Қазақстанда атомдық физика мен өнеркәсібінің дамуы – еліміздің КСРО құрамындағы кезінен бастау алады. Тәуелсіздік алған кезеңдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан атом өнеркәсібі саласы жойылып кетпеді. 1997-жылы Елбасы Н. Назарбаевтың Жарлығымен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ болып құрылды. Қазақстан атомдық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануға қатысты халықаралық келісімдерге қосылған. Мұның ішінде сонау өткен ғасырдың 50жж бастап, қазіргі заманға дейінгі келісімдер мен шарттар бар. Бейбіт мақсаттағы төменгі байытылған отындық уран АЭС-ке қолданылатыны белгілі. Мұнда уран-235 изотопы табиғи қалпы – 0,7%-дан шамамен 4%-ға дейін жеткізіледі.
Бұл компания аталғанда, еске еріксіз тек уран өндірісі келе қоюы мүмкін. Бұл бір жағы жөн де. Себебі, бұл өнеркәсіп өнімінде, жалпы түсімде (87%) уран үлесі үлкен. Дегенмен, бұдан бөлек, Тантал, Бериллий, Ниобий секілді сирек кездесетін металдар да өндірілетінін кей адамдар білмес, бәлкім.
Аяқ алысы мен қазіргі қарқыны…
Қазатомөнеркәсіп құрылған кезде әлемдік уран өндірісі тізімінде 13-орында болған. Сөйткен компания, арада 12 жыл өткенде 1-орыннан бір-ақ шығады. Араға тағы 10 жыл салғанда, яғни, былтыр уран өндірісінің жалпы әлемдік көлемінің шамамен 24%-ы осы компанияға тиесілі болған еді. Тіпті 2012-жылы 21 317т уран өндіріп, әлемдік өндірістің 38,3%-ына дейін жеткен.
Қазіргі таңда 13 291 тонна уран өндірген Қазатомөнеркәсіп әлі де осы салада әлемдегі компаниялар арасында ең ірісі саналып отыр. Уран қоры бойынша үштікке енсе де, әрине, рыноктағы орынды ұстап тұру оңай емес. Мұны төмендегі мәліметтер соны дәлелдей түседі.
2018/ 2019жж уран түсімі қай елдерге сатудан келген?
Қытай – 34%, 40%;
Еуропа – 9%, 18%;
Үндістан – 23%, 9%;
Ресей – (2018ж. алмаған) 8%;
АҚШ – 5%, 6%
Канада – 7%, 8%
Басқа – 22%, 12%
Мысалы, Қытайға сатудан түсетін түсім былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда, 15%-ға азайған. Үндістанмен де солай. Тіпті соңғы екі жылда Оңтүстік Корея бізден уран сатып алмаған. Ал, Оңтүстік Корея атом энергиясы өндірісінде әлем бойынша 5-орындағы мемлекет. Керісінше, АҚШ, Канада елдерінің сатып алудағы үлесі артыпты. Мұның барлығы сатып алушыларды, бәсекелес компанияларды жіті назарда ұстап отыру керектігін тіпті айқындай түседі.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі орны
Былтыр ұлттық компанияда 20 592 адам түрлі дәрежеде қызмет атқарған екен. 2018-жылғыдан сәл көп. Бұл шағын ауданның не әжептәуір кенттің тұрғын санымен пара-пар. Ал, олардың жанұялық санымен қоса шартты түрде есептесек, кемі 60-80 мыңның әлеуметтік өміріне әсер етіп отырған болып шығады.
2019-жылы компанияда орташа жалақы – 263 997 тг болған. Бұл былтырғы IVтоқсан бойынша еліміздегі орташа жалақыдан шамамен 30-%-ға артық деген сөз. Таза пайдасы былтыр 213, 749 миллиард теңге болған.
Уранның стратегиялық маңызы өте зор тауар екендігі көпке мәлім. Сондықтан да мемлекет«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арқылы, мажоритарлы акциянер ретінде бақылауда ұстауда. Ал, жәй акция пакеттері сатылымға шыққан: «Қазатомөнеркәсіп» ІРО-да. Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов мырзаның сөзінде былай делінген: «…2018 жылдың қорытындысы бойынша кем дегенде 200 млн АҚШ доллары деңгейінде дивиденд төлеу туралы берген уәдесін орындап, 2019 жылы жалпы сомасы 80 млрд. теңге көлемінде дивиденд төледі (бір жай акцияға шаққанда 308,46 теңгеден)». Жақсы көрсеткіш. 10000 жай акция сатып алған адам, 3 миллион теңгеден астам дивиденд алды деген сөз.
