GEWR’26: қоқыс пен қалдық кәсібі және экологиялық мәдениет

GEWR’26: қоқыс пен қалдық кәсібі және экологиялық мәдениет

Астанада GEWR’26 халықаралық форумы өтті. Он жылдық мерейтойлық іс-шараға Қазақстаннан бөлек, халықаралық ұйымдардың, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің ресми өкілдері қатысты.

Биылғы форумда сан алуан тақырыптар қаралды:

  •  Қалдықтар: адам денсаулығына зияны және адамдардың экологиялық құқығы;
  • Электрондық қалдықтарды игеру, қайта өңдеу мәселесі;
  • Өндірістік қалдықтарды қадағалау: стандарты мен бақылау әдістері;
  • Ғылыми жобаны өндірістік нәтижеге айналдыру жолдары;
  • Қалдықсыз қала қағидасы және т.б.

  Орталық Азияда қалдығы көп ел – Қазақстан…

Қазақстанда жыл сайын шығатын электрондық қалдықтардың көлемі шамамен 136 мың тонна екен. Бұған  істен шыққан, қоқысқа тасталып жатқан ноутбуктер, планшеттер, теледидарлар, смртфондар және т.б, кіреді. Елімізде кәсіп ретінде электрондық қалдықтарға деген қызығушылық айтарлықтай емес. Әзірше, зейнетіне бейнеті тең келетін бизнес пе дейсіз. Мәселен, осымен айналысатын кәсіпкердің айтуынша, қолмен техникадағы қымбат тетіктерін алғанымен, таудай болып қалған пластмассаны өткізу машақат екен. Тегін берсең де, алайын деп құлшынған жан адамды табу қиын делінеді.

Қырғыз Республикасы Экология министрлігінің жетекші маманы Н. Исаеваның сөзінше, 2010-2024жж. электрондық қалдықтар көлемі аталған елде үш есеге жуық өскен. Бұгінде жылына 10 мың тоннаның үстіне шығыпты. Дегенмен, Қазақстаннан 13 есе кем. Әрі жан басына шаққанда, біздің елде әлдеқайда көп қалдық шығып жатыр.

Қазақстанда электрондық қалдықтардан алынған заттарды қайта жарату ісі де жолға қойылмаған. Жақын дегенде Қытайға экспортталады. Содан олар қайта пайдаланып, техника жасап береді… Электрондық қалдықтарды қайта жарату ісі Орталық Азияның басқа елдерінде дамымағаны аңғарылды.

Электрондық техника қалдығының қоршаған ортаға зияны орасан. Мәселен, бір ғана смартфонның батарейкасы ашық түрінде, 20 шаршы метр аумақты ластай алатын көрінеді…

Десек те, Орталық Азия әлдебір ауырсынып отырған электрондық кәсіп түріне, ресейлік тараптың сілекейі шұбырып отыр. Форумға келген ресейлік (“Красцветмет” компаниясы) П. Шахматов біздің елде әлі де бұл сала тыныш, яғни бәсекелестік жоққа дерлік, әрі санкцияға ұшыраған өз еліндегі жағдайдан әлдеқайда жақсы екенін айтады.

 Қаладағы экологиялық мәдениет әлі төмен…   

 Форум барысында даниялық әйгілі “Eldan Recycling” компаниясының аймақтық өкілі В. Куликовтың баяндамасы да назар аударарлықтай болды. Бұл компания сонау 70 жыл бұрын отбасылық деңгейдегі шағын бизнес еді. Уақыт өте келе әлемнің ондаған елінде өкілдігі бар, айтулы өндірістік компанияға айналған. Бүгінгі күні қалдықтарды өңдеудің түр-түрімен айналысады. Бір ғана шинаны ұсақтайтын цехын алайық. Бар болғаны, бір сағатта 3 тонна немесе одан да шинаны үгітіп тастайды екен. Бұған 2-3 адам жеткілікті. Шыққан қалдықтардан түрлі заттар жасауға болады. Міне, өркениетті елдің әдісі. Әттең, баға жағы әр кәсіпкердің қалтасы көтере қоятындай емес. Мысалы, дәл сондай жұмысқа пайдаланатын қытайлық техниканың бағасы әжептәуір арзан. Иә, сапасы тең келмейтінін айтады. Бірақ, мұны әркім түсіне бере ме…

