Сапардың ғажап  әсері

Сапардың ғажап  әсері

  ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ КӨЗ АЛДЫМЫЗДА

( Қытай Республикасына саяхаттан кейінгі ой )

Бәріміз өз еліміздің патриотымыз. Елімізді, жерімізді, Отанмызды сүйіп, қастерлеп, бағалаймыз. Алайда, сырт елдерді көріп, олардың жақсы жағынан ой түйгеннің, жақсы жағын үйренгеннің артықшылығы жоқ деп ойлаймын. Қазақ атамыз  «Жаманнан жирен, жақсыдан үйрен» деген ғой. Ендеше, жақында ғана Қытай Халық Республикасына жолым түсіп, бірнеше үлкен қалаларында болған едім. Қытайдың керемет дамыған, өркениетті ел екеніне көзім жетті.  Сол сапардан алған әсерімді көпшілікпен бөлісуді жөн санадым.

СИАННЫҢ СҰЛУЛЫҒЫ КӨЗДІ АРБАЙДЫ

Сиан қаласына табанымыз тиді. Қаланың 6 миллион халқы бар екен. Ол біздің елдің 30 пайыз халқы ғой. Ол жақта тұрғын үйлер тығыз орналасқан. Тұрғындарының бойында мәдениет басым. Туристерге де ізетпен, құрметпен қарайды.

Сиан қаласының кереметтері көп. Мәселен, бұл қалада су бетінде орналасқан ашық аспан астындағы театр бар. Ол жерде жоғары деңгейдегі опера, әлемдік деңгейде бағаланған қойылымдар қойылады. Ол қойылымдарды халық керемет бағалап, театрға ағылып келіп жатыр. Операны түсінеді. Өздерінше өзгеше ойлайды. Қойылымдарды да үлкен қызығушылықпен тамашалайды. Актерлерге деген, өнер адамына деген құрметтері жоғары.  Өнер адамдарын алақандарында аялап ұстайды.

Сондай-ақ, осы Сиан қаласында Теракоттық соғыс әскері болған екен. Соған байланысты керемет музей бар. Соны да көріп, әр жасалған музейге және әр жәдігерге мән беріп, қытайлықтардың  тарихты сөйлеткенін байқадым. Олар әр экспанатты тарих деп, аса қастерлі құндылық деп бағалайды. Музей қызметкерлерін, тарихшы ғалымдарды ерекше қадірлейді. Әркімнің еңбегіне қарай, жасаған жұмысына қарай көретін құрметі бар. Құрмет көрсетеді. Ол жақта жасаған әр еңбегің деңгейіне қарай жоғары бағаланады екен. Біз сапарымыздың барысында осыны байқадық. Адамға деген құрметтің еңбекке қарай болатынын сезіндік.  Бұл қалада біз ойлағаннан биік біраз жақсы өркендеулер бар екен. Тұрғындарында да бір жылылық, еңбексүйгіштік аңғарылады. Қонаққа деген құрметтері жоғары. Мүмкін, туристер деген көзқараспен қараған болар, біздің барлық жағдайымызды жасады. Сиан қаласынан сыпайылыққа толы жылы лепті, жылы самалды сезіндік.

ШАНХАЙДА ДА ҚАРБАЛАС ТІРЛІК

Шанхай қаласына да жолымыз түсті. Бұл шаһардың 16 миллион халқы бар. Біздің республиканың барлық тұрғындарынан сәл ғана аз. Бір қалада осынша тұрғынның болуы әрине оңай емес. Халқы өте тығыз орналасқан. Бірақ, олардың бойынан адамға деген мәдениет, құрмет, жылылық сезіледі. Шанхай өте таза, сұлу қала екен. Сұлулығы көзді арбайды. Адамдарының мәдениеті биік. Көшелері  тап-таза. Көшелері сәмбі талдай түзу.

Тұрғындары еңбекке жаралған. Еңбекшіл, ізденімпаз. Шыдамды. Халық тығыз орналасқандықтан, барлық нәрсенің қадірін біледі. Кәсіпкерліктің  жолын тапқан. Сауданың салмағын, жолын  біледі. Әр нәрсе туралы жаңаша ойлап, өз кәсіптерін тез дамыта алады. Ешқандай жеңіл жолмен, ұрлықпен емес, өздерінің адал еңбектерімен дамып жатыр. Біз Шанхай қаласынан осындай қарбаласты көрдік. Қарбалас тірлікке қарап таңдандық. Қытай елінің адамдарына деген көзқарасымыз жақсы жағына өзгерді. Әрине, мұны естігендер біз жайлы да дұрыс оайламауы мүмкін. Басқаша ойлауы ықтимал. Бірақ, біз көзімізбен көрген шындық осы.

