Біздің тәуелсіздік алғанымызға жуырда 26-жыл толады. Егер ақсақал тарих тұрғысында қарасақ, аз уақыт, ал адам өмірімен өлшейтін болсақ, әжептәуір жігіт болып, үйленіп, бала сүйіп, әке атанатын мерзім. Мемлекет ретінде осынау жылдар арасында қаншама саяси бағдарламалар мен реформалар қабылданды. Нәтижесін сараптасақ, Қазақстанда кез келген бастама әу бастан төрткүл дүниеге айқайлап, аспандатып басталады, ортасы саябырсиды, аяғы кәрі иттің сүйек мүжігені секілді тастай салады. Қарапайым халық не болғанын түсінбей дал болып жүргені. Еліміздегі жап-жақсы бастамалар осылай науқаншылдыққа айналып кете береді. Сөйтіп, мақсаты мен құнын жоғалтып алады. Одан кейін билік ешқашан есеп берген емес.
«Нұрлы жол», «100 қадам», «100 есім»аяқталмай жатып, «Рухани жаңғыру» және қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру жөніндегі бастамаңызды көпшілік қызу талқылауда. Құдай-ау, 26 жылда Қазақстанда жүріп, қазақ ұлтын қазақ қыла алмай жүріп, енді оған ағылшын тілін үйретсек, сонан соң, кирилл қарпінен латын қарпіне өтетін болсақ, үсті-үстіне тамақ жеп, гүпті болған адамға қатты ұқсаймыз.
Адам баласының ішкі жандүниесі, яғни рухани өмірі — өте нәзік әрі күделі, нарықтың ырығына көне бермейтін, ақшамен өлшенбейтін құбылыс. Нарықтың заманында рухани құндылықтарға қиянат жасауы да ықтимал.
Қазақстан президенті Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласынан соң, барлық саланы қамтитын дамудың өзара байланысына баса назар аударып, осы идеяны ортаға салды. Мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі. Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу аталған рухани жаңғыру процесінің нақты мақсаты соны көздейді деп жазыпты «Егемен Қазақстан» газетіне академик Әлия Бейсенова ханым.
Жуырда Астана қаласының әкімдігінде жиналыс болды. Сол жиналыста Астана қаласының әкімі Әсет Исекешов есеп берген. Сонда: «Біздің білім басқармасының қызметкерлерінің жалақысы 150 мың теңге және барлығы баспанамен қамтамасыз етілген деді». Негізі олар 45-60 мың теңгенің арасында айлық алады және басым көпшілігі баспанамен қамтамасыз етілмеген болып шықты. Кімді-кім алдап жүргені түсініксіз. Жас баланың қолына тәтті беріп, жылама дегенге қатты ұқсайды. Осылай жоғарғы жаққа жалған ақпарат беру талай империялардың түбіне жеткендігін түйіп, тарихтан неге сабақ алмасқа.
Тәуелсіздік үшін сан ғасырлар бойы күрескен, қан төккен, жан беріп, жан алысқан қазақ халқы тек қарнымыз тоқ болсын деген жоқ қой, сірә. Рухымыз азат, өзгелермен тереземіз тең ел болсақ деп аңсап еді ғой! Соқтықпалы соқпақсыз өмірдің талай тар жол, тайғақ кешуін бастан өткерген біздің ата-бабаларымыздың да ұлт болып ұйысқан халықты уақыт құрдымына құлатпай, қадір-қасиетімен бүгінге жеткізуі – сол қажеттілік талабын орындай алғандығының айғағы. Басқасын былай қойғанда, ғасырлар бойы Еуропа енді жеткен демократияның өзіндік үлгісін сонау дәуірде заңдылық ретінде қабылдап, сайланып отырған хандарымыз басына белгі қоюға да жарамай отырмыз. Тұтас қазақтың басын қосқан 17 ханның тек 5-еуі ғана Түркістанда жерленген, қалған 12-ын түгендеп жатқан бір қазақ жоқ.
