18-шілде халықаралық Нельсон Мандела күні, әрі оның туғанына 100 жыл толып отыр.
Н. Мандела апартеидке қарсы, адамның тең құқықтары, демократиялық құндылықтар жолында күресті. Сол жолда түрмеге де түсті. 27 жыл өмірін түрмеде өткізген ғой. Соның жартысынан астамында жалғыз адамдық камерада отырған!
Өткен ғасырдың 80ж.ж. əлемдік қауымдастықтың қысымы арқасында, Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) билігі Н. Манделаға ұсыныс жасайды. Ұсынысқа сəйкес, саяси көзқарастарынан бас тартса, қарымтасына бостандық берілмек. Бірақ, ол көнбеген.
Соңында бəрібір жеңіп шықты! Жəй емес. 1990-жылы түрмеден босатылды. Осылайша ол ендігі бостандықта жүріп, демократиялық құндылықтарды іске асыруды жалғастыра түседі.
1993-жылы Нобель сыйлығына ие болады. 1994-жылы болса, ОАР-да алғаш рет демократиялық негізде өткен Президент сайлауында жеңіске жетеді. Ондаған жылдар бойы жүрген апартеид саясаты да тыйылады.
Осылайша, саяси демократияны аяқасты еткен, апартеидті қолдаған бұрынғы билік кезінде “қылмыскер” саналған Н. Мандела 5 жыл президент болып, сол уақыт ішінде 14 жасқа дейін тегін міндетті білім беру, жүкті әйелдер мен балалар үшін тегін медициналық көмек, жəрдемақы төлеудегі теңдік, əділ еңбек қатынастарын қалыптастыру т.б. бағыттарда реформа жасаған. Экономикалық бағытта да үлкен өзгеріс жүргізеді.
Жалпы адамзатқа ортақ құндылықтар, саяси демократия, адами теңдік жолындағы ондаған жылдар бойғы күресі нəтижелі болды. 2009-жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Халықаралық Нельсон Мандела күнін бекітуі – сол орасан еңбегінің, тағдырлы күресінің бір өтеуі. Бір үлкен жемісі.
Адам құқықтарын таптайтын саяси режимге, сондай билікке қарсы күресушілер тарихта аз. Ал, аман қалып, сол қасіретті саяси жүйені құлатып, жеңіп, демократиялық қоғам орнатып кеткендер тіпті аз…
Құрманғали Нұрғали
ПІКІРЛЕР