Астана қаласындағы “Қазақстан” орталық концерт залында әнші әрі актер Нұрболат Абдуллиннің жеке шығармашылық кеші болып өтті. Әнші бас қаламызда өткізген алғашқы концертін Астананың 20 жылдық мерейтойына арнаған. Кеште лирикалық әндермен қоса рэп, рок стилінде ән шырқаған өнер иесі бұл жолы көрермендерін жан-жақтылығымен тәнті етті. Сондай-ақ әнші бұл кеште өзі әуенін жазған “Тағдырласым”, т.б бiрнеше әндердiн тұсауын кесті. Түнгі лирикаға терең бойлаған кештен көрермен ерекше әсер алғандай. Әнші алыстан ат арылтып Астанаға алғаш келіп отырған ата-анасына ерекше құрмет көрсетіп, ән арнады. Бұл жүрек тебірентер көрініс әншінің де, жиналған жұрттың да көңілін босатпай қоймады. “Сен қорқақсың” деп әндеткен серінің шырқап әндерінің басым бөлігі маxаббат тақырыбына арналған. “Кәнекей фотоға түсір, бақытты сәтімді менің” деген өнер иесі лық толы залдағы көрерменімен суретке түсуді ұмытпады. Оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқаған әнші алғашқы концерті болса да еш саспай, киелі саxнада өзін барынша еркін ұстады. Екі сағаттан аса уақытқа созылған кеш күйбең тіршіліктен шаршаған көрерменге руxани демалыс сыйлады. Өнер иесінің лирикалық әндерін тамсана тыңдап, көңілді әндеріне билеген жұртшылық әншінің келесі кешін асыға күтетіні сөзсіз. Талантымен тәнті еткен әншінің шығармашылығына жаңа серпін, толағай табыс тілейміз!
Бағдагүл Рахметқызы, журналист
ПІКІРЛЕР