Компания өндірісі орналасқан өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту үшін бюджетке түсіріп отырған трансферлер көлемі де аз емес: 1, 4 млрд. теңге.
Ілгеріде қазақтардың өндірістегі, өнеркәсіп саласындағы үлесі аз болатын. Қазірде «Қазатомөнеркәсіп» қызметкерлерінің 69%-ы, басқару ісіндегілердің 80%-ы қазақ ұлтынан. Бұл компанияның ұлт бойында заманауи өнеркәсіптік психология, техникалық дағды қалыптасуында, артуында өзіндік орны барын да білдірсе керек.
Қоршаған ортаны қорғауда не істеп жатыр?..
Компания БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бағытымен де бірге. Соған сәйкес, өндіріс кезінде қоршаған ортаға зиянды барынша азайту бағытында да жұмыс істеуде. Флора мен фауна дүниесін сақтауда өзіндік іс-қимылдары бар. Мәселен, бұл салаға 1 млрд. 880 млн теңге бөлген. Кәсіпорын жұмыскерлері топырақты нығайту үшін кен орнының 22 га аумағына сексеуіл егіп, яғни, 100 000 көшеттерін отырғызған. Басқа да ағаштар, гүлдер отырғызып, жоңышқа еккен.
Қоршаған ортаға бейжай қарамауының нәтижесі болар, 2019-жылы Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсында, «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясында «Байкен-U» ЖШС үздік деп марапатталды.
Әлем. АЭС. «Жасыл» энергия
Қазатомөнеркәсіп кірісінің үлкен бөлігі уран сатудан келіп отырғанын жаздық. Олай болса, болашақта жағдайы қандай болады?.. Уранға негізгі сұраныс – Атом электр станцияларында. Бұл станциялардың болашақтағы жағдайы қандай болмақ?.. Орны толатын энергия көздері – Күн, Жел т.б. электр станциялары АЭС-ті ығыстырып шығара ала ма? Енді осыған аз-кем кідірсек.
Қазір әлемнің 30дан астам елінде 200ге тарта АЭС бар делінеді. Сол станциялардан өндірілетін электр энергиясының көлемі – 378043 МВт немесе 378,043 ГВт. Ал, Бүкіләлемдік ядролық қауымдастық (WNA) мәліметінше, былтыр жыл соңында, 392,4 ГВт болған. Жақсы делік, арасы сонша алыс емес. Халықаралық энергетикалық агенттік жасаған баяндамасына («Renewables 2020. Analysis and forecast to 2025» немесе «ОТЭК 2020. 2025-жылға дейінгі талдау мен болжам») қарағанда, биыл 200 ГВт болатын Күн және Жел электр станциялары салынбақ. Бұл көрсеткіш келер жылы 10%-ға артуы мүмкін. Ал, Eenergy.media мәліметінше, былтыр бейбіт атомнан өндірілген электр энергиясының көлемі әлемдік үлесте 10,52% болған. Күн және Жел электр станцияларынан өндірілген энергия үлесі 8,15%-ке жеткен. Бұған қарасаңыз, ұзамай-ақ АЭС-тен Күн және Жел электр станцияларынан өндірілген энергия көлемі асып кетуі мүмкін. Бірақ, АЭС-тен бүкіл әлем бірден бас тарта алмайды. Біріншіден, Күн және Жел электр станцияларынан өндірілген энергия көлемі асып кетсе де, әзірге АЭС-пен салыстырғанда, 1 кв/сағ құны әлі қымбат (кей болжамда 2030ж. шамасында өзіндік құны арзандап, басып озуы мүмкін делінеді). Екіншіден, мұнай үстіміздегі ғасырда осы көлемдегі қор мен өндіруде таусылады. Демек, адамзат энергетика көзі ретінде ұзақмерзімдік арқа сүйей алмайды. Үшіншіден, ЖЭС-ті (көмір) жабуға Франция, Германия секілді елдер кірісіп кетті. Себебі, қоршаған ортаға тым зиянды қалдықтары көп. Дегенмен, мұның үлесі әлі де көп. Көмірден алынатын электр энергиясының көлемі әлемдік үлесте 35,18%. Сондықтан АЭС ЖЭС-тің ығысқан орнын ала бастауы мүмкін.
Әлем. Атом энергиясы. Былтырмен салыстырғанда, 2040-жылға қарай өзгеруіне екі түрлі болжам
- Қытай 88 не 215 ГВт өсім;
- Үндістан 14 не 44 ГВт өсім;
- Жапония 3 не 20 ГВт өсім;
- Оңтүстік Корея 12 ГВт өсім;
- АҚШ 29 ГВт азаю не 19 өсім;
- Ресей 1 ГВт азаю не 9,3 өсім;
- Еуроодақ 46 ГВт азаю не 7 өсім
Бұл елдерден бөлек, Бразилия, Мексика, ОАР т.б. мемлекеттерде өсім болуы мүмкін делінеді.