Сауда, кәсіпкерлік жақсы дамығанын айттық. Туризмге де кең жол ашылған. Зиялы қауымы бірнеше тіл біледі. Сырт елден келген туристермен мейілінше жылы, жайдары сөйлеседі. Іскер адам екендері байқалып тұрады.

Біз Шанхай қаласынан міне осындай іскерлікті, еңбекшілдікті, жақсы пейілді көрдік.

ПЕКИНДЕ ПАЙДАЛЫ  ІСТЕР  КӨП

Аталған елдің астанасы – Пекин қаласында да болдық. Пекиннің 24 миллион халқы бар. Біздің тұтас мемлекетіміздің халқынан бірнеше миллионға артық. Әрине, сырт елдің топырағын басып тұрып, оны өз еліңмен еріксіз салыстырып отырады екенсің. Тұрғындар саны жағын да салыстырып жатқаным сол. Пекин тұрғындары да өте сыпайы. Шетінен еңбекшіл, іскер. Өздерінің жұмыстарының шебері. Өз мамандықтарын өте жақсы біледі. Себебі, олар сол мамандықты оқып, танып біліп, әбден зерттеп, түсініп алады. Ол ізденістері кейін қызмет атқарған кезде жемісін береді.

Ұлы Қытай қорғаны

«Ұлы Қорғанның» шығысы Ляудұңның Жолбарыс тауынан басталып, батысы Гансудағы Жяйүйгуанға дейін барады, жалпы ұзындығы 6700 км артық. 7 ғ. ЗБ дәуірден бастап 17 ғ. дейінгі 1000 жылда, жиыны 10 патшалық әулеті құрылыс салып, осы қорғанды жасаған.

Ұлы Қытай қорғаны (қытай Ваньли чанчэн – он мың шақырымдық қамал) – Қытайдағы ежелгі қорғаныс құрылысы. Қытай қорғанының құрылысы Қытай тарихындағы Чуньцю («Көктем және күз» б.з.б. 770 – 476 жылы) және Чжаньго («Жауласқан патшалықтар» б.з.б. 475 – 221 жылы) заманында салына бастаған. Ол кезде Хуанхэ алқабында жеті шағын патшалық жеке-дара өмір сүрді. Олар өздерінің солтүстігіндегі ғұн және дунху сияқты көшпелі тайпалардан қорғану үшін өз шекараларына қорғаныс қамалдарын тұрғыза бастады. Б.з.б. 221 жылы тұңғыш император Цинь Шихуанди өзге алты патшалықтың басын біріктіріп, біртұтас Қытай империясын құрды. Ол әр патшалық тұрғызған үзік-үзік қорғаныс қамалдарын бір-біріне жалғастырып салдырды. Оның ұзындығы 5000 километрге жетті. Хань империясы заманында қорған-қамалдар шығыста Ляодун түбегінен батыста Линьтаоға (қазіргі Ганьсу провинциясының жерінде) дейін жеткізілді. Қорғаныс қамалдарының бұзылып, бүлінген жерлерін Қытайды билеген әрбір патшалық жөндеп, қалпына келтіріп отырды. Әсіресе Мин әулеті солтүстігіндегі көршілері – шүршіттер (маньчжур) мен моңғолдардан қорғану үшін сол заманның ең озық техникасын пайдалана отырып, биік тау жоталары мен шатқалдарына және шөл далаға дейін қорғаныс қамалдары мен бекіністерін салдырып, қорғанды ұзарта түсті. Шығыста Бохай теңізінің жағасындағы Шаньхайгуань бекінісінен батыста Ганьсу провинциясындағы Цзяюйгуань бекінісіне дейін созылып жатқан қорғанның жалпы ұзындығы 10000 километрге жетті. Қытай қорғанының бүгінгі күнге дейін бүлінбей жеткен 5000 километрден астам бөлігі сол Мин дәуірінде жөнделіп, жаңадан тұрғызылған. Мұның негізгі бөліктерінің орташа биіктігі 7 – 8 метр, табанының ені 6,5 метр, үстіңгі жағының ені 5,8 метр. Қорғанның үстінде әр 100 метр сайын 2 – 3 қабаттан тұратын қарауыл мұнарасы салынған.

Міне, өз басым тарихшы ретінде оқулықтардан оқып жүрген мәліметтерді көзбен көріп, қолмен ұстап керемет ғажайыпқа куә болдым.

Цинь әулетіндегі  императордың өмір сүрген ауқымды 6000 га жерді алып жатқан керемет зәулім үйлерін де көріп таңғажайып күйге ендім . Осы Пекин қаласындағы алып қорғанды тамашалап жүріп менде бір мақтаныш пен патриоттық сезім пайда болды. Қанша ұлы ел болса да қазақ елінің Ғұн тайпасынан сескеніп үш бөлікте болған қытай елі, бір ортаға жиналып осындай қорған салғандығына,  Қазақ  халқы ұлы екендігі дәлел.