Созақта, Сынтаста, Сарайшықта жерленген хандардың ерлігі мен даналығы еш дәріптелмейді. Дәріптелмек тұрмақ (тарихшылардың өздері кімдер екенін жатқа айтып бере алмайды), қоғам деңгейінде нақты шынайы бағасы да берілмей келеді. Отарлау саясатында Ресей империясы өзіне тән культурагерлік ағартушылық бағытты идеологиялық қалқан етіп ұстанды. Жергілікті отарланған халықтарды билеп-төстеудің ұрымтал түрі аралас мектептер арқылы ұлтсыздандыру жолымен мәңгүрттенген шенеуніктерді даярлауды қолға алды. Жағымпаз оқымаған кедейдің балалары «шаш ал десе, бас алып» өз халқына қарсы шықты.
Зиялыларды араздастыру арқылы халықты алауыздыққа ұрындыруға күш салды. Мәскеуге ұнамай қалған азаматқа ұлтшыл, ауылдағы ұнамай қалған азаматқа рушыл деген айдар тағылды. Осылай ұлттық руханиятымыздың ол кезде тартқан азаптары шаш-етектен еді.Ресей патшасы шетімізден жетім лақтай сирағымыздан тартқылап, қайда қаласа солай көгенге көгендетуге, көзімізге көк шыбынды үймелетіп, жәукемдей басқа ұрған. Сөйтіп, талауға түскен мал, тонауға түскен қазына байлық, тартып алынған қоныс пен жер қайтарылған жоқ. Осындай кемсітулер мен жерге ұру тәсілдері кейінгі Кеңес Одағы тұсында да жалғасын тапты. Кеңес одағы 70 жыл бойы Қазақстан құрылысына көк тиын бөлмей, бөлген күнде де жарымжан завод фабрикаларды ұлғайтуға жұмсады. Осының бәрін ұмытса, расында бұл қазақ егемендіктің қадірін білмегендігі, осыдан сабақ алмаса…
Өткенге салауат дей берсек, тарихымызға обал. Тарихы бардың жеңісі де, жеңілісі бар, ұтысы да ұтылысы да бар. Бұл бөксеге басып отырып болмайтын түбі айтылуға тиіс ақиқат еді. Себебі кезінде ақиқатты айтқанымыз үшін айыпты болып, алдымыз атылып, артындағылар итжеккенге айдалып, көмусіз шіріген. Соның салдарынан тәуелділіктен құтылып, замана көшіне дербес ел болып қосылған алғашқы күннен бастап, тәуелсіз өмір сүрудің қалай болатынын және оған қалай қол жеткізу керектігін ел болып ойласып, нақты шешкен, ортақ мүддені көздеген ұлттық бағдарламамыз болмады. Соған орай, кезінде Тәуелсіз елміз деп жабыла ұрандағанымызбен, іс жүзінде бұрынғы қалыптасқан тәуелді тірлігіміздің қаймағын бұзбай сол күйі қалдырып, отарлаушылар орнатқан жүйені ешқандай өзгеріссіз әрі жалғадық.
Елде жаппай сананы отарсыздау ісі қолға алынбады. Қалың бұқара бұрынғысынша орындаушы қалпында қалды. Тәуелсіздік берген мол мүмкіншілікті орнымен пайдалана алмадық. Қазақ элитасы бұған дейін тәуелсіз мемлекет құрған емес еді. Мұндай тарихи миссияны атқарған Қазақ жерінде бір адам болмады. Бәрімізде Ресейге құлдық ұрған, сол саясаттың қамшысы етіп кеткен, сонымен күн көріп, қалыптасқан жалтақ қазақ элитасы болды.
Тәуелсіз ел боламыз деп шоқпар алып жүгіргендердің бәрінің өмірі трагедиямен аяқталғанын тарихтан білеміз. 26 жылдан бері жас ұрпақты ұлттық мүдде рухында тәрбиелеп, сапалы білім беруге тиісті оқу орындардың оңтайландырудағы орашолақтықтары, ұлттық сананы тербеп, оятатын ақпарат құралдарының әлдекімдерге тәуелділігі, әділет туын көтеріп, өз идеясы үшін талмай күресіп, төңірегіне ұлтжандыларды топтастыра алатын саясаткер ірі тұлғалардың шықпауы секілді толып жатқан әттеген-айлар қосылды. Алаш Орданы құрған ата-бабаларымыз туралы біздің билік жұмған аузын ашпайды. Оның орнына әр мекеменің маңдайшасына «С Новым годом», «Жаңа жылыңызбен»деп жазып қойған. Осыдан кейін не айтуға болады.
