен қызмет көрсету бағалары күрт қымбаттайды. Бұл әрі қарай инфляцияны құтыртады.

Сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік те соққы алады. Өйткені, ендігі қалың жұрт бұрынғыдай сауда жасай қоймайды, амалсыздан үнемдейді. Бұл ілініп-салынса да, өз күнін өзі көріп жүрген, пайдасы анау-мынау жалақымен шамалас қаншама адамды қыса түседі. Сондай-ақ, көлеңкелі экономика үлесін одан сайын арттыруы әбден мүмкін.
Иә, мемлекеттік бюджетке халықтың әртүрлі табынан жақсылап ақша түсіруі ықтимал. Бәлкім, алғашында. Бірақ, өркениетті елде билік тармақтары елдің жағдайын жақсарту үшін құрылатынын, жұмыс істейтінін ескерсек, бізде, әлі керісінше… Халық еңсесін тіктей алмай келеді. Ал, олар айыппұлмен бір, салық деп екі қалтасына түседі…
Бәлкім, ескі әдіске салып, әлдебір “адамгершілік” жасаған болып, ҚҚС-ты сонша өсірмес не 20% қылса да, айналым сомасын 15 миллион теңгеден арттырар. Десек те, айналып келгенде, үкімет сол жолмен жүрсе керек…

Әдетте, қоғамның тірегі, мемлекеттің сүйенері саналатын орта таптың үлесі қашан артады? Мына түрімен олардың санын азайтып, сіңірі шыққан кедейлерді көбейте түседі. Ел ішінде әлеуметтік-экономикалық жағдай одан әрі шиіленісіп, қоғамдық наразылықты күшейте түсуі мүмкін. Сонда мемлекеттің баянды дамуы қайда қалады?..

Қазақстан – өте бай, экономикалық әлеуеті зор ел. Тек әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік билікті қолында ұстаған адамдар дұрыс жұмыс істесін. Болмайтын форум, саммит, конференция өткізіп, қысыр әңгімені сапыра бермей, қысқартсын. Басқа да маңызы шамалы жобаларды алып тастасын. Халықты, тиісінше, елді қайта өрге сүйресін, жарға емес. Олай болса, билік райынан қайтуы тиіс…

 Құрманғали Нұрғали

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0