Мемлекеттік қызмет тақырыбы сұхбат алаңында талқыланды

Жақында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа мәжілісі өткен болатын. Алқа мәжілісінде өткен жылдың қорытындысы және қызметтің 2019 жылға қойған мақсаттары талқыланды.

Осыған байланысты Агенттік қызметінің 2018 жылғы қорытындысы мен алдағы уақыттағы басым-бағыттары мен жаңа міндеттерін талқылау мақсатында Агенттіктің аумақтық департаментімен сұхбат алаңы ұйымдастырылды.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облыстық филиалында өткен ашық сұхбат алаңына спикерлер ретінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев, департамент басшысы Нұргүл Жанназарова, республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Рафаэль Гасанов, облыстық арнайы мониторинг тобының мүшелері мен басшысы Асет Манов, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Иса Жарылғасынұлы, «Эко Мангистау» қоғамдық бірлестігінің басшысы  Кирилл  Осин, академияның облыстық филиалының директоры Айгүл Демеуова, облыстық әділет департаментінің бас маманы Сұңғат Нұрғалиев, облыстағы барлық мемлекеттік органдардың әдеп жөніндегі уәкілдері, Департаменттің жеке құрамы мен жас мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Алғаш сөз кезегін алған департамент басшысы Нұргүл Жанназарова аумақтық департаменттің 2018 жылғы атқарылған жұмыс қорытындысын баяндап, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттері мен жаңа бағыттарына, мемлекеттік қызметтің оң имиджің қалыптастыруды одан әрі жалғастыру мәселелеріне тоқталып өтті. Әсіресе, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндама жобасына, тұрғындармен кері байланыс механизмдерін жетілдіру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп ережелерін сақтауының маңыздылығы және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы мен сыбайлас жемқорлық профилактикасы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
Агенттікпен қызу қолға алынған маңызды жобалардың бірі, өңірімізде былтырдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Protecting business and investments» жобасының нәтижелері, шетелдік және отандық компаниялардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеудің барысы және кәсіпкерлерден келіп түскен өтініштер мен оң шешімін тапқан мәселелерді де ортаға салды.

Сұхбат алаңында келесі сөз кезегі облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенесарыұлына  берілді. Облыстағы атқарылып жатқан, мемлекеттік қызметті дамытуға байланысты жергілікті әкімдікпен жасалып жатқан істерді айтып өтті. Сонымен бірге, барлық қатысушыларды, мемлекеттік қызметшілер мен жастарды, мемлекетің саясатын қалыптастыруға, халыққа адал қызмет етуде бірігіп жұмыс жасауға шақырды.

Өңірімізге іс-сапармен келген Республикалық арнайы мониторинг тобының мүшесі Рафаэль Гасанов  Маңғыстау облысындағы мемлекеттік қызметшілердің қоғам мен жұртшылыққа, халыққа деген ашықтығы мен тығыз байланысты байқағанын және арнайы мониторинг топтарына белсенді, ұшқыр ойлы жастарды барынша кең көлемде тарту керектігін айтты.

Облыстық арнайы мониторинг тобының басшысы Асет Манов қазіргі таңда өзі мемлекеттік қызметші болмаса да, мемлекеттік қызметке қызығушылық танытып, атқарып жатқан жұмыстарын бақылап қарап жүретіндігін және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында енгізіліп жатқан өзгерістердің орынды әрі маңызды екендігін атап өтті. «Маңғыстаудың мемлекеттік қызметшілері үшін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі үлкен мүмкіндік десе де болады. Жалақы көбейгеннен кейін қызметкерлерден, мекемелерден жұмыстың сапасы, жақсы нәтижесі күтіледі. Оны біздер мониторинг тобы байқап та жүрміз» дейді ол.

Ал «Эко Мангистау» қоғамдық бірлестігінің басшысы  Кирилл  Осин мемлекеттік қызметкерлер заманауи трендке сай болғысы келсе, қоғамдық бірлестіктер және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылдың жаңа деңгейіне шығу қажеттігін айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Сұхбат барысында қазіргі кезеңдегі билік пен халық арасындағы, мемлекеттік қызметшілер мен тұрғындар арасындағы байланыстың жолдары, оның ішінде әлеуметтік желінің тигізетін пайдасы мен азаматтарды қабылдау форматтарының түрлі жолдары ұсынылды. Сонымен қатар, Агенттіктің кеңейтілген алқа мәжілісінде төраға Алик Шпекбаевтың көтерген мәселелері мен ұсыныстары бойынша ой-пікірлерін білдірді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмешілердің факторлы-балдық шкала бойынша еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі, аптаның жұма күндері еркін формамен келу және мемлекеттік қызметшілерге арналған тестілеудің этаптарындағы жеке қасиеттерін бағалаудың жаңа шарттары, сонымен бірге,  биылғы жылы Агенттікті оңтайландыру және бюджет шығындарын қысқарту жұмыстары жөніндегі мәселелер қызу талқыланды.

Күн тәртібінде жұртшылықпен өзара іс-қимыл механизмдері, мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты нығайтудың заманауи мәселелері көтерілді. Сонымен бірге, департаменттің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының басшысы Нұрбол Долдашев пен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Жасұлан Маршакұлы 2018 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

Департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Жасұлан Маршакұлы сұхбат алаңының қатысушыларына өңірдегі мемлекеттік  көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарын, өзіне-өзі қызмет көрсету мен электронды қызмет алу түрлерін және қазіргі таңда іске қосылған «Цифрлық агент» мобильдік қосымшасының тиімділігін түсіндірді. Аталған қосымша қазақстандықтарға нақты уақыт режимінде ұялы телефон (смартфон) арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалауға және уәкілетті органға осы саладағы бұзушылықтар туралы мониторинг жүргізу – «постфактумнан» мәселені жедел шешуге көшуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруда тәжірибеге бағытталған әдістерді қолдану өзекті болып табылады.

Осы орайда, мемлекеттік қызмет саласын бақылау бойынша Нұрбол Долдашев қатысушыларға Агенттіктің 2019 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру оқуларында мемлекеттік қызметшілердің құқықтық деңгейлерін арттыру мақсатында, Маңғыстау облысындағы әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің және әдеп жөніндегі уәкілдердің қатысуларымен лекция оқытуды ұйымдастыру көзделгендігін жеткізді. Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану Қағидаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар талқыланып, мемлекеттік қызметшілер назарына берілді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында оларға спорт секцияларына тегін және жеңілдікпен бару мүмкіндіктері қарастырылып жатқандығын атап өтті.

Жиын соңында қатысушылар ой-пікірлері мен ұсыныстарын жеткізіп, көтерілген мәселелер мен тақырыптарға байланысты бірқатар сұрақтар қойды. Олардың ішінде Ақтау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің  басшысы Гүлжазира Алдашева жұмыс барысында смартфон пайдалана алмайтындығының себебінен жоғарыда айтылған «Цифрлық агент», электронды қызмет, т.б. қосымшаларды пайдалануға мүмкіндік болмайтынын айтып, оның алдағы уақыттағы шешілу жолдарын сұрады. Cонымен қатар, «Табиғатты қорғау жобалары» бөлімінің басшысы Нарынбек Сұңғатов қазіргі кездегі мемлекетік органдар арасындағы көп уақыттың  хат алмасуға кететіндігі, әрбір мекеменің сайты белсенді түрде жұмыс жасап, қажетті ақпараттарды сол сайтқа  жүктеп қойса оның алдын алуға болатындығын айтты.

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0