Мемлекеттік тіл – елдің елдігі көрінетін жер немесе “Қазаша сөйле!” алысқа апармайды…

Мемлекеттік тіл – елдің елдігі көрінетін жер немесе “Қазаша сөйле!” алысқа апармайды…

Тәуелсіздік алғанымызға 35 жылға таяды. Осы уақыт ішінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы да, өткен ғасырдың 90 жж. салыстырғанда, кеңіді. Бұл сөзсіз. Бірақ, өзінің заң шеңберіндегі мемлекеттік мәртебесіне әлі жетпегені де даусыз.

Бір ұрпақ ауысар уақыт өткенде мемлекеттік тілдің өз деңгейіне көтеріле алмауы – елдік деңгейдегі мәселе. Қазақстанда тұрған шетелдік кісі айтады: Не деген еркіндік, қазақша сөйлей алмасаң да бәрібір дейді. Мемлекеттік тілді білмесе, өмір сүру қиын болатын өз елін меңзесе керек.

Қазақ санының артуымен мемлекеттік тіл мәселесі біртіндеп шешіледі, бірақ…

 Әрине, мемлекеттік тіл мәселесі қазақтардың саны артуымен де өгізаяң шешіліп келеді. Табиғи жолмен. Қалалардағы қазақ ұлтының үлесі артуы да мемлекеттік тіл аясының кеңеюіне өзіндік сеп болуда. Бірақ, мынадай мәселе бар. Орыс тілін ғана білетін еліміздің тұрғыны болмашыға дейін: сағат неше болғанын немесе аялдама қайда екенін т.б. кездескен адамнан еркін сұрай береді. Сұраған адам орыс тілінде жауап алатынына сенімді немесе ол үшін қалыпты жағдай саналады. Ал, мемлекеттік тілді ғана білетіндер солай ете ала ма?.. Қазақ тілінде жауап ала алмаса, кімнің кемшілігі болмақ? Қоғамдық орындарда күнделікті кездесетін сондай жайттар қазақ ұлтының саны артуымен, бәлкім, ұзақтау уақыт алса да бейбіт реттелер… Олай болмай, екі тарап қоғамда бетпе-­бет қайшылыққа түссе не болмақ? Бірнеше жыл бұрын мемлекеттік тіл бойынша «рейд» жасаған Қ. Ахметов деген азамат пен орыстілділер арасындағы қайшылықтар – мәселенің басы болуы әбден мүмкін.

Таяуда, Алматыда орыс әйел қазақтан орысша сөйлеуді дөрекі түрде талап етті. Әлгі орысқа айыппұл салынды, жеңіл құтылды. Соған ұқсас оқиға, бірақ, керісінше, қазақ орыстан солай талап еткенде не болып еді? Бірнеше жылға қамалды да кетті. Мұның барлығын елдегі есті де, есер де көріп-біліп отыр. Десек те, “Қазақша сөйле!” деп әркімге бір дікеңдеп сөйлеу алысқа апаратын жол емес.

Соңғы санаққа салсақ, еліміздегі қазақтардың саны халқымыздың 70%-інің үстіне шықты. Демек, шартты түрде алсақ, алдағы уақытта мемлекеттік тілдің мәселесі шешілмесе, жағдайды күрделендіре береді. Мәселен, мемлекеттік тілді білетін, бірақ, орысша сөйлей алмаудың кесірін тартып жүрген азаматтар бір мезетте біріксе, қандай көрініс шығуы мүмкін?.. Билік мұндайға жеткізбеуі керек. Украинаға соғыс ашқан көрші Ресей билігі де орыстілділер мәселесі деп Қазақстанның ішкі шаруасына араласудан тайынбайтынын көрсетті. Тіпті Ресей басшысы Қазақстан президентінің көзінше, әрі Ақордада отырып, қазақ мемлекетін орыстілді ел деп салды. Тілді саяси қысым құралы ретінде пайдалануды арттырды. Сондықтан мұның барлығы ушықпай тұрып, заң шеңберінде өз ретін табуы тиіс деп ойлаймыз. Әйтпесе, саясилана түседі.