Бүгінгінің бағасын ертеңгі ұрпақ берсе керек. Бәріміз өзіміз болғаннан кейін бірімізді даттап, бірімізді мақтап, өзімізді алдап, көлгірсудің де реті жоқ. Әр нәрсенің өз атымен аталғаны ләзім. Қоғамдағы қордаланған мәселелерді әділетсіздікке жол беріп отырған кім? Соның атын атап, түсін түстеп, бассыздығын айтып, бетіне басып, тисе терекке, тимесе бұтаққа деген бопсамен, биліктегілерді жалпылама айыптай беру —тығырықтан шығудың жолы емес. Саналық сілкініс жасап, серги алған халық қана төңірегінде не болып жатқанын бағдарлап, бағалай алады. Сонда ғана Ортақ үйінің қазынасын кімдердің тонап жатқанын өздері түсініп, бұған дейінгі немкеттілік тірлігінің зиянды зардабын өздері сезіне бастайды.
Есіл дерті Еуропа мен Ресейдің боқтығы мен тозығына мәз болып, орны толмас орға жығар азғындатқыш, арандатқыш, арбау-алдаушыларына еліктегіш, есірме ермелікке ұрынған елдің тірлігі. Желөкпе көбікке белшесінен батқан біз — қазақ елі не нәрсе болса да тек сырты әдемі болса болды, сөзі жібектей жорға болса бітті. Сырты жылтырақ біткеннің бәрін қоғамдық ағымға зорлап енгізуге, күштеп телуге, ұлттық сананы улауға келгенде, әрі ерекше құштар, алдына жан салмайды, әрі айрықша белсенді болып, ақырында өзінің азат еркін елдігін сорлату діңкелету, тұралату, күйрету, құлату жолын шыңдауды ширатуға келгенде әрі аса құмар, әрі іскер елміз. Сол себепті опасыз үрдіс пен түсінікті ұрпақ санасына шегелеп сіңіру сайқал науқанын асықтыру, жанталасты күйге түсіру арқылы арбау, адастыру, алжастыру басым. Неге? Не үшін, кім үшін аса қажет?
Сөзімізден дауа, ісімізден бәтуа кетіп бара жатқандай, кім екенімізді айыру қиын. Өртше қаулаған жылтырақтардың ішінде қандай құпиялы сыр, сиқырлы қыр бар. Бүгінгі және ертеңгі ұрпаққа қандай ұтымды пайда әкеледі? Ең алдымен оның пайдасы басым ба, әлде апатты аждаһасы басым ба? «Сырын білмеген жылқының сыртына айналма» сол жылтырақтың ішіне жан-жақты үңіліп, зерттеп, саралап, салмақтап, оның ұтымды не ұтылыс тұсын айқындап ақыл-есі, жібі түзу, талғампаз халықтың зиялы қауымның ішінен биліктілігі озық Құдайдың бір жаны болсайшы! Теледидардан күндіз-түні айқайлап, өлең айтудан жалықпайтын бағдарламалар немесе түрік пен кәріс үнді сериалдары шаршатты.
Қазақ қайтсе ел болады деген сөз қозғалмайды. Ұлттық мүддені жоюға қосқан үлесін ерлік санар билікке жеткен заман орнықты. Олар үшін ұлт, болашақ қазақтың ұл-қыздарының бағасы көк тиын. Қырылмаса бірі қалмасын, ұпайы түгел 1937-1938 жылдардағы кәмпескелеуді есіңе түсіреді. Ешқандай әрекетсіз-ақ қазақ мұрттай қырылу, өмірге бейімсіз, әлсіз, әлжуаз, дәрменсіз ұрпақ арқылы тек ашуға бет алуын біледі. Ауру, мүгедек, сатқын, екіжүзді, опасыз, рухсыз, тексіз, жылпос, жағымсыз мінезі өртше қаулаған, жүгенсіз, азғын ұлтта ешқандай да келешек жоқ екенін қазір жас бала да біледі.