Data Line компаниясының электрондық қызметі де атап өтуге тұрарлық. Қаладағы қоқыстарды реттеу, арнайы полигонға апару, автокөліктерді бақылау және т.б. қызмет қала тазалығы үшін керек қызмет. Аталған компания Астанадан бөлек, Маңғыстау, Қызылорда және Түркістанға қызмет көрсетуде екен. Біз олардан қай қаланың экологиялық мәдениеті жоғары немесе төмен екенін сұрадық. Мұндай жағына талдау жасамайтынын, бірақ, болашақта соны жасау ойда барын қоса кетті. Керек-ақ. Мәселен, бас қаланың өзінде қоқысты арнайы белгіленген жерге емес, басқа жаққа лақтырып кететіндер барын өздері де айтып отыр. Полигонға апарып, салмағына қарай ақша төлегісі жоқ кей адамдар. Бірақ, қоршаған ортаны ластай салуға бар…

Ғылыми жобаны кәсіпкер пысқырмай ма, әлде дұрыс жеткізбей ме?..

 Қазақстанда ауқатты бизнесмендер аз емес. Азаймасын да. Бірақ, олардың арасында ғылыми жобаны әрекетке айналдыру үшін ақша құю керек дегенге келгенде, түсінбей қалатындар, бәлкім, шынында ұқпайтындардың қарасы да қалың десек, артық кеткендік емес.

GEWR’26 шеңберінде ғылым мен бизнесті қалай тоғыстыру қажет дегенге де бас қатырды. Ғылым зор еңбекті керек етеді, әрине. Сөйткен орасан еңбектің нәтижесін көру үшін қаржы қажет. Осы орайда, ҚР Ғылым министрлігінің сөзі онша қонымды болмады. Жаңсақ естімесек, мемлекеттен (осы салаға қатысты?) ғылыми жобаларға 7 млрд. теңгеден астам ақша бөлінген. Соның нәтижесінде, елдің бюджетіне 750 млн теңгеге жуық ақша түскен. Осы енді жетістік пе?.. Мемлекет ғылымға 100 тг құйып, 10 теңге алуы банкрот жоба ғой. Мынадай “ғылымыңа” әр теңгесін санап жүретін кәсіпқор ақша құймаса, ренжудің реті жоқ…

С. Сейфуллин атындағы зерттеу университетінің өкілі А. Гаджимурадова ғылыми жобаның ақша тарта алмауына қатысты бірнеше себепті атап өтті. Солардың ішінде, бюрократия, бизнестің тілін таппау және т.б. атады. Біразымен келісуге болатындай…

Дегенмен ғылым тірі болуы тиіс деп ойлпаймын. Тірі болса, ірі болуға көбіне мүмкіндік те табылса керек, бәлкім…

  Waste Management Awards жеңімпаздары анықталды

 Сонымен қатар, форум аясында, осымен 4-рет өткен, Waste Management Awards жеңімпаздары анықталды. Байқауға 42 компания қатысқан. Солардың ішінде сегізі оқ бойы озып, әр аталымдағы үздік атанды.
Атап өтсек:
1. Қоқыс шығарудағы ең үздік мекеме. Жеңімпаз: “Семей Тазалық” ЖШС;
2. Екінші деңгейлі шикізатты жинаудағы көшбасшы. Жеңімпаз:
“КазМакТрейд” ЖШС;
3. Екінші деңгейлі шикізатты қайта өңдеу көшбасшысы. Жеңімпаз: “ALTRA TYRES” ЖШС;
4. Қалдықтар бойынша үздік полигон. “Спецавтобаза” ЖШС;
5. Өнеркәсіптік қалдықтарды игеру көшбасшысы. Жеңімпаз: “West Dala” ЖШС;
6. Қауіпті қалдықтарды игеру көшбасшысы.  “Казахстанский оператор по управлению отходами”
ЖШС;
7. Қалдықтарды игеру бойынша үздік жоба. Жеңімпаз: “Орал Таза Сервис” ЖШС;
8. Қалдықтарды игеру бойынша үздік инновациялық жоба. ECOSEN ЖШС.
 Қызық болғанда, Астананың бір тазалық мекемесі жоқ…
 Мұндай айтулы шараға Ғылым және жоғары білім беру мен Оқу-ағарту министрліктерінен кемі вице-министр қатысқаны жөнірек еді. Ұлттық экономика министрлігінен де. Өкінішке қарай, тағы да сол баяғы …Балқожаның таяғы.
 Құрманғали Қалмахан

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0