Мемлекеттік қолдау жоқ емес. Мәселен, 2021ж. ҚР президенті Қ. Тоқаев қол қойған Заңға сәйкес, маңдайшалар, ас мәзірі, баға таңбалары т.б. міндетті түрде қазақша жазылуы тиіс. Керек болса ғана, орыс не басқа тілге аударылады. Бұл да бір оң қадам болғаны анық. Осылай батыл қадам жасай беру қажет еді. Бірақ, өкінішке қарай, соңғы уақытта мемлекетік тілдің қолдану аясын кеңітетін ірі қадамдар байқалмады. Жаңа Конституцияның өзіне әлдебір дірілдегендей қалыпта отырып, бірге мен қатар деп екі тілдің орнын белгілеген болды. Бұл бар жеткен жері секілді…

Елімізде қазақ тілінің өз заңды мәртебесіне көтеріле алмауында мемлекет құраушы ұлттың да өзіндік әлсіздігі жатыр. Осы елді, жерді сақтап қалған қазақ ұлтының мемлекет құрушы ретіндегі өзін-­өзі құрметтеуінің, жауапкершіліктің өз деңгейінде емес екендігінің белгісі. Мемлекеттік тілден безген, білгісі келмейтін ұлты қазақ саналатын билік басындағы бюрократ шенеуніктерді де осыған қосуға болады. Мұнда отарлықтың терең ізі бар. Дегенмен, отарлық салмақтың тым ауыр болуы көптеген қазақтың өз ана тілінен алшақтауына, ардақтай алмауына әкелді деп өткенге өкініп отыра берсек, мәселе шешіліп кетпесі және анық. Сонымен қатар, кей қазақтың өз ұлтын өзгеден төмен санауға ұмтылуы, санауы, мұнысын ана тілін төмендету арқылы байқатуы – жануарда да кездеспейтін қасиетсіздік.

Жылқы қой боламын деп кішіреймейді, қой да жылқы боламын деп кісінемейді…

Мемлекеттік тілді «білетін» 95% қазақстандықтар қайда?..

 Қазақстанның экс-президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2011ж. 28-қаңтардағы ел халқына Жолдауында: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады» делінген. Жолдау бойынша, 2020ж. немесе алдыңғы жылы мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың саны 95% болуы тиіс еді. Бұл межеге 2020ж. түгілі, 2030ж. да жетпесі анық.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР Парламенті Сенатының депутаттары болған – М. Бақтиярұлы, Л. Сүлеймен, Н. Жүсіп, Н. Төреғалиев, Д. Нұржігіт, Д. Нөкетаеваның мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалына сол кездегі премьер-министр А. Маминнің берген жауабы бар. Сонда былай делінген: «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2011-2018 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25% өсіп, бүгін 86% құрап отыр». “86%-ға” күмәніміз бар. Егер, «Нан», «Рахмет» деп айта алатындардың барлығын мемлекеттік тілді «меңгерген» ел азаматтары санатына жатқызса, әрине, сол көрсеткішті төңіректеуі мүмкін. Бірақ, қазақша сөйлей алатын қазақстандықтардың саны 86% болды дей алмаймыз. Тіпті мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 90,5% деген де ақпарат жіберді. Бұл сандар қоғамдық өмірден әлдеқайда алыс жатыр.

Экономика емес. Әлемде экономикалық дағдарыс болып жатыр, соның сілемі тиіп, жоспар орындалмады дейтін. Климат кесірі де емес…

Бізде заң шеңберінде мемлекеттік тілдің қолданылуын қадағалап, дамытып отыратын, соған қатысты ҚР президенті Қ. Тоқаевтың жолдаудағы да, басқа да тапсырмаларын іске асырушы орган – Үкіметтің өзі де бұл салада ақсап тұр. Мәселен, премьер-министрдің сайтында мемлекеттік тілдің ресми – орысшадан кейін тұруын немен түсіндіруге болады? Бұған қоса қазақшадағы қателіктерін ше? Ал, бұған кім жауап береді?..

