Адам өмірінің қымбат уақыты мен қажырлы еңбегін талап ететін, әрине ғылым. Қоғамның өркендеуіне, ғылымның заман талабына сай дамып, жетілуіне де кең жол ашатын ғалым-ұстаздар. Ел құрметін еншілеген осындай тұлғалардың бірі – экономика ғылымдарының дамуына үлес қосқан Ш.Есенов атындағы Ақтау университетінің «Экономика және құқық» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, ізденімпаз ғалым, ұлағатты ұстаз Орынбай Төлепов.
Орынбай Төлепов 1938жылы 18-ші тамызда Қарақалпақстан Республикасының Хожелі қаласында қарапайым Қазақ есімді шаруаның үйінде дүниеге келген. 1952 жылы 7 сыныпты үздік бітіріп, Хожелі педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, оны 1956 жылы тәмамдайды. Бұл оқуды бітіргеннен кейін сол жылы Нөкістегі педагогикалық институтқа түсіп, оны 1961 жылы үздік дипломмен аяқтаған соң, сол жылдары ашылған Өзбекстан Ғылым Академиясы Қарақалпақстан бөлімінің Н.Дәуқараев атындағы филиалында жұмысқа қалдырылып, алғашқы еңбек жолын бастайды.
Ғылым ордасының есігін алғаш ашқан күннен бастап, О.Төлепов өзінің ғылыми іске аса құштарлығымен, ізденімпаздығымен, ерекше табандылығымен көзге түседі. 1964 жылы О.Төлепов Ташкенттегі Өзбекстан Ғылым Академиясы экономика институтының аспирантурасына оқуға түседі, «Тамақ өнеркәсібі және оның даму бағдарлары» атты тақырыпқа жазылған кандидаттық диссертациясын Ташкент халық-шаруашылығы институтының Өнеркәсіп экономикасы кафедрасында талқылап, осы институттың ғылыми кеңесінде табысты қорғады.
О.Төлепов ғылымға қадам қойған өмір жолында өз ұстаздары академик К.Н.Бердинцев, Д.В.Зайцев және З.И.Цунцадан тәлім-тәрбие алып, академиктер Аганбегян, Шаталов, профессорлар Баригольц пен Майфичиктерден дәріс тындаған.
1994 жылы О.Төлепов ата-жұртын аңсап, отбасымен киелі Маңғыстауға көшіп келеді. Алғашқы сәттен-ақ өзін білікті маман, білімді ғалым, ұлағатты ұстаз ретінде таныта білген оны академик Ш.Есенов атындағы Ақтау университетінің асыл азаматы, дара тұлға, көреген басшы Е.Т.Божанов өз бұйрығымен әуелі «Экономика» кафедрасына доцент, «Әлеуметтік экономикалық пәндер» кафедрасына меңгеруші етіп тағайындайды. Ақтау политехникалық институты мен Атырау университеті Ақтау филиалының бірігіп, қайта қосылуынан құралған жоғары оқу орны Ш.Есенов атындағы ғылым ордасының пайда болуына байланысты О.Төлепов жаңадан ашылған «Экономика және Құқық» кафедрасына меңгерушілік ете бастайды.
Доцент О.Төлепов жаңа кафедраның қалыптасуына факультетте және кафедрада оқу процесінің жетілуіне, оқу-әдістемелік жұмыстардың жандануына және жалпы қоғамдық жұмыстардың дер кезінде орындалуына адал қызмет етіп, тер төгіп жүрген нағыз еңбекқор, өзіне де қатал талап қоя білетін іскер басшы бола білді. Ана тілін тау бұлағындай аялап сүйе білген, қайда жүрсе де ұмытпай суығына күйе білген, рух сардары, туған жер ата-мекеніне басын иіп, ел тарихын терең түсіне білген жан-жақты дара тұлға, ойлы да ұлтжанды адам. Ол өзі өскен түптамырдың бар нәрін ойына жинаған саясы мол, ұша басы аспанға қол созған бәйтерек секілді аз уақыт ішінде кафедраның өсіп, өркендеуіне көл дария үлес қосты. Доцент О.Төлепов көптеген оқытушылардың ғылым докторы мен ғылым кандидаты дәрежелерін қорғауына және ғылыми білімді таратуға зор үлесін қосты.
Сонымен қатар доцент О.Төлепов шаруашылық келісім жобасын іске асырушылардың бірі болып табылады. Сонымен бірге бірнеше ондаған ғылыми тұжырымдарын, ғылыми және оқу-әдістемелік мақалаларын да жариялап үлгерді. Оған дәлел ретінде ғалымның төл қаламынан туған бірнеше ғылыми еңбектері, «Өнеркәсіп саласының экономикасы», «Нарықтық экономика әліппесі» атты бағдарламалары мен жалпы саны отыздан аса ғылыми-практикалық, теориялық, таным-нанымдық маңызы зор мақалалары баспадан жарық көргендігін мақтанышпен айтуға болады.
Шәкірттерін ғылым нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, ізденімпаз ғалым, ұлағатты ұстаз Орынбай Төлеповтың елеулі еңбегі мен ғылым жолының дамуына қосқанүлесі орасан зор.
А.К.Сагиндикова «Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы
ПІКІРЛЕР