Әлем бойынша 70тен астам атомдық энергоблок салыну үстінде. Көбісі, Қытай мен Ресейде. 2019-жылы АҚШ АЭС-теріне сол мемлекетте өндірілген электроэнергияның 19,32%-ы тиесілі болған. Бұл экономикасы әлемдік ЖІӨ-нің шамамен ширегін алып отырған елдегі көрсеткіш. АҚШ-та атомдық реакторлар мерзімін әлі 80 жылға дейін пайдалануға рұқсат беру жағы қарастырылуда. Ұлыбританияда тағы да АЭС салыну үстінде. Францияда бүкіл өндірілген электроэнергиядағы АЭС үлесі 72% екен! «Үлкен жетілік» елдері, Италиядан басқасының барлығы, АЭС электроэнергиясы көлемі бойынша ондыққа орналасуы да біраз нәрсені аңғартса керек…
Дамушы елдерден Беларусьте таяуда ғана АЭС іске қосылды. Үндістан 2030-жылға қарай АЭС электроэнергисы көлемін әжептәуір арттыруы мүмкін. Бангладеш те екінші АЭС салуға қадам басты.
Халықаралық энергетикалық агенттік (МАГАТЭ) қолданыстағы реакторларды әрі қарай пайдалануды созу – атмосфераға көміртек қалдықтарын азайту мен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші орны бар деп санайды.
Әлем бойынша бүкіл АЭС-ке 65-70 мың (Ақпарат әртүрлі) тоннадай уран қажет екен. Халықаралық энергетикалық агенттік болжамынша, 2035-жылға қарай бұл көрсеткіш өсіп, 87370-138165 тонна аралығында болуы мүмкін.
Демек, Қазақстан сол кеңейген рыноктағы орнын үлкейтуге немесе қазіргіден асыруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, уранның экономикалық маңызын арттыру, басқа салада да қажетті етудің (барынша қауіпсіз деңгейге дейін төмендете отырып) де өзіндік мәні жоқ емес.
АЭС электроэнергисы бойынша әлемдік TOP-10 елдері
- АҚШ. АЭС электроэнергиясы 102 709 МВт;
- Франция. АЭС электроэнергиясы 65 880 МВт;
- Жапония. АЭС электроэнергиясы 46 292 МВт;
- Ресей. АЭС электроэнергиясы 25 242 МВт;
- Оңтүстік Корея. АЭС электроэнергиясы 21 442 МВт;
- Қытай. АЭС электроэнергиясы 16 703 МВт;
- Канада. АЭС электроэнергиясы 14 398 МВт;
- Украина. АЭС электроэнергиясы 13 835 МВт;
- Германия. АЭС электроэнергиясы 12 696 МВт;
- Ұлыбритания АЭС электроэнергиясы 10 902 МВт.
P.S. 1. Бәсекелестік – қазіргі нарықтық экономиканың төлқұжаты, негізгі бір түбірі. Ал, уранға үлкен сұраныс АЭС-те жатыр. Былтыр Жер жүзінде қуаты 5,2 ГВт болатын 6 ядролық реактор іске қосылған. Бірақ, сол жылы қуаттылығы 10,2 ГВт болатын 13 ядролық реактор жұмысын тоқтатты. 2019-жылы 4,8 ГВт-тық төрт реактордың құрылысы басталғаны да белгілі. Ал, орны толатын энергия көздері ГВт көлемін АЭС-тен асырса, енді өзіндік құнын төмендету ғана қалады. Байқасаңыз, әлемдік энергетикалық нарықта кәдімгідей экономикалық арпалыс, тартыс қызып тұр. Демек, «Қазатомөнеркәсіп» өзінің сату нарығынан айрылып қалмау үшін, экономикалық, ғылыми-техникалық, стратегиялық қадамдары тіпті де нық болу қажеттігін көрсетеді.
2. АЭС Қазақстанға қажет пе деген сұрақ осы уақытқа дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Уәждердің қатарында уранның үстінде отырып, АЭС салмауды қисынға келмейді деумен қатар, алдағы уақытта еліміз электр энергиясы тапшылығына ұшырауы мүмкін деген де бар. Әрине, бұл, өте мұқият талдауды, таразылауды, сосын барып шешім қабылдауды қажет етеді.
Құрманғали Нұрғали, ҚР Журналистер одағының мүшесі
Фото: kazatomprom.kz
ПІКІРЛЕР