Қазақ тілін үйрену қиын емес

 Әлемде нақты саны белгісіз болса да, мыңдаған тілдер бары анық. Сол тілдердің ішінде үйренуге оңайы да, қиыны да бар. Әдетте, қазақ тілі әлемдегі ең күрделі тілдердің қатарына жатқызылмайды. Мәселен, араб, жапон, қытай тілдері қиын тілдердің қатарына кіреді. Бұл тілдердің шебері болып шығу үшін аз уақыт кетпесе керек. Ал, қазақ тілі әртүрлі ақпараттағы қай ондықты қарасаңыз да ішінде жоқ. Бәлкім, тез үйренуге болады дейтін ағылшын тілімен де қатар тұрмас. Тіпті ағылшын елінің өз ішінде оңай емес қаншама диалект бар. Бізде алып бара жатқан диалект те жоқ. Демек, қазақ тілін үйрену қиын деуге негіз табылмаса керек.

Ескеретін дүние, мемлекеттік тілді үйренгісі келетіндер жоқ емес. Олардың арасында әдістемелік құралдардың, курстардағы үйрету жолдарына көңілдері толмайтын адамдар бар. Қоғамдық ортасы жоқ ағылшын тілінің өзін біздің елде игеріп жатқандар аз емес. Бұған қазір қытай тілі қосылды. Көрші елдің тілін білуге ұмтылғандардың қарасы қалыңдап жатыр. Себебі, қажетті тілге айналуда. Қалыптасқан жағдай мемлекеттік тілдің ауқымына да әсер етсе керек. Сондықтан үздік әдістемелік кітаптармен қатар, цифрлік технологияның мүмкіндіктерін де баса пайдалану қажет.

Қоғамдық қажеттілік аз

 Қиын тілдердің қатарына жатпайтын болса, қазақ тілінің мәселесі басқада. Қоғамдық қажеттілік аз. Сол қажеттілік дегеннен шығады. Германия халқының шамамен 70%-ы ағылшын тілін біледі екен. Бірақ, күнделікті қоғамдық, тұрмыстық қарым-қатынаста неміс тілін қолдану қалыпты жағдайға айналған. Сонда тұрып жатқанына көп болмаған кісі, неміс тілін үйренудемін дейді. Ағылшынша білетін азамат, бірақ, онысына қоғамдық қажеттілік жоқ. Бұл елде де ірілі-ұсақты диаспоралар бар. Дегенмен ешқайсысы дау шығара алмайды. Себебі, мемлекеттік тілге қажеттілік жоғары. Қоғамның сан-саласына әбден еніп кеткені байқалады. Сондықтан әр адам өзі үшін білуге мәжбүр.

Ал, біздің елде мемлекеттің қоғамдық өмірді сол тілге мүдделі етуі төмен. Мұның үстіне Конституцияда да жалғыз тіл ете алмадық. Ресми тілді тағы қосып…

Біздің елге жұмыс істеуге келген шетелдіктер орыс тілінің курстарына жазыла бастайды. Басқа қызметті былай қойғанда, қатардағы құрылысшы шетелдіктер – үнді ме, бангладеш пе, басқа ма, елімізге келісімен орысша тіл сындыратынын көріп жүрген боларсыздар. Түрлі жолдармен үйренеді. Бұл мемлекеттік тілге деген қоғамдағы қажеттіліктің қандай екендігінің бір дәлелі. Елімізге аяқ басқаннан бастап, қайда келгені мемлекеттік тіл арқылы байқалуы қажет қой. Бұрын астанада аялдаманы қазақ тілінде ғана хабарлайтын еді. Он жыл бұрын бұл да тоқтады. Ресми тіл ілесті. Сонда тіпті аялдаманың атауын мемлекеттік тілде ұғуға бас қатырмайтын жұрттың арыздануы дұрыс та, қазақшаның қанаты заң шеңберінде кең жайылсын дегендердікі бұрыс па?.. Олар қайтпек? Мұндай жағдайда мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру күрделі болып әлі қала бермек.

