Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының көлемі 2018 жылдың І тоқсанында 50%-ке өсті — Асқар Мамин

4-мамыр күні Қазақстан Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Ташкентте жұмыс сапары аясында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесті.

 Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Өзбекстан Президенті Ш. Мирзиёев осы жылдың 15 наурызында Астана қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне жоғары баға беріп, оның өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамытудағы рөлін атап өтті.

Асқар Мамин Өзбекстан Орталық Азиядағы Қазақстанның ірі сауда серіктесі екенін, екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 2018 жылдың І тоқсанында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 50%-ке артқанын атап өтті. Жыл соңына дейін өзара сауданы ұлғайтудың әлеуетін ескере отырып, екіжақты сауда көлемін $3 млрд дейін жеткізу көзделіп отыр.

Ш. Мирзиёев пен А. Маминнің кездесуі барысында Астанада Қазақстан–Өзбекстан І өңіраралық форумын, Ташкентте Орталық Азия елдерінің Өңірлік экономикалық форумын, Шымкентте Іскерлік кеңестің бірінші отырысын және бірлескен бизнес-форумды өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Тараптар инвестициялық ынтымақтастық деңгейін көтеру, үшінші елдердің нарықтарына шығу арқылы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін, сондай-ақ құрылыс, машина жасау, көлік, логистика, туризм, ғарыш және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі одан арғы шараларды талқылады.

Жұмыс сапары аясында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Бірлескен үкіметаралық комиссияның тең төрағалары – ҚР Бірінші Вице-Премьері Асқар Мамин мен ӨР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ачилбай Раматовтың жұмыс кездесуі өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жүйелі негізде жүргізіліп жатқаны аталып өтті. Ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, фармацевтика өнеркәсібі және машина жасау секілді экономиканың негізгі салаларында бірлескен сауда үйлері құрылып, табысты жұмыс істеуде.

Өзара жеткізудің номенклатурасы едәуір өсті, ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол жеткізілді, өңіраралық ынтымақтастық белсенді түрде дамып келеді.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы тауар айналымын өзара ұлғайту мақсатында тұрақты түрде Жұмыс тобының отырыстарын өткізу туралы пікір білдірді.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары екі жақты сауданы одан әрі ұлғайту үшін акциздік саясатты жеңілдеткен Өзбекстан Республикасының қабылдаған оң шешімінің қолайлы әсерін айтып, Қазақстан үшін экспорттық әлеуеті басым бірқатар тауарлар импорты бойынша акцизді одан әрі төмендету мүмкіндігін қарастыру пайдасына тоқталды.

Күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның оңтүстігіне өзбек газын жеткізуді қамтамасыз ету арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымын арттыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Келіссөздер барысында қазақстандық тараптың бастамасымен Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында «Орталық Азия» шекаралас халықаралық ынтымақтастық орталығын (ШХЫО) құру мәселесі талқыланды. Бұл жобаның іске асырылуы екі елдің аумағында тиісті сауда инфрақұрылымын қажет ететіндігі айтылды.

Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарда ерекше орын алатындығы айтылды. Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекет басшылары Н. Назарбаев пен С. Мирзиёев 2018 жылды Қазақстандағы Өзбекстан жылы деп мәлімдегендері белгілі. Тараптар Қазақстандағы Өзбекстан жылына арналған іс-шаралар жоспарын уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.

Бұдан өзге, ҚР мен ӨР Премьер-Министрлерінің бірінші орынбасарлары Қазақстан–Өзбекстан шекарасы арқылы Ұлы Жібек жолы бойындағы туристік нысандарға бару мақсатымен келген үшінші елдердің туристеріне екі мемлекеттің визалық режимдерін өзара тану, екі елдің туристік мүмкіндіктерін өзара ынталандыру мәселелерін пысықтау үшін бірлескен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады.

Жұмыс кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен үкіметаралық комиссияның тең төрағалары тиісті хаттамаға қол қойды.

 primeminister.kz

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0