Ғұмырнамасын терең зерделеген сайын ұлықтауға лайық, өмір жолы парасатқа толы, өмірі өнеге, ісі үлгі боларлық азаматтар болады. Солардың бірі – Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің бірнеше марапаттар иегері, туған жер алдында перзенттік парызын атқарған, бедел билігінен түспеген, кемел педагог, білікті ұйымдастырушы, «Маңғыстау техникалық колледжінің» негізін қалаушы, оны білімді, тәжірибелі еңбегінің арқасында 17 жыл басқарған – Өмір Сағындықұлы.
Ауышаруашылық саласының мамандарына техника тілін үйреткен, Маңғыстау механизаторларының бас ұстазы Өмір Сағындықұлы жастарға техниканың тылсым құпиясын аша білді.Елімізде ауылшаруашылығын механикаландыру мәселесі күн тәртібіне қойылған кезде Маңғыстау топырағында да алғашқы кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орнының ашылу мәселесі тұрды.
Осылайша 1958 ж. Маңғыстауда, Таушық селолық кеңесіне қарасты 7-шахта елді-мекенінде №82 ауылшаруашылығын механикаландыру училищесі ашылды. Училище Өмір ағаның өнегесімен, керегесін кең жайып өркендеді деуге болады. Өткен ғасырдың 70-жылдары туысқан Туркменстан, Өзбекстан, Қарақалпақ Республикасынан жастардың осы оқу орнына келіп білім алуына, олардың Маңғыстауда тұрақтанып қалуына да Өмір Сағындық ұлымен оның педагогикалық ұжымының алатын орны зор.
Маңғыстауда мал шаруашылығының қарқынды дамуына орай, жаңа сұраныстар туа бастаған кезде Өмір Сағындық ұлы «К-700 жүргізушісі», «Мастер-жөндеуші», «Село құрылысының шебері», сияқты мамандықтар қажет екенін айтып, кәсіптік-техникалық білім беру басқармасына, облыстық атқару комитетінің төрағасына дейін барып, ақыры дегеніне жетті. Өмір ағаның идеяларын әр уақытта аудан басшылары мен ауылшаруашылығы басқармасының қолдауының арқасында жаңа мамандықтарды мыңдаған жастар меңгеріп шықты.
Бұл оқу орнын Өмір ағасыз еске алу мүмкін емес. Ағаның 50 жылдан аса өмірі осы оқу орнымен байланысты. Бұл білім ордасынан алған біліктілігін растайтын куәлік, дипломымен көптеген мамандар мұнай-газ, құрылыс салаларында табысты еңбек етуде.
Өнегелі, тағылымы мол өлкеміздің ақсақалдарының өмір жолынан бүгінгі жастарымыздың алары көп. Оларды мақтан тұтып, үлгі өнегесінен ғибрат алу ұрпақтар сабақтастығының бұлжымас қағидасы. Онсыз рухани жаңғыру болмасы белгілі.
Ш.Есенов атындағы КМТИУ, «Менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы Ш.И. Косымбаева
ПІКІРЛЕР