Министр, әкімдердің ішінде, басқа емес, қазақшасы шала қазағымыздың “тарихи” сөздерін оқып та, тыңдап та жүрміз. Қазақ тілін білмейтін ел азаматы үлкен­-үлкен мемлекеттік қызметтерді атқара береді. Ал, орысша білмейтін, бірақ, мемлекеттік тілде ағып тұрған ел азаматының жолында сондай “жасыл” жанып тұра ма?..

Латвиядағы орыстардың үлесі сол ел халқының шамамен ширегіндей ғана. Біздікімен шамалас. Тіпті Қазақстандағы орыстардың үлесі пайыздық көрсеткіште аздау. Ал, орыс мектептерінің саны 1 300ден асады. Аралас бұдан тіпті көп. Елордада орыс және аралас мектептердің саны орта білім беру мекемелерінің жартысынан еркін асып отыр. Сондай-ақ, астанадағы оқушылардың 50%-ға жуығы орысша білім алуда екен. Бұл – мемлекеттік тілге деген қоғамдық сұраныстың қандай екендігінің бір көрінісі болса керек.

Сонымен қатар, қалалардағы қазақ мектептерінің саны 698 екен. Қазақ мектептерінің үлкен бөлігі ауылда. Қаладағы орыс мектептерінің саны – 443. Араластың саны қазақ мектептерінен де көп. Ал, қалалықтар саяси және қоғамдық өмірде ықпалдырақ екені көпке белгілі. Бұл жағдайда қазақ тілінің қолданыс аясын кеңітеміз деу қаншалықты қисынды болмақ?.. Сондықтан балабақша мен мектеп қабырғасынан мемлекеттік тілге қажеттілік тудыру керек… Астанада бір топ бала қытайша шүлдірлеп отырғанын құлағым шалып, таңғала қарағандай сыңай танытсам керек. Қасында тұрған, сондағы бір баланың әкесі, Қытай осыдан бірнеше жыл бұрын қазағы қалың өңірлерде балабақшадан бастап қытайша оқытуды қолға алғанын, соның салдары екенін айтты. КСРО кезінде қазақ тілінің қысымға ұшырағанындай жағдай, қазір Қытайдағы қазақтардың басынан өтіп жатқанын қоса кетті. Есімін жарияламауды сұрап. Міне, тілдің саяси маңызы…

Қазақтардың қала халқына айнала түсуі де мемлекеттік тілдің аясын кеңітуде өзіндік табиғи тиімді әдіс болмақ. Мұны қазіргі Астана және Алматы қалалары арқылы аңғара түсеміз. Сондықтан ауылға бағытталған бұрынғы бағдарламаны өзгертіп пе, әлде үндестіре отырып па, «Дипломмен қалада қал!» дегенді шығарса – артық бола қоймас, сірә. Бірақ, айналдырған екі ірі қалаға жинай бермей, басқа қалаларды да күшейту керек.

Цифрландыру, латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі – қайсысы әсерлі болмақ?

 Мемлекеттік тіл қолданысын кеңітуге цифрландыру мен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің өзіндік әсер етері анық. Жаңа әліпби арқылы қазақ тілінің табиғатына жат дыбыстар, сәйкесінше, әріптерді жоюға да болады. Әбден екшеліп, ғылыми негізде жасалса. Солай қолданысқа енсе. Әйтпесе, Өзбекстан секілді бір тіл – қос әліпби қалпына түсіп кетсек, біздің жағдайда тіпті қиын болатындай. Бірде өзбекстандық журналист Қазақстан мемлекеттік тілі латын графикасына негізделген әліпбиге көшеді делінгенде: “Жо-оқ!” дедік дегені бар еді. Осылайша ол Өзбекстан түскен соқпаққа Қазақстан да түсуі мүмкін деп әлдебір жанашырлық білдіргені бар.