Кеден одағына кірген Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің өкілдері Мәскеуге барғанда орыстар ұсынған құжаттарға оқымай-ақ қол қоя бергенін орыс сайттары жазды. Сонда біз 26 жыл ішінде Ресеймен тең сөйлесе алатын дипломаттарды дайындай алмаған екенбіз. Белорустар болса мұқият оқып түсінбеген жерін сұрап барып қол қойыпты. Біздің билік басындағылардың ақыл-біліміне қарамай, жоғарыдан қоңырау шалса болды, жұмысқа ала беретіндігі жасырын емес, басынан бақайшағына дейін өздерінің ағайын-туыстары отырып алғанға қатты ұқсайды. Баяғы «Кадры решает все» деген сөз далада қалды.
Қазақ болуды қаламайтын қазақтар бар ма?..
Алашұлы болуды армандамайды. Өйткені, оған бәрі белгілі әрі түсінікті. Егер ол шынайы қазақ болатын болса, пенде ретінде көп нәрседен құр қалады. Құр қалып қойса жақсы ғой, елге мазақ жұртқа күлкі болады. Өзге емес тіпті өз қандастары оны «Мәмбет», «Южанин», «Ежик в тумане» деп күледі. Табалайды. Сол үшін кей қазақ баласы әрқашан қолдан келсе қазақ болмауға тырысады. Соған барын, жанын, арын салады.
Сондықтан қазақ баласының қолы жеткені ойда орысқа, қырда қытайға, өрісте өзбекке, қырманда қырғызға сіңіп, қалғаны кім көрінгенге байға шығып, құшағын ашса сүңгіп кетіп жоқ болуда. Сонда да дым болмағандай, «Мұрнын тартып қойып, етін жеп отыра береді». Ұлттық мүддені ойлайтын адам қалмай жатыр. Тарыдай болып қазақ мектебінің қабырғасын аттаған қазақ баласы, он жыл бойы қазақша оқыса да, таудай орыс болып шығады. Ондайды күнделікті өмірде көзіміз әбден үйренген, етіміз өлген. Тапа-тал түсте көшеде қазақтың жігітін қорлап, қызын зорлап жатса да, «әу» дейтін бір қазақ жоқ.
Өйткені, құлдық сана қанына шейін сіресіп сең болып қалғандығы соншалықты, еш нәрсені сезбейтін дәрежеге жеттік. «Сен тимесең, мен тимеймін бадырақ көздің» кейпін киген. «Өз қарным тоқ болса болды» қалғаның гүл болмасаң құл бол! Намысың қайда жандағы? Ерлігің қайда қандағы? Сіз бен біз намыссыз күлкі, қамсыз ұйқымен 26 жыл өтті. Бәрі керісінше жалған абырой жасау саяси дәстүрі орнықтырып, біз көпұлтты Қазақстан бізде демократия бар деп бұрынғыдан да бетер күрделене күрмелген, шешілмес түйінге айналған қауіпті проблемалар тек қана қазақтың басында өрбіп те, өршіп отырғаны сөзсіз.
«Рухани жаңғыру» деген желеумен кейбір мемлекеттік сыйлық алған ағаларымыз 14 облыс орталықтарын аралап, көлік мініп, үй алып, сыйлы қонақ үйлерде жатыр. Ал кейбіреулері кәрі құрлық асып, тіпті күн шығыс еліне барып, марапат алып жатқанын әлеуметтік желілерден көріп отырмыз. Сондықтан сол баяғы «біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» демекші, бұл күндер де өтер, кетер, бірақ бұл жаңғырудың жалғасы саяси реформаларға жалғасуы тиіс деп көпшілік қауым тақымын қысып отыр.
«Намысы жоқтың елі жетім, қорғаны жоқтың жері жетім» деп жәй айтпаса керек. Бізде көбісі самарқау, бейқам. Әйтеуір сол бейқамдық түбі ұрпағымыздың болашағына сызат түсірмесе болғаны.
Жұмамұрат Шәмші, тарих ғылымдарының кандидаты
ПІКІРЛЕР