Пекинде екі рет арнайы түрде қонақасы берілді.Қытай еліндегі қамқоршылық ұйымдарының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Біздің елден барған барлық кісілерге арнайы сыйлықтар беріп құрмет көрсетті. Өздерінің жұмыстары, ізденістері жайлы айтты. Біз де сол жиындарда , дастархан басында өзіміздің бару ниетімізді, жоспар, идеяларымызды айтып, олардың ойымен бөлістік. Екі тарап бір –бірімізге тілектер айтып, ағыл – тегіл сыйласып, сырласып отырдық.

Ғажайып Пекин көз алдымызда құлпырып тұр.

Пекиннің де пайдалы тұстарын көп көрдік. Тұрғындары тарихи сананың жаңғыруын, тарихты жақсы көреді.

Біз Пекинде де жақсы әсерге бөлендік.

Талас ауданының кең даласында алаңсыз өскенбіз. Қытай қалаларындағы тығыздықты көріп,  «Тәубе, тәубе» дедік.  Алайда, олардың мәдениеті, білімі, парасаты, іскерлік көзқарастары, кәсіпкерлікке бейімділіктері бізден  әлде қайда биікте жатыр.

ҚЫТАЙ ЕЛІНЕН ҚАЙТҚАНДА

Осылайша, Қытай топырағын басып, біраз жағдайларға қанық болдық. Екі елдің дамуы жайлы ойладық. Екі елдің достығын нығайтқан Елбасыға алғыс айттық. Дәл қасына барып, көрмесең, білмесең  әрине, жалған түсінесің. Әрине дұрыс түсінбей, басқа бүлікшіл топтың жетегінде кетіп қалатының анық. Сондай топтың ықпалымен кетіп қалуың мүмкін.

Ал шындығы ше? Шындығы  Қытай Халық республикасы —  дамыған, өркендеген ел. Құшағын кеңге жайып, әлі де дамудың жолдарын іздеп отыр. Өрлеудің тетіктерін қарастырады.  Белден басатын зорлықшыл, шектен шыққан бұзық ниетті ел емес. Осындайда Мұхамед Пайғамбардың  «Қытайдан болса да білім ал» деген хадисі еске түседі. Біздің мемлекеттің  жүздеген жас азаматтары Қытайдың беделді университеттерінде білім алып жатыр. Өздерін жан-жақты дамытып жатыр. Әрине, оның бәрі Қытай болып кетпейді. Ертең сол білімді алып, өз елімізге оралады. Өз еліміздің көсегесін көгертеді, өркенін өсіреді. Неге айтып орығыныма бір дәлел айтар болсам , Шаньхай қаласында « Балалар ойын сауық орталығында» (DisneyLand) жүрген кезімізде Қазақстанның қазақ тілінде сөйлесіп тұрған жастарын көріп, тілдестік. Сөйлесу барысында сұрап едім, білім алып жүрген білімгерлер екендігін айтты. Өзге елде өз тілдерінде сөйлесу елге ,тілге деген құрмет екенін байқатты. Дегенмен, өте патриот жастар екен. Мұның бәрі екі ел арасындағы достық байланыстың жемісі. Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі.Біз осыны сезініп, түсіндік.

Біз осындай жақсы оймен, өз еліңнің кемеңгер адамына деген құрметпен өз мемлекетімізге қайттық. Осы сапарға барып қайтуымыздың да өзіндік себептері бар. Біз бұл сапарға Қазақстанның болашақ ұрпақтарына жасаған сыйы деп білеміз. Өйткені, біз өмірлік серіктерімізді Отан алдындағы ерен еңбектерін , күш жігерлерін жұмсап жүрген тұсында ғайыптан ажырап қалған аналармыз! Біз бұл сапарда оншақты аналар бүлдіршіндерімізбен барып қайттық.

Дегенмен, осындай өзге елді көру бақытын сыйлаған қазақтың алдынғы қатарлы ер-азаматтары ІІМ Кадр жұмысы департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Айнагүл Жакина,ІІО қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорының төрағасы Кемел Жұмашев, Қазақстандағы Қытайдың Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі, ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің Қазақстандағы ресми өкілі, полиция аға полковингі Дай Сюйкуй, Қытай елшілігі виза бөлімінің өкілі Сайда ханымға мың алғыс айтамыз!

Жамбыл облысы, Талас ауданы,Қаратау қаласы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Несіпбава Раиса Төлеубекқызы

 

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0