Қазақ тілін дамытуда цифрландыру, түрлі ақпараттық технологияларды жан-жақты, барынша тиімді пайдалану қажет. Әрине, әдіс ретінде қолданыста бар. Бірақ, мемлекеттік тілді меңгергендердің санын жыл сайын қоғамдық деңгейде нақты анықтап отыруға қазіргі техника мен технологияның мүмкіндігі жетеді деп ойлаймын. Мысалы, бір мезетте ЖСН не басқа да жеке код беру арқылы ма тіркетіп, базалық та түрлі филологиялық сұрақтар негізінде қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін болмағанда жыл сайын анықтап отырсақ, бұл да бір біткен іс болар ма еді. Іздесе түрлі тиімді әдіс табылады.

P.S. 1. Әрине, келер күннен үміт үзбейік. Кезінде ағылшын тілі өз елінде қарақшылардың, кедей-кепшіктің тілі болған делінеді. Мансаптылар, байлар французша сөйлеген. Сөйткен ағылшын тілінің қазіргі кезде дәурені жүріп тұр. Халықаралық деңгейге жетті. Қазір біздің елде де ағылшын тілін білуге деген ынта артуда. Себебі, қажетті тіл. Жер дүниенің есігі ашылатын тілге айналған. Түрлі мүмкіндіктер тілі. Бұл жерде Ұлыбританияның ірі империяға айналып, көптеген елдерді жаулап алуы да әсер еткені белгілі. Сонымен қатар, саясаты ірі, экономикасы дамыған алпауыт ел болғандығы да тілінің аясын кеңейтуге сеп болды.

Сондықтан мемлекеттік тілдің аясы кеңейеді деп сенейік. Бірақ, бұл сенім ел ішінде мемлекеттік тілге деген күнделікті қажеттіліктің, сұраныстың артуы үдерісімен сабақтасуы тиіс.

  1. Мемлекеттік тілдің жағдайы Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта ауызды құр шөппен сүрткендей болған жоқ. Әділдігінен қозғап, тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда қазақ тілінің аясы кеңігенін жоғарыда жаздық. Бұған бір мысал, Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары ән әлемінде көрші – Ресей әншілері алдыңғы орынды бермейтін. Жастардың дені соларды тыңдайтын. Ал, қазіргі жастардың әжептәуір бөлігі қазақша әндерді тыңдайтыны артық дәлелді керек етпейді.   
  2. Адам уақыт өте келе, ана тілін де ұмыта бастайды. Күнделікті қолданысы тарыла берсе. Мәселен, жаңа тілді меңгеруге көп уақыт бөліп, соған басы бүтін берілгенде, ана тілінде сөйлеуі де қиындай бастайды. Десе де, толық ұмыта қоймайды екен. Ұлыбританиядағы Йорк университетінің лингвисі, профессор М. Шмид осындай пікірде. Ана тілінің санадан өше бастау белгілері ретінде ол, белгілі бір сөздерді ұмытуды, сөйлемді дұрыс құрамауды т.б. атап өтеді.

    Тілдің адам санасында жойыла бастауын зерттеу материалдары көп емес. Әрі нақты ғылыми дәлелденген заңы жоқ. Сондықтан мұны да ақырғы тұжырым деуге келмесе керек. Дегенмен біздің ел үшін де ескеретін жәйт…

 Құрманғали Нұрғали, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 Фото интернеттен алынды

Әлеуметтік желіде бөлісу:

Share to Google Buzz
Share to Google Plus
Share to LiveJournal
Share to MyWorld
Share to Odnoklassniki

ПІКІРЛЕР

WORDPRESS: 0
DISQUS: 0