ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова және облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы, «ҚР Үздік мемлекеттік қызметшісі» Бауыржан Тұяқов ұсынылған бағалы сыйлықтан бас тартып, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне тапсырды.
Өткен аптада «ӨзенМұнайГаз» АҚ жанынан құрылған жас мамандар кеңесінің құрылғанына 5 жыл толған болатын. Осыған орай «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде шара өткізіліп, жастар мәселесін дамытуға қосқан үлесі үшін Нұргүл Жанназароваға және Бауыржан Тұяқовқа «ӨзенМұнайГаз» АҚ атынан алғыс хаттар мен бағалы естелік сыйлықтар табысталған еді.
Ал кәдесыйға келетін болсақ, арнайы қорапқа салынған белгілі маркалы қаламсап, оның әр қайсысы орта есеппен алғанда 30.000 теңгеге бағаланып отыр. Осылайша шамамен 60.000 теңгенің сыйлығы мемлекет меншігіне өтті.
Департамент басшысы Нұргүл Жанназарованың айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің ары да, қолы да таза болуы тиіс. Ол үшін әрбір адам өзгерістерді өзінен бастағаны дұрыс. Яғни, пара немесе заңсыз сыйақыны алмау, бермеу және ортада делдал болмау принципін ұстану қажеттігін айтады.
«Жылтыраққа қызығудың қажеттілігі жоқ деп санаймын. Мен үшін қаламсаптың барлығы бірдей, қымбат немесе арзан деп таңдамаймын. Қазіргі таңда облыс бойынша мемлекеттік қызметшілердің саны – 3109 болса, оның нақты жұмыс жасап жатқандары – 2833. Олардың барлығы адал еңбек етсе деген тілегім бар. Өзгерістерді әрбір адам өзінен бастағаны дұрыс, сонда ғана алға қойған мақсатына жете алады. Жасыратыны жоқ, көбі өздерінің құқықтары мен міндеттерін білмей жатады. Бұл ретте біздің департаментке хабарласып кеңес алуына ешқандай кедергі жоқ. Біз барлығына өзіміздің ашықтығымызды әлде қашан көрсеткенбіз және қоян-қолтық жұмыс жасауға дайынбыз», – дейді ол.
Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілер тарапынан бағалы сыйлықтарды уәкілетті органға тапсыру бойынша бұл бесінші жағдай. Атап айтқанда «Vitek» радиосағаты, «Эра» жарықшамы, «Chanel» парфюмериялық суы, барсетка және т.б. жалпы сомасы 87262 теңгеге бағаланған сыйлықтардан мемлекеттік қызметшілер бас тартқан.
Жалпы ұсынылған заңсыз сыйлықтарды жоғарғы тұрған жауапты тұлғаның келісімімен арнайы мемлекеттік қордан сатып алуға болады немесе аукцион арқылы алуға шектеу жоқ.
Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 472-бабы 1-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне келіп түскен мүлікті уәкілетті органға толық және (немесе) уақтылы бермеу, егер бұл іс-әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, әкімшілік құқықтық жауаптылық қарастырылған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі
ПІКІРЛЕР